Еңбек әулеті – ұрпаққа үлгі

image.png     

     Адамзат баласын бір-бірінен ерекшелеп, екшеп тұрған –  білім мен еңбек.  Сондықтан да қоғамда еңбек адамына деген құрмет ерекше болмақ.  Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады,- деген болатын.

       Шымкент қаласында  еңбегімен  елге етене таныс әулет бар.  Олар өмірін  отандық мұнай өңдеу саласына арнап келеді.  Бұл -  Абдурахмановтар әулеті. Олардың жалпы еңбек өтілі 83 жылды құрайды. Әулет үш буынды біріктіреді, олардың тағдыры «ПетроҚазақстан Ойл Продакс» серіктестігімен тығыз байланысты. Әулеттің негізін қалаушы – Абдурахманов Мадали Холматұлы.

     Әулеттің еңбек жолы 1988 жылдың қазан айында Мадали Холматұлының политехникалық институтты аяқтап, баяулатылған кокс өндіру қондырғысына оператор болып орналасуынан басталды. 37 жыл ішінде ол білікті маман әрі өндіріс тиімділігін арттыруға, еңбек жағдайы мен жұмыс қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған ұтымды ұсыныстар енгізген жаңашыл ретінде танылды. Бүгінде ол коммерциялық департаменттің тауар-көліктік басқармасында тауар операторларының 6-разрядты бригадирі қызметін атқарады. «Жұмысшыларды қадірлеу керек. Себебі алып, ірі зауыт, кәсіпорындардың жұмысы қарапайым  жұмысшылардың еңбегінен басталады. Мемлекеттің дамуына үлес қосып келе жатқан осы жұмысшы мамандар деп есептеймін. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ осы мамандықты таңдап, біздің жұмысымызды жалғастыра екен деп ойлаймын. Әр азамат еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосса біз бұдан да биік белестерді бағындырамыз»,- дейді Мадали Холматұлы.

    Әулеттің тірегі және зауыттың сенімді маманы – Дарменова Бағдагүл Елеуқызы. Жолдасынан екі жыл бұрын, 1986 жылдың маусым айында, зауытқа Бағдагүл Елеуқызы жұмысқа қабылданған. Ол еңбек жолын химиялық талдау зертханашысынан бастап, бүгінде заводтық су-ауа бақылау зертханасының 5-разрядты лаборанты қызметін атқарады. Сонымен қатар, ол  «ПетроҚазақстан Ойл Продакс» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрайымы ретінде қоғамдық жұмыстарды да табысты атқарып келеді.

     Әулеттің жалғастырушысы – Абдурахманов Асылбек Мадалиұлы. Әулеттің үшінші өкілі, ұлы Асылбек Мадалиұлы, ата-анасының жолын жалғастырып, 2018 жылдың қазан айында зауытқа 3-разрядты тауар операторы болып жұмысқа орналасты. Іскерлігі мен табандылығының арқасында ол қысқа уақыт ішінде көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп, аға экономист пен жарық мұнай өнімдерінің резервуарлық парктері бастығының міндетін атқарды. 2023 және 2024 жылдары «Кәсібі бойынша үздік» байқауына қатысып, 2-орынды иеленді. Бүгінде ол тауар-шикізат цехындағы жарық мұнай өнімдерінің резервуарлық парктерінде 6-разрядты аға оператор-бригадир болып еңбек етеді. Өзінің терең теориялық білімін, тәжірибелік дағдыларын және ұжымдық көшбасшылық қабілетін дәлелдеп жүр.

     Абдурахмановтар әулеті – адалдықтың, кәсібиліктің және еңбек абыройының айқын үлгісі. Олардың еңбек жолы – бір кәсіп, бір зауыт және бір мақсатпен үш буынды біріктірген тарих. Бұл әулет Қазақстанның мұнай өнеркәсібін дамытуға сүбелі үлес қосып келеді.

      Еңбек адамы – отбасының шамшырағы, мемлекеттің қуат күші. Еңбекқор адам – тәртіп пен табандылықтың белгісі. Мұндай азаматтар жастарға үлгі, қоғамға сенім ұялатады. Қызметіне қарамай, кез келген адамның еңбегін бағалау – әділетті қоғамның басты көрсеткіші. Құрметке ие болған еңбеккер өз ісіне одан әрі ынталанып, кәсібилігін арттыруға тырысады. Адамның жасампаз еңбекке адалдығы – оның отбасының мақтанышы, мәртебесі. Кез келген отбасының сенімді тірегі – өзінің еңбегімен, шеберлігімен байлықты қамтамасыз ете алатын, балаларға үлгі бола алатын, аға ұрпаққа қолдау көрсете алатын адам. Адал, еңбекқор адам лайықты мұра құрып қана қоймай, кәсібіне қарамастан кез келген еңбек құрметтелетін қоғамды нығайтады. Қарапайым жұмысшылардың арқасында өнеркәсіп пен өндіріс дамып, ел экономикасы күшейе түседі.

     Еліміздің байлығы, негізі табыс көзі қара алтынды игеруге ат салысып жүрген әулет мүшелері салалық және мемлекеттік деңгейде Құрмет грамоталарына, «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медаліне және «Еңбек озаты» марапатына ие болған. Бұл марапаттар олардың тынымсыз еңбегінің дәлелі. Абдурахмановтар әулеті – ұрпақтар сабақтастығы мен еңбек даңқын ұлықтаудың жарқын үлгісі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Еңбекші ауданының сала үздіктері марапатталды
  • Еңбек әулеті – ұрпаққа үлгі
  • Шымкентте құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жаңа зауыт салынады
  • Жасанды интеллект – бәсекеге қабілетті ел болудың кепілі
  • Сарапшылар Шымкенттегі өзекті мәселелерді талқылады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер