
Қоғамның қуаты – оның дені сау, ойы сергек азаматтарында. Салауатты өмір салты бүгінгі таңда тек жеке таңдау емес, ұлттың болашағын айқындайтын өмірлік ұстанымға айналды. Осы бағытта Шымкент қаласында қолға алынған «Ішімдіксіз ауыл» жобасы ел ішінде үлкен серпіліс тудырды. Бұл бастама – елді мекендерде қылмыстың алдын алып, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздейді. Мемлекеттің 2020–2030 жылдарға арналған Құқық бұзушылықтың алдын алу тұжырымдамасы мен «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жүзеге асып жатқан бұл жоба – тек қағаз жүзіндегі бастама емес, нақты нәтижеге бағытталған іс.
Осы аптада өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы: «Қаламызда ішімдіксіз аймақтар санын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл – тек мемлекеттік құрылымдардың емес, барша қоғамның ортақ ісі», – деп атап өтті.
Игі жобаның алғашқы нәтижесі Абай ауданының Жиделі елді мекенінен көрініс тапты. Аудан әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде елді мекенде алкоголь өнімін сататын төрт дүкен иесі өз еріктерімен спирттік ішімдіктерді сатудан бас тартқан.
Бұл – шын мәнінде әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Кәсіпкерлер тиісті лицензиялары бола тұра, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына қолдау білдіріп, қоғам игілігі үшін табысынан бас тартуға дайын екендігін көрсетті.
Келіссөз қорытындысы бойынша Абай ауданы әкімінің аппараты, аудандық полиция басқармасы және жергілікті кәсіпкерлер арасында «Өзара түсіністік туралы меморандум» жасалды. Құжатқа сәйкес, дүкен иелері спирттік ішімдіктерді сатудан және жарнамалаудан өз еріктерімен бас тартады. Сонымен қатар, олар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағытындағы бірлескен іс-шараларға белсенді қатысуға уағдаласты.
Абай ауданының әкімдігі бұл тәжірибені өзге елді мекендерге де таратуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде «Көкбұлақ» және «Алтын төбе» ауылдарында осыған ұқсас келіссөздер жүргізілуде. Мұндай бастама тек ішімдіксіз орта қалыптастыру ғана емес, ауылдың мәдени бейнесін жаңартуға, отбасылық татулық пен жастар тәрбиесіне оң ықпал етеді.
Салауатты қоғам тек ішімдіксіз өмірмен шектелмейді. Бүгінде жасөспірімдер арасында кең тараған вейп – қоғамдық денсаулыққа үлкен қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты Шымкент қаласы прокуратурасы 3–5 қараша аралығында «СТОП–ВЕЙП!» атты профилактикалық акция өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – вейп өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеу және тұрғындарға оның зиянын түсіндіру. Сонымен қатар, азаматтарға электронды темекілерді ерікті түрде, ешқандай жазасыз тапсыру мүмкіндігі ұсынылды.
Қабылдау пункттері қаладағы ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында ұйымдастырылды. Атап айтқанда: Shymkent Plaza, Shymkent City Mall, Diamond Plaza, Rahima Plaza, «Баян сұлу», «Юг Сити», сондай-ақ «Самал» және «Алаш» базарларында арнайы орындар ашылды.
Дәрігерлердің айтуынша, вейп құрамындағы никотин мен химиялық қоспалар тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, тәуелділік тудырады. Ал жасөспірім ағзасы мұндай әсерге өте бейім. Сондықтан осындай түсіндіру шараларының өткізілуі – дер кезінде жасалған маңызды қадам.
Шымкент қаласында жүзеге асқан «Ішімдіксіз ауыл» және «СТОП–ВЕЙП!» жобалары – тек бір реттік акциялар емес, қоғамның сана-сезімін өзгертетін кешенді шаралар. Бұл бастамалар арқылы қала тұрғындары өз болашағына жауапкершілікпен қарай бастады.
Салауатты өмір – сән емес, қажеттілік. Ал оны қолдайтын әрбір азамат – елдің ертеңіне үлес қосушы тұлға.
