Шаһарда дәретхана қағазын өндіретін зауыт бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Ал шындығында, бұл өндіріс орны Шымкенттің индустриялық аймағындағы ерекше серпін берген жобалардың бірі. Ол картонның ПКС маркасын және тұрмыстық қағаз түрлерін шығаратын «БумПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыт ішіне кірген сәттен-ақ өндіріс ырғағы мен қағаз иісі сезіледі. Мұнда жұмысшылар әр станоктың қасында өз ісіне ұқыптылықпен қарап, өндіріс желісін тоқтатпайды. Шикізат бірнеше өңдеуден өтіп, жұмсақ әрі сапалы қағазға айналады.
«БумПром» зауытының өндірістік қуаты тәулігіне 50 тоннаға дейін жетеді. Мұнда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шығарылатын картон мен тұрмыстық қағаз түрлері ішкі нарыққа жөнелтіліп, тұрғындардың күнделікті қажетіне жарап отыр.
Мұндағы жұмыс жүйесі жоғары технологияға негізделген. Әрбір қағаз орамы мен картон парағы қатаң сапа бақылауынан өтеді. Кәсіпорын өнімдері экологиялық тұрғыдан таза әрі тиімді, бұл өз кезегінде табиғатты қорғау ісіне де үлес қосады.
«БумПром» тек қағаз өндіріп қана қоймай, импортты алмастыру ісінде де маңызды рөл атқарып отыр. Бұрын шетелден жеткізілетін өнім түрлері енді жергілікті жерде дайындалады. Бұл – отандық кәсіпорынның дамып келе жатқанының айқын дәлелі.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жабдықтар орнату және экспорт бағытын жолға қою жоспарланған. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қала экономикасының серпінді дамуына жол ашады.
Мұндай жобалардың жүзеге асуы – Шымкенттің индустриялық әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік бағыттағы мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Қарапайым қағаздың артында үлкен еңбек пен табандылық жатыр. Осындай өндіріс ошақтары көбейген сайын шаһардың да экономикалық келбеті нығая түсетіні анық.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш өндіріс орнына қала басшысы Ғабит Сыздықбеков арнайы барып зауыт жұмысымен танысып, өндіріс барысын көзбен көрді. Әкім индустрия мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді, сондай-ақ жергілікті өнім өндірушілерді қолдау мен насихаттауды тапсырған болатын.
Шымкент бүгінде іскерлік пен еңбектің ордасына айналып келеді. Сол ілгерілеудің нақты мысалы – «БумПром» зауыты. Қағаздан қажыр, картоннан кәсіп тауып отырған бұл өндіріс орны – ел экономикасының тірегі, еңбек адамдарының ерен еңбегінің айғағы.
