
Қазіргі таңда тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету – кез келген елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Шымкент қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жұмыс іздеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашу, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек нарығын жандандыру қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. Шымкенттің еңбек нарығы соңғы жылдары айтарлықтай динамикалық сипатқа ие болып отыр. Қаладағы өнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету және IT салалары белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлер мен мамандар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Еңбек нарығында әртүрлі мамандықтарға сұраныс артып, кәсіби кадрларды даярлау және қайта оқыту бағдарламалары іске асырылуда.
Тұрғындарды жұмыспен қамту шараларының бірі – бос орындар жәрмеңкесі. Мұндай жәрмеңкелерде жұмыс берушілер өздерінің ашық вакансияларын таныстырады, ал қала тұрғындары өзіне лайықты қызметті табу мүмкіндігіне ие болады. Жәрмеңкелер тек тұрақты жұмыс орындарын ұсынумен шектелмей, кәсіптік кеңес беру, резюме дайындау, тренингтер өткізу сияқты қосымша қолдау қызметтерін де қамтиды. Арнайы бағдарламалар арқылы жастар мен жұмыссыздарға жаңа кәсіптерді меңгеру, кәсіпкерлікпен айналысу, оқу бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі беріледі. Бұл шаралар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және қала экономикасын дамытуға септігін тигізеді.
Осы ретте, Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысы негізінде, бекітілген жоспарға сәйкес, Еңбекші ауданы, №94 ЖОМ ғимаратында аудан тұрғындарына арналған ақпараттық-насихаттық сипаттағы шағын жәрмеңке өткізілді.
Жәрмеңкеге 20-ға жуық жұмыс берушілер қатысып, 300-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Іс-шара барысында 70-тен асаазаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары субсидияланған жұмыс орындары туралы ақпарат таратылды. 17 борышкерлер қатысып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелді.
Пробация есебінде тұрған азаматтардың арасынан 8 азамат жәрмеңкеге келіп, 4 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды.
Сонымен қатар, 90 күннен асқан мерзімі өткен борышкерлерге «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы МӘМС жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстары кеңінен түсіндірілді. Түсіндіру барысында борышкерлерге МӘМС жүйесінің артықшылықтары, медициналық қызметтерге қолжетімділік, сақтандыру төлемдерінің тәртібі мен жеңілдіктері туралы толық ақпарат берілді. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтары мен міндеттері нақты түсіндіріліп, сақтандыру жүйесіне қатысты барлық сұрақтарына жауап берілді.
Мақсат – борышкерлерді медициналық қызметтерді пайдаланудан шет қалдырмай, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда қарызсыз өмір сүру мәдениетін қалыптастыру.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту, еңбек нарығы мен бос орындар жәрмеңкесін дамыту арқылы тұрғындарға сенімді және тұрақты өмір салтын қалыптастырып отыр. Бұл – қала үшін ғана емес, әрбір азамат үшін экономикалық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі.
