Биыл көктемде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеу жариялағаны белгілі. Айқын мақсаттар белгіленген үндеудің Шымкент қаласында орындалу барысы қай деңгейде? Парламент Мәжілісінің депуттары, «Қазақстан-2050» жалпы ұлттық қозғалысының өкілдері, Қазақстанның жоғары оқу орындарының қауымдастығының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, жергілікті мемлекеттік орган өкілдері, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер бас қосып, жақында осы мәселені қарастырды. Іс-шараға қатысушылар алдымен бірқатар әлеуметтік және іскерлік нысандарды аралады. Сапар басында делегация мүшелері Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттер үйіне барып, студенттерінің тұрмыс жағдайымен танысты. Университеттің бірінші проректоры Баршагүл Исабектің мәлімдемесіне сәйкес, университтете шамамен 3,5 мың студент оқиды, ал жатақхана қажеттілігі 200 адамды құрайды. Бұл көрсеткішке 500 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілуіне байланысты қол жетіп отыр. Студенттер үйінде оқу және компьютерлік бөлмелер бар, әр қабатта асхана және қажетті жабдықтармен жабдықталған асүйлер, әр бөлмеде жуыну бөлмесі және тоңазытқыш бар. Оқу орнының өкілі 8 гектар аумақта орналасқан студенттік кешенде тағы 20 жатақхана, сонымен қатар спорттық-тұрмыстық кешендер салу жоспарланғанын атап өтті.
Айта кетейік, Елбасы өз үндеуінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдың соңына дейін ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салуды тапсырған болатын.