Жол мен қозғалыс қауіпсіздігінің сақшылары

image.png

Күн сайын мыңдаған көлік жолға шығып, жолаушылар діттеген жеріне аман жетуі үшін үздіксіз еңбек етіп жүрген жандар бар. Олар – жол-көлік саласының мамандары, яғни жүргізушілер, механиктер, жол жөндеушілер, инженерлер мен диспетчерлер. Бұл мамандық иелері – ел экономикасының күретамыры саналатын көлік жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін еңбек адамдары.

Жол-көлік саласы – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бөлігі. Көлік қатынасы үзілсе, өндіріс те, сауда да, қызмет көрсету де тоқтайды. Сондықтан бұл саладағы әрбір маманның еңбегі – мемлекет үшін аса құнды.

Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту мен көлік қозғалысын реттеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, сондай-ақ түрлі коммуналдық және мердігер ұйымдарда жүздеген еңбеккер күн сайын қала тұрғындарының жайлы және қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етіп отыр.

Олардың арасында ауыр техника тізгіндеген жүргізушілер де, жол жабынын жөндеп, жаңа бағыттар салумен айналысатын жол жөндеушілер мен инженерлер де бар. Әрқайсысының еңбегі – ыстық күнде, жауын-шашында, кейде түн ортасында да тоқтамайтын қажырлы жұмыс.

Осы ретте 31 қазанда Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында жол мен көлік саласының мамандсрын кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Мерекелік кештің шымылдығы «Ұлы қаған» биімен ашылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара барысында сала ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

Марапаттарды Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков өз қолымен табыстап, жол мен көлік саласының дамуына сүбелі үлес қосқан мамандарға алғысын білдірді.

Марапат иелерінің арасында көлік саласындағы түрлі ұйымдардың қызметкерлері, соның ішінде “Ынтымақ” кәсіподақ саласының бастауыш кәсіподақ ұйымдары «Радуга Транспорт», “Шымкент-Sus” және Шымкент қалалық автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының құрамындағы “Мир и Со» компанияларының өкілдері мен кәсіподақ ұйымдарының белсенді мүшелері де болды.

Бұл марапаттар – сала қызметкерлерінің табанды еңбегіне, кәсіпке деген адалдығына және қала өміріндегі маңызды рөліне көрсетілген лайықты құрмет.

Мерекелік іс-шара әсерлі концертпен жалғасып, кеш қонақтары мен қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бағдарламада халық әндері мен патриоттық туындылар шырқалып, өнерпаздар көрермендерге ерекше әсер қалдырды. 

Осындай жылы кездесулер саланың беделін арттырып қана қоймай, әріптестер арасындағы бірлікті де нығайта түсері сөзсіз.

Жол-көлік мамандарының еңбегі – тек физикалық жұмыс емес, жоғары жауапкершілікті, тәртіпті және кәсіби шеберлікті қажет ететін күрделі сала. Әрбір жөнделген жол, әрбір қауіпсіз бағдаршам, әрбір жаңа бағыт – осы адамдардың маңдай тері мен еңбегінің нәтижесі.

Нағыз еңбек адамы – өз ісіне адал, қоғам игілігіне қызмет етуші тұлға. Жол-көлік саласының мамандары дәл сондай жандар. Олардың еңбегі – ел дамуының іргетасы, қоғамның қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші
  • Шымкентте этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік фестиваль өтті
  • Жастармен өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар талқыланды
  • Шымкентте көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталды
  • Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасалды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер