Әлеуметтік сала қызметкерлері – мейірім мен жауапкершіліктің үлгісі

image.png

      Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы, ең алдымен, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты. Осы салада еңбек етіп жүрген мамандар – әлеуметтік сала қызметкерлері, яғни адам өміріндегі ең нәзік сәттерге араласып, қамқорлық пен жан жылуын сыйлайтын жандар.

      Олар – қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсететін нағыз еңбек адамдары. Әлеуметтік қызметкердің жұмысы – жай ғана қызмет емес, ол – үлкен жүрек пен шынайы адамгершілікті талап ететін өмірлік миссия.

     Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі көбіне көзге көрінбейді, бірақ қоғам үшін маңызы зор. Олар күн сайын адамдардың мұң-мұқтажын тыңдап, қиын сәттерде қолдау көрсетіп, өмірге сенім ұялатады. Әрбір атқарылған іс – адамның тағдырына әсер ететін жауапты жұмыс.

      Шымкент қаласында әлеуметтік салада мыңдаған қызметкер еңбек етеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер – бәрі де осы мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жұмыс істеп тұр.

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне орай бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде табыс еткен болатын.

      Оның қатарында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шаруашылық бикесі Күлшат Қожаханқызы Дәуренбекқызы әлеуметтік сала қызметкері ретінде ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

    «Қызмет» салалық кәсіподағының атынан Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов және мекеменің басшысы Мұхит Рахматілләұлы Нышамбаев бастаған ұжым мүшелері марапат иесі Күлшат Қожаханқызын ерекше ілтипатпен қарсы алып, ыстық ықыластарын білдіріп, ұжым атынан дайындаған сый-сыяпаттарын табыстады. Бұл марапат - адал еңбек пен ізгі істердің лайықты бағасы!

Іс-шара жалғасында мекеменің еңбек адамдарына Шымкент қаласы әкімінің, Шымкент қалалық мәслихатының, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, сондай-ақ «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының наградалары табысталды.

       Атап айтқанда:

- Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Жаған Гүлзат Күмісбекқызы;

- Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» палатадағы санитар Фатина Наталья Вячеславовна;

- Шымкент қалалық мәслихатының «Алғыс хатымен» палатадағы санитар Ибрагимжанова Патима Сайдикаримқызы;

- Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Алғыс хатымен» күтім жөніндегі санитар Ирисбекова Гузаль Икрамбайқызы;

- «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісімен мейіргер Менлибекова Қарлыгаш Жақыпбекқызы;

- «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісімен мейіргер Балтабаев Самат Бағдатұлы;

      Айта кетейік, мемлекет тарапынан да әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдануда. Жалақыны арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру – бұл мамандардың еңбегін бағалаудың бір көрінісі.

      Нағыз еңбек адамы – өз ісіне адал, жүрегі мейірімге толы адам. Әлеуметтік сала қызметкерлері – дәл сондай жандар. Олар қоғамдағы ең әлсіз топтарға қамқорлық жасап, ел ішінде ізгілік пен адамдықтың үлгісін көрсетіп жүр.

      Мейірім мен жауапкершілікке негізделген бұл мамандық иелері – қоғамның алтын діңгегі. Олардың еңбегі – адамгершілік пен рухани байлықтың белгісі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші
  • Шымкентте этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік фестиваль өтті
  • Жастармен өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар талқыланды
  • Шымкентте көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталды
  • Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасалды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер