Жауапкершілік пен белсенділік – қоғам дамуының кепілі

image.png

     Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі — азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру және қоғамдағы масылдық көзқарастан арылу. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, әрбір азамат өз еңбегімен ел дамуына үлес қосуы қажет.

     Масылдық психология – адамның өз өміріне жауапкершілікті мойнына алмауы, мемлекет немесе өзгелер тарапынан үнемі көмек күтумен шектелуі. Мұндай көзқарас қоғамның экономикалық белсенділігін әлсіретіп, еңбекке деген ынтаны төмендетеді.

     Патернализм – мемлекеттен немесе басшылардан барлық мәселені шешуді күтетін көзқарас. Бұл — азаматтық белсенділіктің төмендеуіне, бастамашылдықтың азаюына әкелетін құбылыс. Қазіргі қоғамда әрбір адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өз өмірін жақсартуға ұмтылуы – өркениетті елдің белгісі. Патерналистік көңіл-күйді төмендетудің ең тиімді жолы – еңбек мәдениетін қалыптастыру, кәсіпкерлікті дамыту, білім мен дағдыны арттыру. Мемлекет мұндай мүмкіндікті ұсынып отыр, ал оны тиімді пайдалану – азаматтың жеке таңдауы.

    Масылдықты жою мен патерналистік көзқарасты азайту – тек мемлекеттік саясаттың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір отбасы, әрбір азамат еңбек құндылығын бағалап, өз ісінің нәтижесіне жауапкершілікпен қарауы керек. Тек сонда ғана біз белсенді, еңбекқор, өз өмірінің иесі бола алатын қоғам құра аламыз. Елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсімі әр азаматтың белсенді қатысуына байланысты.

     Масылдық пен патернализм – қоғамның даму қарқынын тежейтін құбылыстар. Ал еңбекқорлық, азаматтық жауапкершілік және өзін-өзі дамыту – жаңа Қазақстанның басты құндылықтары болуы тиіс деп есептейді мамандар.

image.png

     «Еліміздің әлеуметтік көмек беру жүйесінде көптеген проблемалардың бар екенін соңғы жағдайлардан бағамдауға болады. Сенатта мәслихат төрағаларының тыңдауы кезінде мен бұл мәселені көтерген едім. Әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылардың жайын айтып кезінде Үкіметке хат та жазғанбыз. Қазақстан - унитарлы мемлекет. Біз үшін барлық қазақстандықтардың құқығы тең, барлық өңірге бірдей қараймыз. Сол секілді заң мен тәртіп барша халыққа ортақ. Соған қарамастан кейбір төлемдер әр жерде  әртүрлі төленіп жүр. Мысалы Чернобыль апатына қатысқандарға 100 мың шамасында әлеуметтік қаржы төленсе, кейбір өңірлерде бұл 60 мың теңгені құрайды. Әрине 60 мың теңге алып отырғандар көбірек алатындарға қарап «біздің қай жеріміз кем, біз неге 100 мың алмаймыз?» деген ой келеді. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шектен шыққан әлеуметтік төлемдер жайлы қадап айтты емес пе? Президент еліміздің әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап отырғанын, медициналық қызмет көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етіп, КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын "жасарып", көбейіп бара жатқанын меңзеді. Ел ішінде   әлеуметтік жағдайы бола тұра бала санының көп болуына байланысты жәрдемақы алуы,  грантқа түсудегі көмекті алуы, денсаулығына байланысты көрсетілетін жәрдемдерді пайдаланып отырған азаматтар бар. Яғни жалған мұқтаждар көбейді. Бұл біздің құндылықтарымызға да сын деген сөз. Қазақ еш уақытта масыл болған ел емес еді. Қазақ еш уақытта көшеде қайыр сұрап, біреуге алақан жайған халық емес еді. Қазақтың намысы, қайсарлығы, еңсесін түсірмейтіндігі, жігерлігі,  қиын жағдайда төтеп бере алатын қасиеті тарихта қалған ұлт емес пе? Алайда қазіргі таңда әртүрлі ақпараттардың әсерінен болуы мүмкін осындай рухани дүниемізге сын түсіп жатыр. Бірінші кезекте міне, осы мәселеге  мән беріп, күресуіміз керек.  Әлеуметтік төлемдер азаматтарды өмірлік қиын сәттен шығарып, қайтадан еңбекке, өз табысын табуға ынталандыруға бағытталған. Бірақ кей жағдайда бұл қолдау масылдыққа әкеліп соғатыны жасырын емес. Сондықтан жастардың санасына «әлеуметтік көмек – өмірлік кіріс емес, қиындықты еңсерудің жолы» деген түсінік сіңуі тиіс. Жоғары білім беру саласында да олқылықтар жоқ емес бар. Біздің басты мақсатымыз еңбек нарығына қабілетті азаматтарды тәрбиелеп шығару. Бірақ өкінішке қарай білім берудегі кейбір қателіктердің салдарынан мектепте де, жоғарғы оқу орнында да еңбекті сүйетін, еңбекке, бәсекеге қабілетті азаматтарды даярлап шығару жағы әлсіз болып тұр.  Сондықтан жастарымызды бала кезден еңбекке баулып, өмірде адал еңбек ететін азаматтардың құндылығын саналарына сіңіруіміз керек. Масылдық, жеңіл жолмен ақша табу деген сана қазір біздің қоғамда орнығып қалу қаупі бар. Осындай теріс сананы қанымызға сіңдірмеуге күш салумыз қажет.  Әлеуметтік төлемдер мүлдем тоқталсын демейміз. Тек мұндай көмектер шынайы мұқтаж отбасыларға, азаматтарға көрсетілсе дейміз.  Мемлекет әлеуметтік көмекті қысқартып, пайда көрейін деп отырған жоқ. Басты мақсат масылдықты жою. Жұмыс істегеннен гөрі әлеуметтік көмек алып отыру тиімді болатын болса, әрине, адам дамымайды. Жұмыс іздемейді де, істемейді де. Сол себепті әлеуметтік көмек берудің тетіктерін қайта жасап, адалдық, әділдік орнатқан жөн»,- дейді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Бахадыр Нарымбетов.

         Жеңіл өмірге үйрену отбасылық тәрбиден басталады, кейін ол мінезге ұласады. Сондықтан да бала шақтан болашақты ойлау аса маңызды, - дейді   мамандар. Мемлекет әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға нақты көмек көрсетуді жалғастыра отырып, еңбек етуге ынталандыратын жаңа тетіктерді енгізуде. Масылдық психологиядан арылып, еңбек пен жауапкершілікті жоғары қою – қоғам дамуының негізгі шарты.

image.png

     «Егемен елімізде азаматтарға әлеуметтік көмектің көрсетіліп отырғандығы қуантады. Алайда  мемлекеттің халыққа жасап отырған қамқорлығын көп азаматтарымыз теріс түсініп, масылдыққа бой алдыруда. Тұрғындардың санасында «мемлекет бізге беруі керек, әкімшілік бізге көмектесуі тиіс» деген теріс пікір  қалыптасып жатыр. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген керемет сөз бар. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қаржылай және материалдық көмектен гөрі жұмыс орындарын тауып берсек сол тиімді болады деп есептеймін. Масылдықты, патерналистік көңіл-күйді төмендету үшін оқушыларға мектеп қабырғасында ілім, ғылымды үйретіп, мамандық алып шығуға баулуымыз қажет. Президент қазір жасанды интеллектіні дамытуды тапсырды. Міне, осындай жаңашылдыққа балаларды жастайынан үйретсек, «бер» деп сұрайтын азаматтардың санын азайтамыз. Жастардың санасында «мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не бере аламын?» деген ой болу керек. Түптеп келгенде масылдықпен күресу тәрбиеге келіп тірелуде. Балаларға отаншылдық, патриоттық рухта тәрбие беру маңызды. Жас бала әрбір азаматқа, ауылына, туған жеріне, еліне жаны ашитын болса нағыз еңбекқор азамат болып өседі. Қазір жастар үшін мүмкіншілік өте көп. Сол мүмкіндікті жастар дұрыс қолдана алса экономикамыздың дамуына,  әлеуметтік жағдайдың өсіне жол ашар еді»,- дейді Қазақстан Халқы Асамблеясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Тахирбек Нышанбаев. Оның ойынша  халықтың әлеуметтік көмекке үйір болып кетуіне  қаржылық сауатсыздық та кесірін тигізуде. «Несие алудан алдын адамда қаржылық сауаттылық болу керек. Азаматтарымыздың арасында қаржылық сауатсыздық көп. Бізде адамдар несие алса ақшаны  тегін беріп жатқандай,  сый-сыяпат ретінде қабылдайды. Алған қаржыны тиімді басқара алмағандықтан көп  ұзамай несиені төлей алмай отырады. Тығырықтан шығу үшін  басқа банктен тағы да  несие алып, қарызды қарыз алып жабады. Осылайша ол  қарызға кіріп кеткенін байқамай қалады. Сөйтіп соңында мемлекетке  «қарызымды жауып бер» деп отырады. Кезінде Президент  қанша адамның қарызын осылай жауып берді. Егер біз осылай адамдардың қарызын жауып, ақша беріп, үйрете берсек халық жаппай жалқауланып кетеді. Қарызға батқан адам жалақысы аз жұмысқа барғысы келмей оңай әрі тез ақша табудың жолын іздестіре бастайды. Мемлекеттен беріліп жатқан көмектерді алуға ұмтылады. Байқасаңыздар қазір жастарымыз ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы секілді қиын жұмыстарға барып жатқан жоқ. Мысалы бізге тракторшылар, механизоторлар жетіспейді. Жастар оңай жұмысты қалайды, жанын қинағысы келмейді. Физикалық күшті талап ететін жұмыстарға жоламайды. Олардың қалауы бір офисте немесе үйде отырып-ақ  көп ақша табу. Ал олар оңай жерде нан жоқ екенін, тегін дүниенің болмайтынын, кез-келген нәрсенің қайтарымы болуы тиіс екенін біле ме?  Міне, осы құндылықтарды балаларға жастайынан ұғындырғанымыз жөн. Жастарды жұмысшы мамандықтарға баулу бүгінгі күннің өзекті мәселесі.  Ата-бабаларымыз еңбекпен өсіп, көгерген. Осы секілді ұлттық құндылықтарды балаларға түсіндіру, насихаттау  жұмыстарын жүргізіп,  идеологияға мән беру арқылы ғана масылдық психологиясын жеңе аламыз. Баланы еңбекке баулуды бала-бақшадан бастау қажет. Жапонияда балабақшада балаларға жұмысшы мамандықтардың маңызын, олардың немен айналысатынын, өз елінде өндіріліп жатқан өнімдердің қалай жасалатынын, оларды кімдер жасайтынына дейін үйретеді екен. Осындай тәжірибені бізде неге қолданбасқа? Президенттің тапсырмасынан кейін қоғамда сең қозғала бастады. Еңбек адамы, жұмысшы мамандықтар туралы көп айтылып, жазылып жүр. Осы қарқынымыздан танбасақ еңбекқорлық, адалдық басты орынға шығып, масылдық, жемқорлық жойылады деген сенімдемін»,- дейді  Тахирбек Нышанбаев.

     Сарапшылардың тұжырым­да­уынша, әлеуметтік саясаттың масыл­дыққа соқтыруы дамыған елдерге де зиян-зардап әкелуде. Бүгінде еуро­палық елдер ішіндегі ең дәулеттісі саналатын Ұлыбританияда 1975 жылы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, халықтың билікке қарсы шығуының алдын алу үшін Спинхемленд заңы қабылданған. Ол заң билікті өзгермелі шкала бойынша табысы аз кедейлердің жалақысына белгілі бір сома қосып отыруға міндеттеді. Бұл жаппай масылдық тудырып, ХХ ғасыр соңына қарай ағылшындар елінде экономи­калық құлдырауға, бұқараның жаппай қайыршылануына, өндірістің ең төменгі деңгейге дейін құлауына соқтырды. Еңбек нарығы күйреп, еңбекақы күнкөріс шегінен төмен түсіп кетті. Толыққанды жұмысшылар ақыры «пауперге» (pauper – аз қамтыл­ған, тақыр кедей) айналдырды. Ұлы­британия әлгі «ізгі» заңның салдар­ы­мен 40 жылдай күрескен.

    Испанияда да әлеуметтік жүйе жұмыссыз адамға орташа жалақының 70 пайызынан жоғары көлемде жәрдемақы төленуін кепілдендіреді. Ал екі қолға бір күрек іздеген испандықтарға ұсы­нылған қызметтерден еш шектеусіз бас тарта беруге рұқсат етіледі. Салдарынан, бұл елде жастардың 36 пайызы білімі мен білігі бола тұра, жұмыс жасаудан бас тартады. Жас испандықтар жұмыс­сыздық жәрдемақысын місе тұтып, өз өмірін ретке келтіруге асықпайды: көпшілігінде 30-35 жасқа дейін ата-анасының қолында тұра береді. Кесі­рінен, Испанияда некеге отырушылар саны жыл сайын кемуде. Мұндай мысалдар әлемнің өзге де мемлекеттерінде көптеп кездеседі. Бұл көрсетілген фактілерден шығатын қорытынды біреу-ақ. Ол масылдықтың ұлт­тың деградацияға ұшырауына түрткі болатыны, алға басқан мемлекетті кері тартатыны және масылдықты жою ондаған, жүздеген жылдарға созылатындығы. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркен­деуді өрісті етудің шарты болмақ.

    Адал еңбекке ынта­ландырудың жүйе­сін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі.   Әлемнің әміршісі – еңбек! Бұл – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін талассыз шындық! Атам заманнан  солай. Ең бастысы осы сөздің қадір-қасиетін арзандатып алмайық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенте торжественно отметили День Республики и 35-летие Декларации о государственном суверенитете
  • Шымкентте Республика күні мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтт
  • «Нужно ценить каждую минуту на свободе»:
  • Есірткі қылмысы үшін сотталған қыз өкінішін айтты
  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЕҢБЕК ӘУЛЕТТЕРІ МЕН ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер