Қаланың тыныс-тіршілігі үздіксіз жалғасуы үшін мыңдаған маман күнделікті өз жұмысын атқарып келеді. Бірақ сол мамандардың ішінде көзге көрінбей, түнгі ауысымда да, аптап ыстықта да, қысқы суықта да қаланың су жүйесін тоқтатпай ұстап тұратын ерекше мамандық иелері бар. Солардың бірі — су сорғы станциясының операторы. Бұл еңбек адамының күнделікті еңбегі – тұрғындардың үйіне таза су жеткізіп, қаланың барлық инженерлік жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды міндет. Осындай маңызды міндетті мінсіз орындап жүрген жанның бірі – Мұрат Шағырбаев.
Кейіпкеріміз 1963 жылы 11 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы (бұрынғы Алғабас), Шалдар совхозының Сарқырама ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Сарқырама сегізжылдық мектебіне барып, 1978 жылы 8-сыныпты аяқтады. Сол жылы Шымкент қаласындағы №32 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, кейін Алматы қаласында сварщик мамандығы бойынша білім алды. 1980 жылы АДК комбинатында алғашқы еңбек жолын бастады.
1982–1984 жылдары Псков облысы, Струги-Красные әскери қалашығында Отан алдындағы борышын өтеді. 1988 жылдың 22 қаңтарынан бастап «Водоканал» мекемесінде орталық диспетчерлік қызметте, авариялық бригадада дәнекерлеуші болып жұмысқа кірді. Сол уақыттан бері бір мекемеде 37 жыл үздіксіз еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда су сорғы станциясының 20 жылдық тәжірибесі бар операторы ретінде абыройлы қызмет атқаруда.
Сорғы станциясы – бүкіл қаланың «су жүрегі». Мұндағы кез келген жүктеме, қысым немесе ток ауытқуы – үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Сол себепті оператордың еңбегі әр секунд сайын маңызды. Бұл – тек техникалық біліктілік емес, жоғары жауапкершілікті талап ететін мамандық. Су – өмірдің негізі. Ал оны халыққа жеткізетін – еңбек адамы. Оператор – шын мәнінде қоғамға қызмет етіп жүрген, әр күні қалаға тіршілік нәрін жеткізіп, мамандығына адалдық танытқан еңбек адамы. Оның еңбегі байқалмауы мүмкін, бірақ оның жұмысы – қаланың қалыпты өмір сүруінің басты шарты.
Мұрат Қадырбекұлы - өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, көп жылдық тәжірибесімен ерекшеленетін білікті маман.
2000 жылы Дауырбаева Матлубамен некеге тұрып, екі қыз тәрбиелеп отыр. Бұрынғы отбасынан бір ұл және бір қызы бар.
Осындай қарапайым, бірақ жауапты мамандар – елдің тыныштығын, тұрақтылығын және дамуын қамтамасыз ететін шынайы еңбек адамдары.
