
Шымкент қаласында жылыту маусымының басталуымен бірге тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті бола түседі. Әсіресе табиғи газды, көмірді немесе электр жылытқыштарын қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау – тұрмыстық тәуекелдердің алдын алудың негізгі шарты. Осыған орай қалада газбен улану, өрт қауіпсіздігі және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Аталған мәселе қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.
Жеке үйлердегі иіс газынан уланудың негізгі себептері – газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуі және жуынатын бөлмелерде газ су жылытқыштарын орнату болып табылады. Көппәтерлі үйлердегі негізгі себептер – газ құрылғыларын желдету арналарына қосу және мұржалардың бітелуі. Осы мәселелерді шешу үшін үй ішіндегі газ жабдықтарына қызмет көрсету, сондай-ақ мұржалар мен желдету арналарын бір рет тазалайтын компанияларды анықтауға конкурс өткізілетін болады. Көппәтерлі үйлердегі коммерциялық жайларда газ баллондарын пайдаланудың алдын алу мақсатында газ-техникалық қызмет Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп кәсіпкерлер арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда 355 нысан тексеріліп, 7 тұрмыстық газ баллоны анықталды. Баллондар тәркіленіп, шаралар қабылданды, тәртіп бұзушыларды жауапқа тарту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ жиында жаппай сырғанауға арналған мұз алаңдарын, қысқы демалыс қоғамдық аймақтарын ұйымдастыру, қаланы жаңа жылдық безендіру тұжырымдамасы қаралды.
Мамандардың айтуынша Шымкент қаласында тұрғындар мен қала қонақтарының қысқы мезгілде қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мұз алаңдарын ұйымдастыру және жаңа жылдық безендіру жұмыстарын жүргізу басталды. Қала әкімдігі бекіткен тұжырымдама 2025 жылғы қысқы маусымға арналған негізгі бағыттарды қамтиды. Қала аумағында тұрғындар көп жиналатын қоғамдық орындарда бірнеше ашық мұз айдындарын құру жоспарланған. Алаңдар заманауи қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Әр нысанда жарықтандыру, демалыс павильондары, жылыту пункттері, медициналық бекет және конькиді жалға беру алаңдары қарастырылған.
Аппарат отырысында жаңа жылды мерекелеуге арналған 20 мәдени іс-шара өткізу жоспарланғаны баяндалды. Басты мерекелік іс-шара 18 желтоқсанда өтіп, Астана алаңында қаланың басты шыршасы салтанатты түрде жағылады.
Шымкент қаласының қысқы маусымға дайындығы – тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі көңілді демалыс сыйлауға бағытталған кешенді жұмыс. Қаладағы мұз алаңдары, қысқы демалыс аймақтары және мерекелік безендіру тұжырымдамасы мегаполистің заманауи, тартымды әрі тұрғындарына қолайлы қала ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.
