
Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың өсуін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Осы мақсатта мемлекет жыл сайын азаматтарға өз кәсібін бастауға қолдау көрсетіп, гранттар, жеңілдетілген несиелер және бизнеске арналған оқыту бағдарламаларын ұсынады. Соның ішінде ең сұранысқа ие бағдарламалардың бірі – мемлекеттік қайтарымсыз гранттар. Бұл — азаматтарға бизнес-идеясын жүзеге асыруға арналған нақты қаржылық көмек.
Шымкент қаласында 2025 жылдың басынан бері, яғни бірінші және екінші лекте бизнес-идеяларды іске асыру үшін 134 тұрғынға қайтарымсыз грант берілді. Бүгін үшінші лек бойынша комиссия отырысы өтті. Бақытжан Шаймахамбетұлы қайтарымсыз грант алуға өтінім білдірген үміткерлердің бірі. Шымкенттік тұрғын бүгін бизнес жоспарын комиссия мүшелерінің алдында қорғап шықты. Ол бөдене еті мен жұмыртқасын өндіру кәсібін ашуға ниетті. Осыған дейін қала тұрғыны осы бизнесте көмекші болып жұмыс жасаған. Толық қыр-сырын білгеннен кейін өз кәсібін ашуды көздеген. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алғысы келеді. «Биылғы жылдың алдыңғы лектеріне қатыса алмай қалған болатынмын. Енді, міне, мүмкіндікті жіберіп алмау үшін үшінші лекке қатысып отырмын. Бизнес жобамды комиссия мүшелеріне таныстырып шықтым. Егер де грант ұтып алып жатсам кәсіпке қажетті құрал-саймандарды сатып аламын. Бөдене шаруашылығы ауқымды жер телімін талап етпейді. Ол үшін үйімнің ауласында арнайы жер әзірлеп, қора-қопсымды дайындап қойғанмын. Бөдене шаруашылығының қиындығы жоқ. Тек уақытылы күтім жасап, жем-шөбін беріп тұрсаң болды»,- дейді ол.
Бұл жолы бағдарламаға қатысуға 398 азамат өтініш білдірген. Комиссия мүшелері олардың тек 96-сын таңдауы керек. Сыннан сүрінбей өткендер бизнесін ашуға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз қаражат ала алады. Комиссия отырысы 5 күнге созылады. «Жалпы бізде 20 қазан мен 3 қараша аралығында 398 азаматтан грант алуға өтініш келіп түскен болатын. 5 және 10 қараша аралығында комиссия отырысы өтеді. Әр күні 100 азамат бизнес жоспарын қорғап шығады. Комиссия тиісті шешімді қабылдайды. Бізде көбінесе қызмет көрсету саласы, ауыл шаруашылығы, кондитерлік өнімдерді өндіру саласы бойынша бизнес жоспарлар бар»,- дейді Еңбек мобильділігі орталығының «Оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова.
Комиссия отырысы тікелей эфирде өткізіледі. Сондықтан бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмейді дейді мамандар.
Айта кетейік, грант келесі санаттағы азаматтарға беріледі: тіркелген жұмыссыздар немесе жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі үш жылдан аспауы тиіс); әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар (мүгедектігі бар тұлғалар, "қандас" мәртебесі барлар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, асыраушысынан айырылу жағдайында жәрдемақы алушылар); "Бастау Бизнес" жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқудан өткен және сертификаты бар тұлғалар (мөлшері үш жылдан аспауы тиіс); қазіргі таңда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатыспайтын тұлғалар (оңтүстіктен солтүстікке ерікті қоныс аударушылардан басқа).
Грант қаражаты тек келесі мақсаттарға бағытталады: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, малды, құсты, көшеттерді, бұталарды, тұқым мен көшеттерді сатып алу; үй-жайды жалға алу ақысын төлеу. Грант тұтынушылық шығындарға, несие қарыздарын өтеуге, тұрғын үйді сатып алу немесе салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.
Грантқа қатысу үшін үміткерлер business.enbek.kz платформасында тіркеліп, тиісті үлгі бойынша бизнес-жоспар дайындайды және оны өтініммен бірге жүктейді. Өтінім сәтті қабылданған жағдайда қатысушыға комиссия отырысы туралы хабарлама келеді, онда әр қатысушы өз жобасын таныстыруы тиіс. Комиссия шешімі оң болған жағдайда грант иегері деректерін ұсынғаннан кейін келісімшартқа қол қояды, ал қаражат көрсетілген шотқа аударылады. Грант иегерлері қаражаттың мақсатты жұмсалуы туралы жыл ішінде тоқсан сайын есеп тапсыруы тиіс — барлығы төрт есеп ұсынылады.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант – азаматтар үшін өз кәсібін бастауға берілетін үлкен мүмкіндік. Қолдаудың бұл түрі экономиканы дамытуға ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта гранттық бағдарламалар кеңейіп, кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға берілетін қолдау көлемі арта түспек.
