
Жаздың аптап ыстығы Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарының демалысын қауіпсіз әрі жайлы өткізу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды шаралар атқарды. Бұл туралы азаматтық қорғау капитаны Шәріп Асқар брифинг барысында хабарлады.
Капитан Асқардың айтуынша, су айдындарындағы қауіпсіздік – ТЖД-ның басты міндеті. Қала климатының ерекшеліктерін ескере отырып, қайғылы оқиғалардың алдын алу шаралары сәуір айынан бастап белсенді түрде жүзеге асырылған. Департамент жергілікті атқарушы органдармен, полиция және әскери бөлімдермен бірлесе отырып, жазғы шомылу маусымына толық дайындықты қамтамасыз еткен.
Шомылу маусымында қауіпсіздік мәселесі Шымкент қаласы ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысында қаралып, нақты тапсырмалар берілген. Сонымен қатар, қала әкімінің қаулысына сәйкес, шомылу кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспарға ТЖД, Полиция департаменттері, Білім басқармасы, ҚР Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімі және Жастар ресурстық орталығы кірді.
Қала әкімінің шешімімен шомылуға рұқсат етілген ресми орындар айқындалды: Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник», Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» және Қошқар ата өзенінің бастауы. Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 13 орынға 200 арнайы тақтайша орнатылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға көп.
Брифингте айтылғандай, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілген. Жабдықталмаған жағажайлар, аквасаябақтар мен бассейндерде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында интерактивті сабақтар өткізілген, 52 мыңнан астам оқушы қамтылған. Мектептерде стендтер орнатылып, әлеуметтік желілер арқылы ата-аналарға ескертулер мен бейнероликтер жеткізілді.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы 1400-ден астам балаға қауіпсіз шомылу мүмкіндігі жасалған. Жедел құтқару жасағының қызметкерлерімен сүңгуірлік және судағы қауіпсіздік ережелері толық түсіндірілген. Рейд барысында суда қауіпсіздік ережелерін бұзған 6 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 165 мың теңге айыппұл салынған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен LED экрандар арқылы бейнероликтер көрсетіліп, 112 қызметі арқылы күнделікті ескертулер жіберілген.
Дегенмен, капитан Асқар проблемалық мәселелерді де атап өтті: кейбір тұрғындар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, балаларды қараусыз қалдырады, ал демалыс аймақтарындағы су аттракциондары жағажайға жақын орналасқан деді. Осыған байланысты департамент арнайы ұсыныс жасапты.
