
Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгіні ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан - ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы.
Кітапханашы мамандар өздерінің күнделікті тыңғылықты еңбегімен шектеусіз ақпаратқа, әлемдік мәдениет пен ғылым құндылықтарына, адамзаттың даналығы мен біліміне кең қол жетімділікті қамтамасыз етеді, оқырмандарды таңғажайып мәдениет әлеміне жетелейді, білімге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеп, мәдени дәстүрлерді сақтауға және дамытуға үлес қосады. Сондықтан да, кітапханашы мамандар әрқашанда киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек.
Қазан айының соңғы жексенбісінде елімізде Кітапханашылар күні – кітап пен білімнің шырақшыларына арналған кәсіби мереке аталып өтеді. Мерейлі күнге орай үшінші мегаполисте салтанатты жиын өтті. Іс-шара А.С.Пушкин атындағы қалалық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Тұран аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев, кітапхана саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалының мүшелері қатысты.
Мерекелік шараның мақсаты – кітапхана саласы қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін айқындау, олардың еңбегін лайықты дәрежеде дәріптеу және мәдени-шығармашылық ынтымақтастықты дамыту болды.
Салтанатты кеш барысында кітапхана өмірінен сыр шертетін бейнероликтер көрсетіліп, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Әдеби-композициялық қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер көпшілікке рухани әсер сыйлап, кітапхана саласының сан қырлы сипатын көрсетті.
Іс-шара барысында сөз алған «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызын атап өтті: «Кітапханашылар – руханият пен білімнің шырақшылары. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жастардың оқуға, ізденуге деген құлшынысы артып келеді. «AMANAT» партиясы мәдениет пен ағартушылық бағытындағы бастамаларды әрдайым қолдап, қоғамда оқу мәдениетін дамытуға ерекше назар аударады», – деді Есімхан Бертаев.
Бұл күн – кітапхана саласының қызметкерлері үшін кәсіби мереке ғана емес, ұлт руханияты мен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін дәріптейтін ерекше күн. «Кітапханашылар мерекесі – жай ғана кітапханашылар күнін атап өту емес. Бұл – елді, жұртшылықты кітап оқуға үндейтін рухани байлықты насихаттайтын мереке. Сонымен қатар, бұл күн – бүкіл елге көркем мінезді болуға, көркем сөйлеуге тәрбиелейтін қасиетті мамандық иелерінің еңбегін бағалайтын мереке»,- дейді Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова.
Жиында сөз алғандар кітапханашылардың қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті. Мереке аясында өз ісіне адалдығымен, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген үздік мамандарға арнайы алғыс хаттар табысталды. «Кітап – білім мен руханияттың қазынасы болса, сол қазынаның сақшысы – кітапханашылар. Бүгінгі қоғамның мәдени-рухани дамуына үлес қосып жатқан кітапханашыларды әрқашан да қолдаймыз, құрметтейміз. Бұл шараның мақсаты – ұлы мамандық иелеріне ілтипат көрсету»,- дейді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.
Кітапхана – тек кітап қана сақталатын орын емес, ой мен өркениет тоғысқан мәдени орталық, руханияттың алтын бесігі. Кітапхана қызметкерлері қоғамға рухани нәр беріп, өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтуде өз еңбегін жалғастыра бермек. «Кітапханашы керемет мамандықтардың бірі. Бұл менің сүйіп таңдаған мамандығым. Отыз жылға жуық кітапхана саласында жұмыс істегеннен кейін оқырманның қыр-сырын білеміз. Жұмысымды адал еңбекпен жасап келемін. Кітапханашылардың жұмысы білім мен мәдениеттің алтын көпірі, рухани байлық десек те болады. Кәсіби мерекемен әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын»,- дейді кітапханашы Ақмарал Омарова.
Бұл мерекені қаладағы Әдістемелік орталығының ұжымы да ерекше атап өтті. №3 Оқушылар сарайында қалалық кітапханашылардың қатысуымен салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында 2024–2025 оқу жылы аясында білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан кітапхана қызметі мен оқырмандық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Өз еңбегімен ерекшеленіп, оқырман қауым арасында кітапқа қызығушылықты арттыруға үлес қосқан үздік кітапханашылар марапатталды. Білім басқармасы мен Әдістемелік орталық атынан белсенді қызмет атқарып жүрген кітапхана мамандарына Алғыс хаттар табысталды.
Кітапханашы – әр оқырманға білімнің, мәдениеттің, рухани байлықтың есігін ашатын баға жетпес тірек. Ол оқырмандарды ізденуге, кітап оқуға, ойлы пікір қалыптастыруға жетелейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапханашылар мен кітапханалардың жағдайына ерекше назар аударып келеді. Президент өз сөзінде еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталатынын, сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайтынын атап өткен еді.
Бұл мереке – рухани құндылықты дәріптеп, кітап арқылы жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп жүрген абзал жандарға деген зор құрметтің көрінісі.
