Өнер және білім саласында жасанды интеллектті қолданудың өзекті мәселелері талқыланды

 image.png

     XXI ғасырдың басты феномендерінің бірі – жасанды интеллекттің (ЖИ) қарқынды дамуы. Ол медицинаны, өнеркәсіпті, білім беру жүйесін ғана емес, шығармашылық саланы да түбегейлі өзгертіп жатыр. ЖИ арқылы сурет салу, музыка жасау, мәтін генерациялау, бейне контент құрастыру сияқты бағыттар бұрын тек адамның шығармашылық қабілетіне тәуелді болса, бүгінде машиналық алгоритмдер үшін қолжетімді мүмкіндіктерге айналды. Бұл құбылыс қоғамда жаңа сұрақтар туғызды: ЖИ өнерге қауіп төндіре ме, әлде шығармашылықтың жаңа көкжиегін аша ма? Қандай әлеуметтік мәселелер пайда болды? Білім беру саласы бұл өзгерістерге қалай бейімделуі тиіс?

     Бүгін Оқу-ағарту министрлігінің Talap КеАҚ, Шымкент қаласының әкімдігі және Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және өнер: әлеуметтік аспектілер және білім» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

     Іс-шараның мақсаты – жасанды интеллект технологияларының қазіргі қоғамдағы орны мен рөлін түсіндіру, оның өнер мен білім беру салаларына ықпалын талдау, сондай-ақ осы бағыттағы этикалық және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін қарастыру.

    Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллектінің адам шығармашылығымен өзара байланысын, шығармашылық ізденісті кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерін және цифрлық мәдениеттің болашақ даму үрдістерін талқылады. Жиын ғылыми қауымдастық, білім беру ұйымдары және шығармашылық мамандар үшін тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаңға айналды.

    Колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Тастанбеков семинардың маңыздылығын атап өтіп, жасанды интеллектінің педагог кадрлардың кәсіби дамуына әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, жаһандану жағдайында жасанды интеллект білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде және мұғалімдер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. «Семинар жасанды интеллект пен өнер саласындағы заманауи үрдістерді талқылауға, сонымен қатар педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған маңызды тәжірибе алаңы болды. Түрлі білім беру мекемелерінен келген мамандар жасанды интеллектіні оқу үдерісіне тиімді енгізу жолдарын ортаға салды», – деді ол.

    Өнер және дизайн кафедрасының меңгерушісі Зульфия Иманқұлова жасанды интеллектінің оқу және шығармашылық үдерістегі қолданысын нақты мысалдар арқылы  түсіндіріп, бұл технологияның оқытушылар еңбегін жеңілдетумен қатар, студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

    «Жасанды интеллект презентацияларды дайындау, талдамалық материалдарды әзірлеу және сабаққа дайындалу барысында уақытты үнемдеуге көмектесетін тиімді құрал болып отыр. Ал өнер саласында бұл студенттердің қиялын кеңейтіп, жаңа идеяларға жол ашады. Дегенмен, жасанды интеллект шаблон беруші ғана, ал шынайы шығармашылық еңбек адамның өзіне тән. Егер жұмыс толықтай жасанды интеллектіге тәуелді болса, авторлық құқық пен туындының даралығы жоғалуы мүмкін», деп атап өтті ол. Маманның пікірінше, ең маңыздысы - технологияны орынды пайдалану және студенттің өз қолтаңбасын сақтап қалуға негізделуі керек.

   Семинарға қатысқан колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Досжан Жұмабаев та жасанды интеллектінің білім беру процесін ұйымдастырудағы тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, колледж әкімшілігі оқу жоспарларын әзірлеуде, сабақ кестесін құруда және құжат айналымын оңтайландыруда маңызы зор. «Жасанды интеллект адамның ойлау қабілеті мен техникалық мүмкіндіктерді тоғыстыратын ерекше құралға айналғаны жақсы. Оқу процесін жоспарлауда, құжаттарды жүйелеуде және ақпаратты құрылымдауда ол жұмысты едәуір жеңілдетеді. Ал студенттер үшін оның маңызы одан да жоғары: эскиздер жасау барысында арнайы бағдарламалар композиция құруға, идеяны бағыттауға, қиялды дамытатын қосымша мүмкіндіктер береді. Бұл олардың шығармашылық деңгейін арттыруға ықпал етеді», деп отыр.

    Семинарға Шымкент қаласының Білім басқармасынан және халықаралық деңгейдегі сарапшылардың қатысуы іс-шараның маңызын одан әрі арттырды. Олар жасанды интеллектінің білім беру мен өнер саласындағы әлеуметтік, этикалық мәселелерін де талқылады. Әсіресе авторлық құқық, академиялық адалдық, жасанды интеллектіге тәуелділік сияқты тақырыптар төңірегінде сындарлы пікір алмасу өтті.

    Жасанды интеллект пен өнердің үйлесуі – жаңа дәуірдің басталғанын көрсетеді. Бұл бір жағынан шығармашылықтың жаңа мүмкіндіктерін ашса, екінші жағынан әлеуметтік жауапкершілікті қажет ететін күрделі процестерді қамтиды. Қоғам, білім беру жүйесі және мәдениет саласы осы өзгерістерге бейімделіп, ЖИ-дің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, ұлттық және адамзаттық өнер құндылықтарын сақтауы тиіс.

    ЖИ – өнерді алмастыратын құрал емес, оны жетілдіретін, жаңа бағытқа бастайтын серіктес. Ең бастысы – технологияның дамуы адамның шығармашылық болмысын әлсіретпей, керісінше күшейтуге қызмет етуі.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 26,7 тыс. человек получили дополнительную поддержку с применением скоринговой модели
  • Өнер және білім саласында жасанды интеллектті қолданудың өзекті мәселелері талқыланды
  • Юнисеф жастарының хабы ашылды
  • Еңбекші ауданында цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары өтті
  • Шымкенттегі жол торабының жаңаруы: негізгі жобалар мен атқарылған жұмыстар
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер