
Қоғамның тұрақтылығы мен мемлекет дамуының негізі – берік отбасы. Сондықтан Қазақстанда отбасын қолдау саясаты әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі болып саналады. Бұл саясат отбасының материалдық жағдайын жақсартумен қатар, оның психологиялық, құқықтық және тәрбиелік функцияларын күшейтуді көздейді. Отбасы беріктігін сақтау және жанұя мүшелеріне әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетуде елімізде ашылған отбасы орталықтарының маңызы зор. Өңірлерде ашылған Отбасын қолдау орталықтары отбасы институтын сақтауға, қиын жағдайдағы ата-аналар мен балаларға көмек көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік құрылым болып табылады.
Осыторайда Шымкент қаласында жаңа «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Жаңадан пайдалануға берілген орталықтың жұмысымен арнайы танысу үшін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов барып, мекеменің қызметімен және мүмкіндіктерімен танысты.
Орталықтың басты мақсаты – отбасылардың әл-ауқатын арттыру, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шараларды жүйелі түрде жүргізу.
Орталық көрсететін негізгі қызметтер:
1. Мемлекеттік отбасы саясатының шараларын іске асыру, отбасылық жанжалдарды шешуге көмектесу, неке институтын нығайту.
2. Қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды мемлекеттік қолдау тетіктерімен қамту және осы жұмысты үйлестіру.
3. Әлеуметтік, заңдық және психологиялық көмек көрсету.
4. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтарға бір айға дейін уақытша тұруға арналған қауіпсіз орын ұсыну.
5. Отбасы саясаты жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
6. Мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және волонтерлермен бірлесе отырып, профилактикалық бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыру.
7. Отбасы саясатының үрдістерін мониторингтеу және талдау.
8. Қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау мақсатында мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру.
9. Заңнамаға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған өзге де шараларды іске асыру.
Жаңа орталық 473,9 шаршы метр аумақта орналасқан. Ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге лайықталған.
Орталықтың жұмысымен танысу барысында Ербол Байқонысов оның әлеуметтік маңыздылығын атап өтті:
«AMANAT» партиясы үшін отбасы институтын қолдау – басым бағыттардың бірі. Бұл орталықтың ашылуы қала тұрғындарына нақты көмек көрсету жолындағы маңызды қадам. Мұнда қиын жағдайға тап болған әрбір азаматқа дер кезінде қолдау көрсетіліп, олардың мәселесі кешенді түрде шешілетін болады. Партия тарапынан мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді ол.
Жаңадан ашылған «Отбасын қолдау орталығы» шымкенттіктерге әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді механизмдеріне айналады деп күтілуде.
Айта кетейік, еліміздегі мұндай орталықтарда кәсіби психологтар некедегі дағдарыстар, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, эмоционалдық күйзеліс, отбасылық даулар бойынша кеңес береді. Психологиялық қолдау көптеген отбасылардың ажырасуын болдырмауға септігін тигізеді. Алимент өндіру, қамқоршылық мәселесі, балалардың құқығын қорғау, әлеуметтік жәрдемақылар рәсімдеу бойынша кеңес алуға болады. Бұл қызметтер құқықтық сауаттылықты арттырып, қиын жағдайдағы адамдарға нақты көмек береді. Орталықтар ата-аналарға бала тәрбиесінің заманауи тәсілдері жөнінде тренингтер, курстар, тәлімгерлік сабақтар өткізеді. Жас отбасылар үшін ата-аналық мектептер ұйымдастырылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген азаматтарға уақытша баспана, қауіпсіздік, реабилитациялық қызмет көрсетіледі. Бұл бағытта орталықтар ішкі істер органдарымен және қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері отбасыларға әлеуметтік жәрдемақылар, мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамту мүмкіндіктері туралы ақпарат береді, тиісті мекемелермен байланыс орнатуға көмектеседі.
Отбасын қолдау саясаты – қоғамның болашағын қалыптастырудың маңызды тетігі. Ал отбасын қолдау орталықтары осы саясаттың жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асуына мүмкіндік беретін негізгі құрылымдардың бірі. Психологиялық көмек, құқықтық кеңес, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы олар мыңдаған отбасының өміріне оң өзгеріс әкеліп отыр.
Берік отбасы – берекелі қоғамның кепілі. Сондықтан мемлекет, қоғам және әрбір азамат отбасы институтын нығайтуға ортақ жауапкершілікпен қарауы қажет.
