Қаладағы су станциялары жаңартылуда

image.png

     Коммуналдық қызметінің қашанда сапалы болуы маңызды. Себебі халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігі осы саламен тығыз байланысты.  Әсіресе, тіршіліктің көзі судың тұрғындарға дер кезінде жеткізілуі және сапалы болуы шарт. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында су және канализация саласында қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар бар? Бұл туралы Су құбыры және канализация басқармасының мамандары   баспасөз турында баяндап берді. 

    Баспасөз турында инвестициялық бағдарламаның орындалу нәтижесі көрсетілді. Сәуле станциясындағы құрылғылар жаңартылып, қуаттылығы сағатына 100 текше метрден 150 текше метрге дейін артқан. Өйткені шағынаудандағы халық саны еселеп өсіп, тіршілік көзіне деген қажеттілік артқан.

     Айта кету керек, бұл іс-шара Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігінің бірлескен шешімі негізінде бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуына арналды. Бағдарламаның жалпы құны 750 248,994 мың теңгені құраса, соның 110 051,862 мың теңгесі биылға жоспарланған. Бағдарлама шеңберінде Шымкент қаласының су құбыры және кәріз жүйелерін қайта құру мен жаңғырту көзделген. Қала халқының жыл сайын көбеюі, жаңа шағын аудандардың пайда болуы және тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған тұтынушылар санын арттырған. Осыған байланысты ауыз сумен қамтудың сенімділігін арттыру, су өткізу қуатын көбейту және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

     Бақылау-өткізу пункттері жаңартылып, ВС-1 және ВС-2 сорғы стансаларының қоршаулары қалпына келтірілді. Қаладағы өрт гидранттары ауыстырылып, әртүрлі диаметрдегі жаңа су құбыры желілері тартылған. Сонымен қатар, «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су тарту құрылғыларындағы бақылау-өткізу пункттері мен ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, қоршаулар жаңартылды. Достық су тарту құрылғысының периметрі бойынша да қоршаулар қалпына келтірілген екен. 

     Биыл Шанырақ және Ұлағат шағын аудандарындағы сорғы стансаларының насос жабдықтары жаңартылып отыр. Исраилов және Далабазар көшелеріндегі диаметрі 40-75 миллиметр аралығындағы су құбыры желілері толық ауыстырылған. Сондай-ақ Екінші көтергіш сорғы стансасының және «Забадам» қосалқы стансасының 10 кВ электротехникалық жабдықтары жаңартылып, баптау жұмыстары жүргізілді. Су құбыры желілерін тарту кезінде заманауи горизонталды бағытталған бұрғылау әдісі қолданылыпты. Бозарық, Самал-3, Асар-2 және Жиделі шағын аудандарында да ірі жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бозарықта су тарату түйіндері мен құбырлар ауыстырылса, Самал-3-те диаметрі 40 миллиметрлік су желісі жаңартылған. Асар-2-де 630 миллиметрлік құбырдан 450 миллиметрлік жүйеге ауысу жүзеге асса, Жиделі аумағында диаметрі 500 миллиметрлік құбырдан 160 миллиметрлік су желісіне ауысу және құдық орнату жұмыстары атқарылған.

      Кәріз жүйесін жаңарту бағытында да елеулі жұмыстар жүргізілгені белгілі болып отыр. Тұран-2 шағын ауданындағы кәріз желісі ауыстырылып, «Нұрсат» кәріз сорғы стансасы самотекті жүйеге қосылды. Қайтпас-1 шағын ауданындағы Қахарман, Әлібеков және Жұмағұлов көшелерінде жаңа кәріз желілері тартылыпты. Сонымен қатар, кәсіпорын қажеттіліктеріне орай басқару шкафтары, түрлі маркадағы сорғылар, генераторлар және кеңсе техникасы 113 496,647 мың теңгеге сатып алынған.

      Былтыр жыл басында кәсіпорын балансына 17 миллиард теңге көлемінде жаңа нысандар қабылдануына байланысты инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы ұлғайыпты. Бұл амортизациялық аударымдардың артуына және бағдарламаның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берген. Нәтижесінде, су жүйелеріндегі нормативтік ысырап деңгейі 8,65 пайыздан 8,44 пайызға дейін төмендесе, ал апаттар саны былтырмен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Су тасымалдау қызметіндегі тозу деңгейі 4,6 пайыздан 4,55 пайызға, ал сарқынды суды бұру жүйесіндегі тозу деңгейі 4,7 пайыздан 4,65 пайызға дейін төмендеген. 

      Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Қанағат Қоңыраттың айтуынша, бұл іс-шара Шымкент қалалық «Су құбыры және канализация басқармасы» кәсіпорнының биылға арналған инвестициялық бағдарламасының орындалуына арналған баспасөз туры. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысын ашық түрде көрсету және оның сапасына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуді мақсат еткен. Биылға арналған бағдарлама аясында шамамен 110 миллион теңге қаражат қарастырылған. Соның ішінде тек бір насос стансасын жаңғыртуға 10 миллион теңге бөлінген. «Жалпы, бағдарлама шеңберінде жүзден астам іс-шара жоспарланған, солардың барлығы су жүйелерін жаңарту мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бүгін біз сол жұмыстардың орындалу барысын өз көзімізбен көрдік. Ескі насос жүйелері толық ауыстырылып, жаңа жабдықтар орнатылған. Жалпы алғанда, жұмыстардың сапасына оң баға беруге болады. Бағдарламаның орындалуы мен тиімділігі 2026 жылы арнайы сараптама арқылы бағаланатын болады», деді ол.

      Ал Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Бағдат Сырлыбайұлы өз сөзінде кәсіпорынның 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуы 99 пайызға жетіп отыр. Биыл төрт ірі су алу және тарату нысанын жаңғырту қолға алынған. «Су көтеру қуатын екі есеге арттыру және нысандарды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіруге көңіл бөліп отырмыз. Осы мақсатта бейнебақылау жүйелері орнатылып, кіру мен шығу тәртібі күшейтілді. Сонымен қатар, шығындарды азайту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұрын суды айдауға насос стансалары пайдаланылса, бүгінде төрт кәріз стансасы өз ағынымен жұмыс істейтін жүйеге көшірілді. Бұл электр энергиясын үнемдеуге және жабдықтарға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Өз ағынымен жұмыс істейтін жүйе 4-5 жыл ішінде толық ақталады», деп атап өтті ол. Оның айтуынша, бұл жаңғырту шаралары тек энергия тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың шағымдарын азайтуға да ықпал етпек. Бұрын электр қуаты үзіліп қалғанда судың тоқтауы немесе аулаларға су тасуы сияқты мәселелер жиі болатын. Енді мұндай жағдайлар барынша азаймақ. Құрылғыларды жаңартудан бөлек, ішкі жолдарды асфальттап, жарық шамдар орнатылды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған сөзінен: ел дамуының жаңа белесі
  • Президент: «2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті»
  • «Бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады»
  • Болашақтың кәсіби таңдауы мектептен басталады
  • РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР АРАСЫНДА “КҮЗГІ КРОСС” ӨТТІ
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер