Қазіргі қоғамда жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтық жауапкершіліктің басты кепілі. Әрбір жас заңды білуі және оны құрметтей білуі – өркениетті қоғамның негізгі талабы. Себебі құқықтық мәдениеті жоғары азамат қана өз құқығын қорғай алады, сонымен қатар өзге адамдардың да құқықтарын құрметтейді.
Осы орайда бүгін Шымкент қаласындағы №24 Саттар Ерубаев атындағы мектеп-лицейінде «Жас сақшы заң мен тәртіптің қорғаушысы» атты іс-шара өтті. Мемлекеттік тапсырыс аясында ұйымдастырылған бұл жиынның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңды құрметтеуге баулу және тәртіп пен жауапкершілік сезімін арттыру болды.
Маңызды шараға Шымкент қалалық полиция департаментінің өкілдері, жас инспекторлар мен ұстаздар қатысып, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерін талқылады. Іс-шара барысында «Жас сақшы» клубының таныстырылымы өтіп, оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған бейнероликтер көрсетілді.
Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылған, полиция қызметкерлері мен оқушылар арасында еркін пікір алмасты. Қатысушы мамандар заңды сақтау әр азаматтың борышы екенін және құқықтық сауаттылықтың қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Іс-шара соңында мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген оқушыларға «Үздік жас сақшы» атағы берілді. Бұл марапат жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке және азаматтық белсенділікке ынталандыруды көздейді.
«Жас сақшы заң мен тәртіптің қорғаушысы» жобасы – жастардың құқықтық білімін арттырумен қатар, қоғам қауіпсіздігі мен тәртіпті сақтауда өз үлесін қосуға бағытталған маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар жас буынның саналы, елжанды және заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуына зор ықпал етеді.
Сондай-ақ Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі Индустриалды-техникалық колледжінде «Заң мен тәртіп» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкері Меруерт Құттыбай, Шымкент қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Мұқаммедқасым Оспанов, Тұран аудандық прокурор Рустам Тилеубаев және Тұран аудандық полиция майоры Жандос Иргебаев қатысты.
Іс-шара барысында жастарға құқықтық сауаттылықты арттыру, алаяқтық және құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша кеңестер беріліп, тәжірибелі мамандар нақты мысалдармен құқықтық жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндірді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті кеңестер алды.
Құқықтық мәдениет – адамның заңға, мемлекетке және қоғамға деген көзқарасын айқындайтын рухани және әлеуметтік құндылық. Ол құқықтық білім, құқықтық сана және құқықтық мінез-құлық элементтерінен тұрады.
Құқықтық мәдениеті жоғары адам заң талаптарын орындайды, қоғамдағы тәртіпті сақтайды және әділдік қағидатын ұстанады. Бұл өз кезегінде елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу арқылы біз заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары, әділетті қоғам құра аламыз. Құқықты құрметтеу – тек міндет емес, бұл – адамгершіліктің ең жоғары көрінісі. Ал заңға бағынған елдің болашағы жарқын, жастары саналы болмақ.
