Еліміздегі кәсіпорындарды цифрландыру мен технологиялық жаңғыртуды дамыту бағдарламасы аясында «QazIndusty» «Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» АҚ өкілдері Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Акционерлік қоғам өкілдері өнеркәсіп секторына цифрлық технологияларды, жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге жәрдемдесу, технологиялық жетілу деңгейін бағалау мақсатында бірқатар кәсіпорындарға барып, арнайы кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Ontustik kagaz» ЖШС мен «Бал Текстиль» ЖШС өкілдерімен кездесіп, өндірісті аралап көрді. Іс-шара барысында жасанды интеллект (ЖИ) пен өндірістік үдерістерді автоматтандыруға қатысты кәсіпорындардың ұсыныстары мен қажеттіліктері талқыланды. АҚ-ның цифрлық трансформациялау дирекциясының бас сарапшысы Айнұр Ахтанованың айтуынша, қазіргі уақытта өнеркәсіп орындарына цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде.
– Біз бүгін бірнеше өндіріс орнын аралап, олардың жұмысымен таныстық. Кәсіпорындардың даму бағыты мен даму деңгейін талдай отырып, нақты ұсыныстар дайындаймыз. Алдағы уақытта өндірәс процесіне цифрлық шешімдерді енгізуге қатысты рейтинг жасап, қай кәсіпорындарға қосымша қолдау қажет екенін анықтаймыз. Негізгі мақсатымыз жергілікті өндріріс орындарының тиімділігін арттырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, сондай-ақ семинарлар, сессиялар өткізу. Осы бағытта биыл Жол картасы әзірленді. «Бал текстиль» ЖШС бізде заманауи цифрлық кәсіпорны жобасына кірген болатын. Осы орайда, бүгінгі аралаудың қорытындысы бойынша ұсыныстар беріледі, бағалау жүргізіледі. Біз өнеркәсіп орындары бойынша толық мәлімет жинаймыз. Өзекті мәселелері болса, цифрлық шешімдерді ұсынамыз. Бұл ретте Astana Hub-пен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – дейді А.Ахтанова.
«QazIndustry» өкілдері өндіріс барысымен танысып, кәсіпорындарға арналған қолдау мүмкіндіктерін түсіндірді. Сондай-ақ, түрлі бағыттар бойынша жан-жақты ақпарат беріп, ұсыныстар жасады.
«Бал текстиль» кәсіпорнының басшысының айтуынша цифрлық технологияларды енгізу өндіріс тиімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етпек. Заманауи жүйелер өнім сапасын жақсартып, экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын өкілі мұндай қолдау шаралары жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
«Цифрлық даму бойынша жан-жақты зерттеулер жасап жатырмыз. Яғни бізге не енгізуге болатынын қарастырып, ұсыныстарды қарап жатырмыз. Заман талабына сай бізде дамуымыз қажет. Жасанды интеллект болашақта барлық салада қолданылатын серпіліс. Қазір фабрикада 300-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Қолданыстағы қондырғыларымыз Бельгия, Германия,Франция елдерінікі. Олардың барлығы озық, әлемдегі теңдесі жоқ технологиялар. Жаңа технология, жасанды интеллект дегенімізбен жұмыс күші сол қалпы қалуы мүмкін. Жаңа мүмкіндіктер біздің тек жұмыс процесімізді тездетуі мүмкін деп ойлаймын. Себебі бізде адамның әрекетінсіз жасалмайтын жұмыстар бар. Мысалы есеп-қисап, қондырғыларды басқару, бақылау секілді»,- дейді кілем фабрикасының өндіріс басшысы Ерғали Әбдіғаппар.
Айта кетейік, «Бал текстиль» кілем және кілем бұйымдарын шығаратын еліміздегі тұңғыш фабрика, Орталық Азияда да ең ірі кілем тоқу кәсіпорындарының біріне кіреді. Өндіріс орнының тарихына тоқталсақ, 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» аясында Шымкентте орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан ашылды. Өз кезегінде арнайы экономикалық аймақтың құрылуы елімізде тоқыма өнеркәсібін дамытуға арналған болатын. Бүгінгі таңда тоқыма фабрикалары шоғырланған бұл аймақта кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бар жағдай жасалған. Мәселен, импорттық шикізатқа салық пен кедендік баж салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар кәсіпорын алаңына дейін тегін тартылады. Міне, осындай қолдаудың нәтижесінде, кілем бұйымдарын шығаратын кәсіпорын қысқа мерзімде өндірісті алға қойып, көптеген шетелдік әріптестерімен серіктестік орнатуға мүмкіндік алды. Алғашқы 8 жыл ішінде компания 4 кезең бойынша дамыды. 2018 жылы 3-цех пайдалануға берілсе, 2021 жылы 4-цехтың құрылысы аяқталды. Жалпы кәсіпорын 2015 жылдың өзінде кілем өндіруге, сондай-ақ полипропилен жіп шығаруға арналған Heat Set, BCF, Freeze секілді станоктарды іске қосқан.Осынау ауқымды кеңеюлер арқылы бой көтерген цехтарда заманауи құрал-жабдықтар пайда болып, өндіріс күшінің артуына байланысты көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды. Аталған серіктестік айналдырған он жылдың ішінде-ақ Қазақстандағы жоғары сапалы және қымбат емес кілемдер шығаратын ірі өндірушіге айналды. Кәсіпорын тек ішкі нарықты тауарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемнің 10 елінің де нарығын бағындырды. Кілем және кілем бұйым¬дарының өндірістік қуаты жылына 7 миллион шаршы метрден асады. Ал полипропилен жіптерінің өндірістік қуаты жылына 4 мың тоннаны құрайды.
«QazIndusty» АҚ өкілдерінің «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Shymkent Temir» ЖШС, «AQUA ROSSA» ЖШС кәсіпорындарына баруы жоспарланып отыр. Сапар барысында кәсіпорындардың қазіргі жағдайына кешенді талдау жасалады. Онда өндірістік және басқару процестері, қолданылып жүрген жабдықтар мен бағдарламалық жүйелер қарастырылып, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, кәсіпорындардың даму стратегиясы айқындалмақ.
Кәсіпорындарды аралау кезінде цифрлық трансформациялау дирекциясының өкілдері олардың технологиялық даму деңгейін бағалап, өндіріс үдерістерін цифрландыру бойынша ұсыныстар берді. Шымкенттік кәсіпорындар QazIndustry ұсынатын қолдау мүмкіндіктерін жоғары бағалап, әрі қарай ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін жеткізді. «QazIndusty» мамандарының кәсіпорындарға келуі Шымкент қаласындағы жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына серпін берді.
