Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

image.png

Шымкент қаласында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда басқарма басшылары он айда атқарылған жұмыстарын баяндап, кеңес мүшелері тарапынан өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жиынға Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Серғазы Әбілхаиров, Орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Малик Абдинуров, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов және Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков қатысып, өз салаларына қатысты есеп берді.

Кеңес отырысында алдымен Дін істері басқармасының басшысы Серғазы Әбілхаиров қаладағы діни ахуалдың тұрақтылығы мен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қалада бүгінде 12 конфессия өкілдерін біріктіретін 32 діни бірлестік тіркелген. Соңғы он айда діни экстремизмнің алдын алу мақсатында бес мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, жарты миллионнан астам тұрғын қамтылған. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-ағартушылық бағыттағы төрт жарым мыңнан астам материал жарияланып, миллионнан астам қаралым жинаған. Басқарма басшысы діни тұрақтылықты сақтау үшін қоғамның, БАҚ пен белсенді азаматтардың бірлесе әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.

Отырыста Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов инженерлік инфрақұрылым саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Бүгінде Шымкент қаласының ауыз сумен қамтылуы 99,5 пайызға жеткен. Құрсай шағынауданында су жүйесі толық аяқталып, тұрғындар орталық желіге қосылған. Ал кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 70 пайызға дейін артқан. Электр энергиясымен қамтамасыз ету 100 пайыз болса, табиғи газға қосылу көрсеткіші 97,4 пайызды құрап отыр. Оның айтуынша, келер жылы Қызылжар-2, Тассай, Достық және Алтынтөбе елді мекендерінде газ және су жүйелерін жүргізу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ қаланың сыртқы жарықтандыру жүйесі де жаңартылып, соңғы жылдары үш мыңнан астам көше жарық шамдарымен қамтылған.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Малик Абдинуров өз есебінде құрылыс сапасын бақылау, лицензиялау және тұрғын үй инспекциясы бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Жыл басынан бері 1800-ден астам құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша хабарлама тіркеліп, заңсыз құрылыстарға қатысты 345 хаттама толтырылған. Нәтижесінде 92,9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ тұрғын үйлердегі лифт шаруашылығы мен газ қауіпсіздігі мәселесіне де назар аударылған. Биыл 28 лифт жаңартылып, 174 мыңнан астам жадынама таратылған. Ол қаладағы құрылыс мәдениетін арттыру мен заңсыз нысандардың алдын алу басты міндеттердің бірі екенін айтты. Кеңес барысында мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков те есеп беріп, сатып алу саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен бөлісті. Кеңес мүшелері бұл салада бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы мен конкурстардың әділ өткізілуін басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Әсіресе, мектептер мен балабақшалардағы тамақтандыру қызметін ұйымдастыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мәселесі ерекше айтылды.

Жиынның жалпы отырысында кеңес мүшелері дін, қоғамдық тәртіп, ақпараттық қауіпсіздік және инфрақұрылым салаларындағы өзекті мәселеге қатысты сауалдарын қойды. Қоғам белсенділері «құдай тамақ», «жетісі», «қырқы» сияқты ас беру рәсімдерінде имамдар уағыздарын барынша қысқа әрі мазмұнды етуге тиіс екенін, уағыздарда тек діни рәсімдер ғана емес, адамгершілік пен ізгі амалдар туралы көбірек айтылуы керектігін ұсынды. Сонымен қатар, қалада дәстүрлі емес діни ағымдармен жұмыс жүргізудің тиімділігін арттыру, теолог мамандардың санын көбейту және олардың еңбекақысын көтеру мәселелері де қозғалды. Кеңес мүшелері діни мазмұндағы тауар сататын дүкендер мен «халал» атауымен ашылған оқу және сұлулық орталықтарында да теріс идеология таралу қаупі бар екенін айтып, олардың қызметіне тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта теологтар мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы маңызды деп танылды.

Инфрақұрылым тақырыбына қатысты кеңес мүшелері кейбір шағын аудандарда газ жүйелерінің жекеменшік компаниялар иелігінде болуы тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырғанын айтты. Мұндай нысандарды коммуналдық меншікке өткізу және газ қысымының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылдау ұсынылды. Сондай-ақ, лифттердің техникалық жағдайы мен тұрғын үйлердің қысқы маусымға дайындығы мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Кеңес төрағасы Бұқарбай Парманов жиын соңында кейбір басқармалардың есепті уақытылы ұсынбағанын және қоғам алдында ашық болу қажеттігін сынға алды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жүйелі және нақты есеп беруді үйренуі керек, өйткені ашықтық пен есептілік халық сенімін арттырудың басты кепілі болып келеді. Кеңес мүшелері барлық көтерілген мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар әзірлеп, желтоқсан айында басқармалардың қайта есеп беруін талап етті. 

Жиын қорытындысында Қоғамдық кеңес қоғам мен билік арасындағы ашық диалог алаңы ретінде өзінің негізгі миссиясын жалғастыра беретінін атап өтті. Кеңес мүшелерінің пікірінше, мемлекеттік органдардың жұмысы ашық әрі әділ болған жағдайда ғана тұрғындардың өмір сапасы жақсарып, қала дамуының қарқыны артады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Юнисеф жастарының хабы ашылды
  • Еңбекші ауданында цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары өтті
  • Шымкенттегі жол торабының жаңаруы: негізгі жобалар мен атқарылған жұмыстар
  • Табиғи тасты заманауи өнерге айналдырған орын
  • Өңір өндірісіне түрленген тыныс
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер