Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бастамалар нәтижесін беруде. Қазіргі таңда қала бойынша 2 мыңнан астам жас түрлі бағдарламаларда алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап жүр.

Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірі – жастарды тұрақты жұмыспен қамту және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау. Өйткені жастар – қоғамның ең белсенді, жаңашыл және еңбекке бейім бөлігі. Сондықтан мемлекет тарапынан жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.
Жастарды жұмыспен қамтудың басты құралдарының бірі – «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» сондай-ақ «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары. Бұл бастамалар арқылы мыңдаған түлек өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алуда.
Мәселен, 2025 жылдың алғашқы 8 айының қорытындысы бойынша елімізде 100 мыңнан астам жас азамат осы бағдарламалар арқылы еңбек нарығына тартылған. Олардың ішінде техникалық, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек ететін жастардың үлесі басым.
Жастардың бизнес бастамаларын дамыту үшін «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін оқу курстары ұйымдастырылуда. Оқу курсын аяқтаған жастар гранттар мен жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашуда. Мысалы, соңғы жылдары жастар арасында шағын наубайхана, тігін цехы, IT-жобалар мен агро-стартаптар ашу үрдісі артып келеді.
Өңірлерде де жастарды жұмыспен қамту бағытында аймақтық бағдарламалар іске қосылған. Әсіресе Шымкент, Түркістан, Алматы және Қарағанды қалаларында жастарға арналған еңбек жәрмеңкелері мен кәсіби бағдар беру кездесулері жиі өтуде. Мұндай шаралар жұмыс берушілер мен жастар арасындағы байланысты нығайтуға, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестіруге ықпал етеді.
Жастарды жұмыспен қамтып, еңбек нарығына бейімдеуде «Жастар практикасы» жобасының рөлі үлкен. Статистикалық деректерге сүйенсек 2025 жылы 1 тамыздағы жағдай бойынша бағдарлама аясында елімізде 9,1 мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан. Қатысушылардың ішінде әйелдердің үлесі – 62,7%, яғни шамамен 5,4 мың адам. Ауылдан қатысқан жастардың үлесі – 58,1%, яғни шамамен 5 мың адам. Ең көп жұмысқа орналастырылған өңірлер: Түркістан облысы – 2,1 мың адам. Жамбыл облысы – 802 адам. Қызылорда облысы – 775 адам. Шымкент қаласы – 665 адам.
Шымкент қалада биылғы жылы бағдарлама бойынша 2 251 жас маманды жұмыспен қамту жоспарланған. Соңғы мәлімет бойынша қалада 1 682 жас маманғажоба аясында жолдама берілген. Солардың бірі – Малика Мұсаходжаева биыл Шымкент политехникалық колледжін «тоқушы-оператор» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу орнын аяқтағаннан кейін ол http://xn--nbek-u4d.kz/ электронды еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, көп ұзамай «Назар Текстиль» кілем фабрикасынан жұмыс ұсынысын алды.
Қазір маман «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында осы кәсіпорында зат белгі операторы болып еңбек етуде.
– Фабрикада мен сияқты жастар көп екен, сондықтан күн сайынғы жұмысымыз көңілді өтеді. Бағдарлама арқылы тәжірибе жинап қана қоймай, еңбегіме жалақы да аламын. Практика мерзімі аяқталған соң осы жерде тұрақты жұмыста қалуды жоспарлап отырмын, – дейді Малика.
Айта кетейік, «Жастар практикасы» бағдарламасының басты мақсаты да осы – жас түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, тұрақты жұмыс табуына жағдай жасау. Бағдарламаға қатысуға шарт: 35 жастан аспаған, жоғары оқу орнын немесе колледжді бітірген түлектер бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін бағдарламаға қатыса алады. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді. Жастар практикасын қаржыландыруды Еңбек мобилділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. Төлем екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың ағымдағы (карточкалық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде жүргізіледі. Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені құрады.
Бүгінде Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүруде. Мысалы, «Жастар практикасы» жобасымен – 1 682 жас маман, ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында 352 маман түрлі мемлекеттік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбек етіп жүр.
Жастарды еңбекке бейімдеп, кәсіби дамуына жол ашқан мұндай бастамалар еліміздің еңбек нарығында жаңа буын мамандардың қалыптасуына мықты серпін беріп отыр. Жастарды жұмыспен қамту – тек әлеуметтік мәселе емес, бұл – елдің экономикалық тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Сондықтан мемлекет пен қоғам бірігіп, жас буынның еңбекке араласуына, кәсіби дамуына және өз орнын табуына жағдай жасауы қажет.
