Қай дәуірді алып қарасақ та, қоғамның тұтастығы мен дамуы еңбектің арқасында қалыптасады. Адал еңбек адам өмірінің мәні, рухани байлығының өлшемі. Ал өндіріс саласы соның ең жауапты әрі күрделі тармағы. Бұл салада әр минуттың, әр әрекеттің маңызы жоғары. Өнімнің сапасы мен өндірістің үздіксіз жүруі мыңдаған еңбек адамдарының күнделікті маңдай терінің жемісі. Сол жандардың бірі кәсібіне берілген, ұжымына қадірлі маман, өз ісінің нағыз шебері Ляйля Әлібекова.
Ляйля Әлібекова 1964 жылдың 15 қазанында ежелгі тарихы мен мәдениеті бай Тараз қаласында дүниеге келген. 1972 жылы мектеп табалдырығын аттаған ол жасынан білімге құштар, ізденімпаз, еңбекқор болып өсті. 1980 жылы орта мектепті үздік аяқтап, сол жылы-ақ Шымкент қаласындағы техникумға түсіп, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеруге кіріседі. Қажырлы еңбектің арқасында 1983 жылы оқу ордасын ойдағыдай тәмамдап, өмірінің жаңа кезеңін бастайды.
Алғашқы еңбек жолын туған қаласы Тараздағы «Химпром» химия зауытында бастау оның кәсіби тағдырындағы үлкен мектеп болды. Зауыттағы алғашқы жылдар Ляйля үшін үлкен өмірге бағыт сілтегендей еді. Өндіріс процесінің күрделі құрылымын меңгеріп, әрбір жұмыстың өз тәртібі мен жауапкершілігі бар екенін сол кезде сезінді. Сол жылдары ол тек мамандығын игеріп қана қоймай, нағыз өндіріс адамының мінезін қалыптастырды.
1988 жылы ол Шымкент қаласындағы МЖК кәсіпорнына ауысып, осында өз еңбегін жалғастырды. Алғашында дайындау цехында тасымалдау қызметін атқарып, әр тапсырманы тиянақтылықпен орындады. Қай істе де ұқыптылық пен дәлдікке мән берген оның еңбегі көп ұзамай бағаланды. Ұжым ішінде сенімге ие болып, еңбекқорлығының арқасында бригадир қызметіне дейін көтерілді.
Жылдар өте келе тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі шыңдалып, Ляйля Әлібекова смена шебері, одан соң аға шебер лауазымына дейін жетті. Бұл жетістік табандылық пен еңбектің, адалдық пен жауапкершіліктің нәтижесі. Қазір де ол өз ұжымында беделді басшы, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Жас буынға “еңбекпен жеткен жетістік қана мәңгілік” деген өмірлік қағиданы ұстанып, тәжірибесін бөлісіп келеді.
38 жылдық еңбек өтілі бір адамның өміріндегі тұтас тарих. Осы жылдар ішінде ол өз ісіне адал, ұжымына тірек, кәсібіне жанашыр тұлға болып қалыптасты. Таңның атысынан күннің батысына дейінгі тынымсыз еңбегі, өндірістегі ұқыптылығы мен сабырлылығы оның табыс сырының негізі.