
Бүгінгі таңда студенттердің кәсіби білімін тәжірибемен ұштастыру – техникалық және кәсіптік білім берудің басты бағытының бірі. Осы мақсатта Индустриалды-техникалық колледжінің студенттері Шымкент қаласындағы ірі өндіріс орындарының бірі – «Asia Trafo» трансформатор зауытына танымдық экскурсия жасады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған шараға бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарь және токарь мамандықтарында оқитын студенттер қатысты. Өндірістік оқыту шеберлері Лачилова Оксана және Шарипбаев Валихан студенттердің экскурсия барысында машықтарын жетілдіруін бақылады. Іс-шараны ұйымдастыруға жауапты – колледж директорының кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Нұрболат Асылбекұлы.
Экскурсия барысында студенттер зауыттың жұмыс процесімен, өндірістік цехтардың құрылымымен және заманауи құрал-жабдықтармен танысты. Мамандар студенттерге трансформатор өндірісінің кезеңдерін — металл кесу, дәнекерлеу, жинақтау және сапаны бақылау үдерістерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Дәнекерлеу ісі мамандығының студенттері үшін бұл сапар ерекше әсер қалдырды. Олар дәнекерлеудің жаңа әдістері мен қауіпсіздік ережелерін іс жүзінде көріп, өз мамандығының маңыздылығын терең ұғынды.
Колледждің өндірістік оқыту шеберлері бұл экскурсияның студенттер үшін үлкен тәжірибелік мәні бар екенін атап өтті. Өйткені теориялық сабақта алған білімдерін нақты өндіріс орнында көру – кәсіби шеберлікті арттырудың тиімді жолы.
Сонымен қатар, зауыт басшылығы мен колледж арасында болашақта өндірістік тәжірибе өткізу және жас мамандарды жұмысқа қабылдау бағытында ынтымақтастықты нығайту туралы келісім жасалды.
Мұндай өндірістік экскурсиялар студенттердің кәсіби бағдарын айқындап, еңбекке қызығушылығын арттырады. Индустриалды-техникалық колледж алдағы уақытта да өңірдегі жетекші кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, заманауи өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлауды жалғастырмақ.
Айта кетейәк, «Asia Trafo» – Орталық Азиядағы ең ірі трансформатор зауыты. Экскурсия студенттерге өндіріс әлемін тікелей көруге және кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік берді.
