Сарапшылар Шымкенттегі өзекті мәселелерді талқылады

 image.png  

    Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан үшінші мегаполисте халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы және өзге де салаларды дамыту бағытында ауқымды істер атқарылуда. Іскерлік, кәсіпкерлік, инвестициялық және туризмнің орталығына айналып келе жатқан Шымқалада тағы  қандай кезек күттірмейтін мәселелер бар? Қаланың дамуы мен экономикалық көрсеткіштерін қалай жетілдіреміз? Бұл сұрақтарға бүгін бас қосқан арнайы мамандар жауап іздеп көрді.  Шымкент қаласында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat ұлттық сараптамалық алаңының «Қазақстанның тұрақты өңірлік дамуы: цифрлық, экономикалық және әлеуметтік бағдарлар» тақырыбындағы отырысы өтті.

    Іс-шараның негізгі мақсаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған өңірлік саясаттың басым бағыттарын талқылау және олардың тиімді іске асырылу тетіктерін қарастыру болды. Сондай-ақ отырыста өңірлердің цифрлық трансформациясы, экономикалық өсімнің тұрақтылығы және әлеуметтік даму бағыттары кеңінен сөз болды. Сарапшылар өңірлік теңгерімді дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, нақты шешімдер мен ұсыныстар берді.

     Кездесу барысында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты  директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының, Қоғамдық кеңестің және өзге де сарапшылардың баяндамалары тыңдалды. «Негізгі мақсат – мәселелерді тыңдап, оны шешу  жолдарын қарастыру. Проблемалар жиынтығын жан-жақты зерттеп, соның негізінде жұмыс істеу",- дейді ҚР Президенті жанындағы  Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының   өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Амина Үрпекова. 

     Бүгінде цифрлық даму, халықты әлеуметтік қолдау және инфрақүрылымдық жобалар кез-келген өңірдің ілгерілеуіндегі  басты фактор. Қазақстанда өңірлерінің тұрақты дамуы  - елдің жалпы әлеуметтік, экономикалық дамуының негізі. Осы орайда Шымкентте өткен сараптамалық  жиында  өңірлік саясаттың тиімді тетіктері, цифрлық жүйені енгізу және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі жан-жақты талқыланды.  «Шымкент - республикадағы маңызды қала болғандықтан жасанды интеллектіні дамыту маңызды. Мысалы старт-ап жобалары, ІТ саласы, кадр мәселесі секілді салаларды жергілікті сарапшылармен талқылауды жөн көрдік. Неге? Себебі жергілікті сарапшылар жергілікті контекстті, жергілікті проблемаларды жақсы біледі. Сондықтан осы мамандармен түрлі тақырыптарды тақылап қана қоймай, ұсыныстарын ескеріп, оны жүзеге асырудың тетіктерін қарастырдық. Жиында ең бірінші Шымкенттің көршілес Өзбекстан мемлекетімен экономикалық сауда қарым-қатынасына қатысты мәселелер көтерілді. Бұл байланысты қалай реттеу керек, қалай дамыту керектігі талқыға түсті. Себебі Өзбекстан шекаралас мемлекет болғасын көршімен ынтымақтастықпен қатар сауда-саттықты да дамытқан жөн. Екіншіден, спорт саласын дамыту мәселесі де сөз болды. Әсіресе, спортқа жастарды қызықтыру, баулу жағы қаралды. Одан кейінгі маңызды мәселе ол қалада креативті индустрияны  дамыту. Осы креативті индустрияны дамыту арқылы шаһарда туризмді дамытуға болады. Сондай-ақ, өздеріңізде белгілі Шымкент қаласы республикадағы халық тығыз қоныстарған қала болып табылады. Осы халық тығыздығын, көші-қон саясатын реттеуге байланысты мамандар пікірлерін ортаға салды. Іс-шарада  білім саласын дамыту оның ішінде цифрлық, қаржылық сауаттылықты арттырудың жолдары да  талқыланып, түрлі пікірлер айтылды»,- дейді ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина.

     Дөңгелек үстелге қатысушылардың әрқайсысы тақырыпқа тұздық болар пікір айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.  Бірқатар мәселелер көтерілді. «Қазіргі таңда әйелдердің көшбасшылығын институционалды түрде дамыту керек. Яғни жоғары билік органнан арнайы реформа болу қажет. Бұл менің бірінші ұсынысым. Екінші ұсынысым: өңірлерде әйелдердің саяси сауаттылығын арттыру мәселесі. Үшіншіден, бұқаралық ақпарат өкілдеріне көшбасшы, белсенді әйелдерді көбірек көрсетсе, насихаттаса деген ұсынысым бар. Себебі осындай қайсар әйелдерден жастар үлгі алып, олар өзгелерге тәлімгер болса деймін. Және де биліктің басында сайлау болған кезде әйелдер жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тиесілі  30 пайыздық квота шеңберінде ғана қалып кетпей, нәзік жандыларға таза 30 пайыз квота бұйырса деген үлкен ұсынысым бар»,- деді «Балаларды ЖИТС-тен қорғау» қайырымдылыұ қорының президенті Жанетта Жазықбаева. 

     Жыинда ұстаздар да ойын ортаға салды.  «Президент жанындағы зерттеу институты осы өңірдегі сарапшылармен, басшылармен, бизнес өкілдерімен кездесіп, жергілікті пікірді білуде. Біз  Жолдаудың кейбір тұстарымен қаншалықты келісеміз? Жолдауға байланысты  осы жиында өз ұсыныстарымызды беріп жатырмыз»,- дейді М.Әуезов университетінің аға оқытушысы Жандос Сәрсенбеков. 

    Жиын соңында қатысушылар өңірлік саясатты одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұсыныстар пакетін әзірледі. Шаһарда ұйымдастырылған бұл кездесу еліміздің тұрақты өңірлік дамуына серпін беретін маңызды сараптамалық алаң ретінде бағаланды.

    Бұл жиын тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жергілікті жердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты диалог алаңы. Мамандар жиын қорытындысы бойынша қабылданған ұсыныстар келешекте өңірлік даму стетегиясына енгізіледі деген сенімде. 

    Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыттарды зерттейді. Бұған дейін Ақмола мен Абай облыстарында жиын жасап, өңірлік даму жолдарын зерделеген. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сарапшылар Шымкенттегі өзекті мәселелерді талқылады
  • Славный путь офицера
  • Шымкентте Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
  • В Шымкенте прошли торжественные мероприятия, посвящённые Дню Республики Казахстан
  • Шымкентской молодежи помогают с трудоустройством
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер