
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдың 12 қазанында Үкімет "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасын бекіту туралы қаулы қабылдады. Аталмыш жобаның басты мақсаты – тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жағдайды жақсарту, оңтайлы көлік байланысын қамтамасыз ету, көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру, сондай-ақ халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы бұған дейін қабылданған "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту, "Өңірлерді дамыту" секілді мемлекеттік бағдарламалардың басын біріктіргенін айта кетуіміз керек.
Өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуді көздейтін аталмыш ұлттық жобаның мақсаты айқын. Соның бірі Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстанға ерікті түрде қоныс аудару саясаты жүзеге асыру. Бұл бастама – елдің солтүстік өңірлеріндегі еңбек күші тапшылығын азайту және халық санының табиғи өсімі жоғары оңтүстік аймақтардағы демографиялық жүктемені теңестіруді көздейтін стратегиялық шара. Ерікті қоныс аудару бағдарламасы бірнеше өзекті міндеттерді шешуге бағытталған: солтүстік өңірлердегі жұмыс күшіне тапшылықты толтыру; қала мен ауыл инфрақұрылымын дамытуға серпін беру; еңбек ресурстарының теңгерімді орналасуына жағдай жасау; жұмыссыздық деңгейін төмендету; аймақтық экономиканы жандандыру. Бұл саясат әсіресе Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында белсенді жүргізілуде.
Шымкент қаласы – бағдарламаға қатысушылардың негізгі тобын құрайтын өңірлердің қатарында. Қала тұрғындарының белсенділігі, халық санының табиғи өсімі және еңбекке қабілетті жастардың көп болуы Шымкентті бұл саясаттың стратегиялық орталықтарының біріне айналдырды. Қалада жыл сайын еңбек нарығына 25–30 мың жас қосылады. Бұл көрсеткіш жұмыс күші көп өңірлердегі демографиялық қысымды азайту үшін ерікті қоныс аудару механизмдерінің тиімділігін арттыруды қажет етеді.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жыл сайын бағдарламаға қатысушыларды анықтау, ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, қоныс аудару шарттарын түсіндіру және бағыттау қызметтерін атқарып келеді. 2025 жылы бұл бағдарлама аясында 1 000 адамды көшіру жоспарланған болатын. Жаз мезгілінде Шымкенттен бірінші лекпен 65 отбасы Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған болатын.
Шаһарда азаматтарды белгіленген өңірлерге қоныстандыру бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Есіл және Ғ.Мүсірепов аудандарының Мансап орталықтарынан келген делегаттар Шымқала тұрғындарымен кездесті. Жобаны іске асырудың мақсаты- жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету.
Делегаттардың айтуынша, бағдарламаға қатысушыларға және оның отбасы мүшелеріне 70АЕК (275 240тг) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар, он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге материалдық көмек беріледі:
- Бір адам үшін - 15 АЕК (58 980тг)
- Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса - 18 АЕК (70 776тг)
- Отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде - 21 АЕК (82 572тг) мөлшерінде төленеді.
Сондай-ақ, көшіп барған азаматқа «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» бекітілген. Яғни, қоныс аударушы мемлекет тарапынан берілген үйді қабылдаудан бас тартса, осы сертификатты қолдана алады. Сертификаттың құны 1160 АЕК (4 561 120) теңгені құрайды. Бұл ипотекалық баспананы сатып алу кезінде алғашқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған материалды көмек.
Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстанға ерікті түрде қоныс аудару саясаты Шымкент қаласы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызды бағдарлама болып табылады. Бұл бастама мегаполистегі еңбек ресурстарын басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, солтүстік өңірлердің экономикалық белсенділігін жандандыруға ықпал етеді. Қоныс аударушылар үшін ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері олардың жаңа ортаға табысты бейімделуіне жағдай жасап, өңірлер арасындағы еңбек ресурстары теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бағдарлама еңбек ресурстарының тиімді бөлінуін қамтамасыз етіп қана қоймай, солтүстік өңірлердің қайта дамуына, ауылдық аумақтардың жандануына және қоныстанушылар үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жағдай жасап отыр.
Кездесу аясында, тұрғындар кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау және мүгедектігі бар жандарды қолдау мәселесі жөніндегі сұрақтарына тұщымды жауап алды.
Қоныс аударуға қатысты ақпаратты тұрғылықты мекенжай бойынша әр ауданның мансаптық орталықтарынан алуға болады.
Халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға қоныс аудару – мемлекет үшін стратегиялық маңызды қадам. Жыл сайын жүздеген отбасы жаңа өмірді Солтүстіктен бастап, мемлекет тарапынан ұсынылған тұрғын үймен, жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл тек көші-қон емес, болашаққа жасалған сенімді қадам.
