Тарихқа тағзым, санаға серпін

image.png

Көше атауы – жай ғана мекенжай белгісі емес, ол – ұлттың жадын жаңғыртатын, тарихтың ізі қалған рухани таңба. Әрбір атаудың астарында елдің өткені мен болашағы, мәдениеті мен дүниетанымы жатыр. Сондықтан ономастика мәселесі  қоғамның рухани деңгейін көрсететін маңызды сала.

Осы орайда Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ономастикалық саясатты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Басқарма Шымкент қаласы ономастика комиссиясының жұмысын үйлестіруші орган ретінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, көшелер мен даңғылдарға, мемлекет меншігіндегі нысандарға атау беру және қайта атау жұмыстарын заң талаптарына сай атқаруда. Бұл бағыттағы жұмыстар  туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы өткен брифинг барысында баяндады.

Қала аумағында бүгінде 3 865 көше бар. Соның ішінде 2 704 көшеге тарихи жер-су немесе дәстүрлі атаулар берілген, 988 көше кісі есімімен аталған. Ал 226 көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген, 173 көшенің мүлде атауы жоқ, 44 көшенің атауы қайталанады. Осы деректер негізінде әкімдік әр ауданмен сәйкестендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мақсат – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және қоғамдық санада оң серпін қалыптастыру. Осы бағытта ескірген атауларды жаңарту, жаңа көшелерге лайықты атаулар беру жүйелі түрде қолға алынған.

2024 жылы Шымкент қаласы әкімдігі Мәдениет және ақпарат министрлігіне 2024–2025 жылдары атау берілетін және қайта аталатын 185 нысанға қатысты арнайы жол картасын ұсынды. Соның ішінде қазіргі таңда 12 құрамдас бөлік бойынша тиісті келісімдер алынған, нақты жұмыстар басталған.

2025 жыл – ерекше жыл. Себебі биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен батырларының есімдерін ұлықтау бағытында 20 тұлғаның есімін көшелерге беру ұсынылып, оның 10-ына республикалық деңгейде келісім алынған.

Бұл ұсыныстар тұрғындар жиналысының хаттамалық шешімдері негізінде, мәслихаттың тұрақты комиссиясы мен ономастика комиссиясының көпшілік тыңдауларында егжей-тегжейлі талқыланып, 29 мамырда оң қорытынды алған.

Кейін осы материалдар бойынша Шымкент қаласы әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімімен 21 ұсыныс Республикалық комиссия қарауына жолданып, оның 20-на 2025 жылғы 10 қыркүйекте оң қорытынды берілген.

Нәтижесінде Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарындағы атауы жоқ 11 көше мен 1 аллеяға жаңа атау беріліп, ескі немесе қайталанған 8 көше қайта аталатын болды. Олардың 11-і – жер-су және дәстүрлі тарихи атаулар, ал 9 көшеге – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері берілмек.

Айта кетерлігі, бұл көшелердің басым бөлігі абаттандырылған, асфальт төселген, жарықтандырылған. Ең бастысы – атаулар жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріліп, қоғамда ешқандай наразылық туғызбайтындай таңдалған.

Қазірдің өзінде 2026–2027 жылдарға арналған жаңа жол картасы дайындалды. Құжатта 465 құрамдас бөлікке  атау беру немесе қайта атау жұмыстары көзделген. Бұл жоба Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсынылып, мақұлданған жағдайда, ономастикалық критерийлерге сай тиісті жұмыстар жалғасады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мамандық таңдау - маңызды қадам!
  • Студенттер «Asia Trafo» зауытына экскурсия жасады
  • КАЗАХСТАН И РОССИЯ: СТРАТЕГИЧЕСКОЕ ПАРТНЁРСТВО, ПРОВЕРЕННОЕ ВРЕМЕНЕМ
  • ПРЕЗИДЕНТ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ: "ВЕЧНАЯ ДРУЖБА — ПУТЕВОДНАЯ ЗВЕЗДА ДЛЯ НАШИХ НА
  • Болашақ – ІТ мамандарының қолында
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер