
Тамақ өнеркәсібі саласында наубайшы мамандығының маңызы әрқашан ерекше. Күнделікті тұтынатын нан өнімдерінің сапасы, ассортименті мен қауіпсіздігі осы мамандардың кәсіби білімі мен шеберлігіне тікелей байланысты. Шымкент қаласындағы «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжі наубайшы даярлау ісінде өңірге танымал оқу орны ретінде қалыптасқан. Колледждің «Наубайшы» мамандығы заманауи өндіріс талаптарына сай әзірленген дуалды оқу жүйесі арқылы оқытылады. Студенттерге: ұн және ашытқы өнімдерінің қасиеттері, қамыр әзірлеудің дәстүрлі және инновациялық тәсілдері, ұлттық және еуропалық нан түрлерін дайындау, қопсытқыштармен, ашытқылармен жұмыс істеу, өндірістік санитария және тағам қауіпсіздігі (HACCP), пештер мен технологиялық жабдықтарды басқару сияқты негізгі бағыттар үйретіледі.
Кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы кәсіби мамандықтар – ел болашағының іргетасы. Бұл – тек мамандық емес, өмірлік жол, өзіңе деген сенім мен кәсіби өсу жолындағы алғашқы баспалдақ. Әрбір студент өз ісіне жауапкершілікпен қарап, білікті маман болуға ұмтылуда. «Мен болашақ наубайшымын. Бұл менің таңдаған жолым. Қарапайым қамыр үлкен махаббат пен еңбектің жемісі. Нан адал еңбектің иісі, берекенің белгісі. Наубайшы болу менің мақтанышым. Кәсібім менің тағдырым»,- дейді наубайшы тобының студенті Ережеп Саят.
Наубайшы мамандығы – тек рецепт орындау емес. Бұл – иленген қамырдың мінезін сезіну, өнімнің сапасын бақылау, жылу мен уақыттың үйлесімін дәл таба білу. Сондықтан колледж студенттері тек тәжірибелі оқытушылардан білім алып қана қоймай, күнделікті өндірістік ортада өз қолымен жұмыс істеп, кәсіби дағдыны толық меңгереді.
Колледжде наубайшы мамандығына арналған оқу-өндірістік наубайхана, заманауи пештер, қамыр илеу және қалыптау машиналары, қантты, ашытқылы және қатпарлы қамырларды әзірлеуге арналған жабдықтар, кәсіби зертханалық кабинеттер толық орнатылған. Бұл жағдай студенттерге нақты өндіріс деңгейіндегі тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. «Наубайшы мамандығын таңдағаныма ешқашан өкініш білдірмедім. Нан пісіру – жай ғана жұмыс емес, ол үлкен еңбек пен дәлдікті талап ететін шығармашылық процесс. Колледждегі оқу маған осы мамандықты терең меңгеруге мүмкіндік берді. Әр сабақта жаңа нәрсе үйренеміз: қамырдың түр-түрін дайындау, температура мен уақытты дұрыс есептеу, наубайхана жабдықтарымен жұмыс істеу – бұлардың әрқайсысы өз алдына үлкен жауапкершілік. Маған әсіресе практикалық сабақтар қатты ұнайды. Біз өз қолымызбен нан, тоқаш, бәліш және әртүрлі ұн өнімдерін әзірлейміз. Оқытушыларымыз тәжірибелі, бізге әр кезеңде бағыт-бағдар көрсетіп, кәсіби кеңестер беріп отырады. Сол үшін де өзімді болашақ наубайшы ретінде сенімді сезінемін»,- дейді Саят.
Колледждің наубайшы мамандығын меңгерген жас шеберлері түрлі қалалық, республикалық және халықаралық байқауларда өз өнерін көрсетіп келеді. Олар ұлттық нан, бәліш, тоқаш және заманауи пісірмелер категорияларында тәлімгерлерінің жетекшілігімен жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Колледждің білім алушылары Түркия, Өзбекстан, Ресей сияқты елдерде өткен тағам және нан өнімдері бойынша фестивальдерге қатысып, кәсіби тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік алды.
Наубайшы – еңбек нарығында тұрақты сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Колледж түлектері наубайханаларда, кондитерлік цехтарда, мейрамханаларда, қонақ үйлердің асүйлері мен өндірістік бөлімдерінде табысты қызмет атқарып жүр. Түлектерінің басым бөлігі дуалды оқыту аясында тәжірибеден өткен кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа орналасуда.
«Бұл мамандықтың тағы бір ерекшелігі – өз еңбегіңнің нәтижесін бірден көресің. Пештен шыққан жаңа піскен нанның иісі, дайын өнімнің әдемі көрінісі – мен үшін үлкен қуаныш. Алған білімім арқылы болашақта өз наубайханамды ашуды армандаймын. Колледж маған осы арманға жету жолындағы берік негізді қалыптастырып жатыр»,- дейді болашақ наубайшы.
«Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжі наубайшы мамандығын тек техникалық білім берумен шектемей, оны шығармашылық деңгейде дамытуға басымдық береді. Студенттер жаңа рецептер ойлап табу, өнім дизайнын жасау, ұлттық нан түрлерін жаңғырту бағыттарында жиі жобалық жұмыстар атқарып жүр.
Нан – халықтың басты асы. Ал оны дайындау – үлкен жауапкершілік пен ептілікті талап ететін еңбек. Колледж осы жауапты істі атқара алатын білікті, шебер, еңбекқор наубайшыларды даярлауды өз міндеті санайды.
