
Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі әрі өндірістік-экономикалық орталықтардың бірі. Қала халқының қарқынды өсуі, көлік санының жыл сайын артуы жол-көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді. Осы бағытта қалада соңғы жылдары ауқымды жобалар жүзеге асырылып, көлік қозғалысын оңтайландыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Қала ішінде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы жыл сайын ұлғайып келеді. Қолданыстағы көшелерді қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Соңғы жылдары мегаполисте ондаған шақырымға жуық жаңа жол салынса, ескірген учаскелерге толық жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мамандардың мәліметінше қаладағы жалпы жол 3 847 шақырымды құраса, оның 3 567 шақырымына асфальт-бетон жамылғы төселген.
Қазір жалпы ұзындығы 42,4 шақырымдық 19 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомагистралін қайта құру, көлік қозғалысын жеңілдету үшін Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр-Абылайхан көшелері бағыттарындағы балама жолдарды қосу жұмыстары бар. Сонымен бірге Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдері салынуда.
Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағынаудандарын қосатын жол және Қызылсай шағынауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді.
Биыл, сонымен қатар, 201 шақырымды құрайтын 323 көшені орташа жөндеу аяқталып, 559,9 шақырым ішкі орам және шалғай аймақ көшелеріне асфальт төселді. Қауіпсіздік мақсатында 201 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылып, 3 шақырым дыбысты жолақ сызылды, 80 шақырым тротуар салынды.
Жыл соңына дейін 2 291 көшенің барлығы толық жарықтандырылмақ. Сондай-ақ, 85 бағдаршам ITS жүйесіне қосылып, 31 жаңа бағдаршам орнатылды. Атқарылған жұмыстар Шымкенттің заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Қаратау ауданында да жол инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасуда. Ауданға қатысты Сайрам тұрғын алабында биыл жалпы 174 көшеге асфальт төсеу жоспарланған болатын.
Қазіргі таңда 164 көшеге асфальт төселіп, 13 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, 12 көшеге ирригациялық арық орнатылды.
Ауа райының қолайлы болуына қарай, қалған 10 көшеге асфальт төсеу және тротуар салу жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Мұндағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау.
Шымкент мегаполис ретінде көлік ағыны өте жоғары қалалардың қатарына кіреді. Осыған байланысты қалада жаңа жолайрықтар мен көпірлер салу, күрделі инженерлік шешімдерді қолдану – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Соңғы кезеңде салынған және салынып жатқан жолайрықтар: ірі магистральдардың өткізу қабілетін арттырды; таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта кептелісті айтарлықтай азайтты; жүк көліктерінің қозғалысын қала ішінен сыртқа бағыттауға мүмкіндік берді. Жолайрықтар тек көлік қозғалысын жақсартып қана қоймай, экологиялық ахуалға да оң әсер етуде — артық уақыт жоғалтатын көліктер саны азайғандықтан ауаға бөлінетін зиянды қалдық көлемі төмендейді.
Жол инфрақұрылымын жақсартуда қоғамдық көлік жүйесін дамыту да назардан тыс қалған емес. Қалада автобус бағыттарын оңтайландыру, аялдамаларды жаңарту, жаңа автобустар сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. «Ақылды қала» жобасы аясында: электронды билет жүйесі дамып келеді; автобустар қозғалысының картасы жаңартылды; диспетчерлік басқару орталығы іске қосылды.
Бұл шаралар жолаушылардың уақытын үнемдеп, қоғамдық көлікті қолжетімді әрі тиімді етуді көздейді.
Жол инфрақұрылымын дамыту – қаланың экономикалық әлеуетін арттыратын, тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын стратегиялық бағыт. Шымкентте бұл салада нақты жұмыстар атқарылып, көлік жүйесі жыл сайын заманауи талаптарға сай жаңарып келеді.
Мегаполистің дамуы жолдардан басталатынын ескерсек, бұл бағыттағы әрбір жоба қала келбетіне ғана емес, тұрғындардың күнделікті жайлы өміріне тікелей ықпал етеді.
