Ұлағатты өмір – ұрпаққа өнеге

image.png

Шымкент қаласы Полиция департаментінде милиция генерал-майоры Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Жеңісбай Сұлтановтың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департаменттің жеке құрамы және «Жас сақшы» арнайы сыныптарының оқушылары қатысты.

Салтанатты кездесу даңқты батыр Б.Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен бастау алды. 

Кездесу кешінің алғашқы құттықтау сөзін Оқу орталығының бастығы полиция полковнигі Алиев Асылбек Қадырұлы бастады.

Кеш қонақтары Аманат партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Иманқұлов Абдез Рахманұлы, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бейсенбаев Арман Арун-Рашидұлы, Қазақстан Республикасы ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу Орталығының ардагерлер кеңесінің төрағасы зейнеттегі полиция полковнигі Нұрымбетов Әділхан Әбілқасымұлы қатысып тілек білдірді.

Мерекелік жиын басталар тұста генералдың өмірі мен қызмет жолына арналған бейнероликтің көрсетілімінен басталды. Бұл кеште бірқатар қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Олардың қатарында прокуратура органдарының ардагері Кәрім Абдуқадыр, ҰҚК ардагері Ақжігіт Исабеков, ҚАЖД бастығы Сапарғали Жұмағұлов, ІІО ардагерлері Меруерт Аталыкова мен Үсенбатыр Арзықұлов, сондай-ақ департамент бастығы Нұрлан Алмасбеков болды. Олар өз сөздерінде генералдың кәсіби жолын, адамгершілік қасиетін және ішкі істер саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Оқу орталығының ұжымы мен тыңдаушылары арасында салиқалы байланыс, ашық сұхбатпен өрбеген келелі кездесу тың серпіліс, өмірлік өнеге болды.

Жеңісбай Сұлтанов ішкі істер органдарында отыз жылдан астам уақыт абыройлы қызмет атқарған. Ол Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімінде, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІБ жол полициясы бөлімінде, сондай-ақ облыстық және қалалық ІІБ басшылық лауазымдарында еңбек етті.

1995 жылы оған милиция генерал-майоры атағы берілді. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі адал қызметі мен жоғары кәсібилігі үшін ол КСРО және Қазақстан Республикасының он бес медалімен, «Милиция үздігі» төсбелгісімен және КСРО ІІМ академиясының медалімен марапатталған.

Қызметтік және қоғамдық жұмыстағы белсенділігімен, қарапайымдылығы мен адамгершілігі арқылы генерал Сұлтанов әріптестері мен жас полицейлердің зор құрметіне бөленген тұлға.

Мерейтой барысында генералға арналған құттықтау сөздер, музыкалық нөмірлер мен ізгі тілектер айтылып, қатысушылар жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.

«Жеңісбай Әбдікәрімұлы – ішкі істер органдарының абыройын асқақтатқан, өмірін Отанға адал қызмет етуге және жас буынды тәрбиелеуге арнаған тұлға», – деді шара қатысушылары.  Жеңісбай Сұлтанов – ішкі істер органдарының абыройы, өмірін Отанға адал қызмет ету мен құқық қорғау саласының жас буынын тәрбиелеуге арнаған тұлға.

Өз саласының шыңын бағындырған тұлға 1997 жылдың маусымы мен 2002 жылдар аралығында ҚР Ішкі істер минстірлігі Б.Момышұлы атындағы Оқу орталығының бастығы болды.

2002 жылы Жеңісбай Әбдікәрімұлы құрметті зейнеткерлікке шықты. Алайда ішкі істер органдары саласынан қол үзген жоқ. Әлі күнге дейін полиция қызметкерлері өткізген маңызды іс-шараларға қатысып, кейінгілерге керекті ақыл-кеңестерімен, қауіпті қызметтің қыр-сырымен бөлісіп келеді. Өнегелі өмір сүру салты мен өзіндік ұстанымы болған тұлға өскелең ұрпаққа үлгі, мінсіз өмір мектебі.

Бұл мерейтой – ел тыныштығы мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде тер төккен ардагерлердің еңбегін ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі көрсетуге бағытталған тағылымды шара болды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным
  • Қызмет пен отбасы құндылықтарын тең ұстаған жан
  • Рухани жағдайды көтеру – түзелу жолындағы алғашқы қадам
  • Шымкентте «Өндіріс жастары – кәсіби өсу алаңы» атты форумы өтті
  • Көрінбейтін, бірақ аса жауапты қызметтің иесі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер