
Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.
Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.
Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.
Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.
– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. Кездесу Ақ үйде өтті. Президент америкалық компанияларды Қазақстанда инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Сонымен қатар оларға тікелей қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын бірқатар келісімге қол қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен АҚШ-тың экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Бұл серіктестік энергетика, сирек кездесетін минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект және білім салаларын қамтиды. Президент америкалық компанияларды Қазақстанда инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Сонымен қатар оларға тікелей қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
