Шымкентте эпидемиологиялық жағдайға байланысты кешенді шаралар жүргізілуде

image.png

Шымкент қаласында соңғы апталарда жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмау деректері жиілеп, эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Осыған байланысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсету бағытында жедел шаралар қабылдануда.Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифингте баяндады. Қазіргі таңда мегаполисте 60 емхана алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Оның 14-і – мемлекеттік, 46-сы – жекеменшік нысан. Науқастар санының көбеюіне байланысты тәулік бойғы стационарлық ем «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында» ұйымдастырылған.

Аталған аурухана жалпы 360 төсек-орынмен жабдықталған: оның 210-ы балаларға, 150-і ересектерге арналған. Эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, балалар төсек-орны 300-ге дейін көбейтіліп, ересектерге арналған орын 60-қа қысқартылған.

22 қазан таңындағы дерекке сүйенсек, ауруханада 411 науқас ем қабылдауда, олардың 307-сі балалар. Оның ішінде 111-і 1 жасқа дейінгі, 132-сі 1–5 жас аралығында, 55-і 6–14 жастағы, 9-ы 15–17 жас аралығындағы балалар. Ал 25 ересек емделіп жатыр, олардың ішінде 11 жүкті әйел бар. Соңғы тәулікте аурухананың қабылдау бөліміне 251 адам келген, оның 199-ы балалар. Бұл – қаладағы инфекциялық аурулардың басым бөлігі балалар арасында таралып жатқанын көрсетеді.

Денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауда ұстап, келесі нақты шараларды жүзеге асыруда:

- бөлімдерде қызметкерлерге арналған кабинеттерді палаталарға бейімдеп, қосымша 20 төсек-орын ашқан;

- «Үй жағдайындағы стационар» жүйесі енгізіліп, емханалар деңгейінде аулаларды аралау жұмыстары күшейтілген;

- ауруханада әкімшілік қызметкерлердің қатысуымен түнгі кезекшілік ұйымдастырылған;

- ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу мақсатында жадынамалар мен түсіндірме парақшалары барлық медицина ұйымдарына таратылған;

- тұрғындарға арналған ақпараттық-түсіндіру шаралары белсенді жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қалалық балалар ауруханасында 20, ал №14 емдеу орталығында 40 төсек-орын ашылып, қосымша дәрігерлер мен мейірбикелердің кезекшілігі ұйымдастырылған екен. Барлық емдеу мекемелері дәрі-дәрмек қорымен толық қамтамасыз етілген.

Қала бойынша тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасының 150 мың дозасы сатып алынып, 22 қыркүйектен бастап егу жұмыстары басталған. 22 қазанға дейін 95 578 адам вакцина алған, олардың ішінде 21 970 бала, 5 323 жүкті әйел және 10 302 медицина қызметкері бар. Басқарма мамандары тұрғындарды тек тұмауға қарсы емес, сонымен қатар қызылша, гепатит және өзге инфекцияларға қарсы жоспарлы екпелерді уақытында алуға шақырады. Қалалық вакцинамен қамту деңгейі бүгінде 97,1 пайызға жеткен.

Мамандар ауа райының суытуымен бірге улы газбен улану және жарақат алу жағдайларының да арту қаупі бар екенін ескертеді. Улану жағдайларында көмек Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының 25 төсек-орынды токсикологиялық бөлімшесінде көрсетіледі. Биылғы жылы көміртегі тотығымен уланудың 304 жағдайы тіркелген. 2023 жылы мұндай жағдай 734 рет болған еді. Дәрігерлер пеш пен газ жабдықтарын дұрыс пайдалану қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін еске салады.

Шымкент қаласы әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы бұл бағыттағы барлық жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • НЕБО, РАДОСТЬ И ЕДИНСТВО: ШЫМКЕНТ ОТМЕТИЛ ПРАЗДНИК В ЯРКИХ КРАСКАХ
  • ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ КҮН: ШЫМКЕНТ АСПАНЫН БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ КӨРКЕЙТТІ
  • Шымкентте екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирі өтті
  • В Шымкенте состоялся второй республиканский турнир «Respublica Asyq Atu»
  • Верность делу длиною в полвека
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер