Бәсекеге қабілетті маман даярлау жолында 80 жыл!

  image.png      

  Қазіргі заманда еңбек нарығы бәсекеге қабілетті, кәсіби мамандарды талап етеді. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кәсіптік білім беруді жаңа деңгейге көтеру – мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда кәсіптік-техникалық колледждердің атқаратын рөлі зор.

       Кәсіптік колледж ұстаздарының айтуынша, бүгінгі таңда қоғамға нақты іс тындыра алатын, қолымен жұмыс істейтін, өндіріс пен шаруашылықтың дамуына үлес қоса білетін мамандар ауадай қажет. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру – тек колледждердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Себебі елдің экономикасы білікті жұмысшылардың еңбегімен тікелей байланысты.

      Бүгінде дуалды оқыту жүйесін жетілдіру бағытында тың қадамдар жасалып жатыр. Бұл жүйе студенттердің теориялық білімді ғана емес, өндірістік тәжірибені де қатар игеруіне мүмкіндік береді. Яғни оқушы білім ордасында оқып жүріп, кәсіпорындарда еңбек етеді. Мұндай әдіс мамандардың кәсіби дайындығын күшейтіп, оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа бейімделуін жеңілдетеді.

       Шымкент қаласындағы  «Индустриалды техникалық» колледжінде  2025–2026 оқу жылында дуальды оқыту жүйесі аясында 549 студент білім алуда. Бұл жалпы контингенттің 35,6%-ын құрайды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданған 450 студентпен қаладағы орта және шағын кәсіпорындар, сондай-ақ шефтік серіктес мекемелер арасында ҚР БҒМ-нің 2016 жылғы 21 қаңтардағы №50 бұйрығы негізінде үшжақты келісімшарттар түзілді. Колледж басшылығының мәліметінше  биыл 41 студент кәсіпорындардың мақсатты сұранысы негізінде оқуға қабылданған.  2024–2025 оқу жылын аяқтаған түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 89%-ға дейін жеткен.

  Кәсіптік колледждің материалдық-техникалық базасы да жылдан жылға жаңарып келеді. Заманға сай құрал-жабдықтар, зертханалық кабинеттер, өндірістік цехтар мен оқу-жаттығу орындары – студенттердің кәсіби машықты толық меңгеруіне жағдай жасайды. Сонымен бірге, колледж бен жергілікті кәсіпорындардың ынтымақтастығы нығайып, оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай жаңартылуда.

   Осы орайда қаладағы «Gigant Energy» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан колледж студенттерінің жұмыс барысымен танысу мақсатында өндіріс орнына іссапар ұйымдастырылды. Бөлім меңгерушісі Қозыбаев Самат  студенттердің күнделікті міндеттерді орындау үдерісін бақылап, олардың кәсіби дағдыларының қалыптасуын жіті назарға алды. 

    Тәжірибеден өтуші студенттер теориялық білімдерін тәжірибеде бекітіп, өндірістік ортадағы нақты жұмыс процестерімен танысып, жаңа дағдыларды меңгеріп келеді. Қауіпсіздік техникасын сақтау, жабдықтармен дұрыс жұмыс істеу, технологиялық процестерді түсіну – олардың кәсіби шыңдалуына маңызды үлес қосуда.

    Самат Қабылұлы студенттердің белсенділігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтіп, болашақта білікті маман ретінде қалыптасуына сенім білдірді. Өндірістік тәжірибе – кәсіби өсудің маңызды кезеңі. Барлық студенттерге өз білімін тереңдетіп, тәжірибесін байытуда сәттілік тілейміз!

      Сондай-ақ, Индустриалды техникалық колледж студенттері қазіргі таңда «Chevrolet Center» автосервис орталығында өндірістік практикадан өтуде.  Өндірістік оқыту шебері Юсупбаев Бауыржан  практика барысын бақылап, студенттердің оқу-өндірістік тапсырмаларды орындау деңгейімен танысып қайтты. Практиканың негізгі мақсаты – болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын шыңдау, заманауи автокөлік диагностикасы мен жөндеу технологияларын меңгерту, сондай-ақ өндірістік ортада жұмыс тәжірибесін арттыру.

       Chevrolet Center – Chevrolet маркалы көліктерге сервистік қызмет көрсететін, техникалық диагностика, жөндеу және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейтін заманауи автоорталық. Колледж студенттері үшін бұл орталық кәсіби шеберліктерін дамытудың тамаша алаңы болып табылады.

       Бауыржан Жақсылықұлы студенттердің белсенділігі мен ынтасын атап өтіп, теорияны тәжірибемен ұштастырудың маңызын ерекше жеткізді.

        Аталған колледждің шәкірттері сонымен қатар  өз мамандықтары бойынша кәсіби дағдыларын жетілдіру мақсатында ТОО "Karlskrona LC AB" кәсіпорнында өндірістік практикадан өтуде. Практика барысында студенттер заманауи өндірістік жабдықтармен жұмыс істеуді, технологиялық процестерді, еңбек қауіпсіздігі талаптарын және кәсіпорынның өндірістік мәдениетін меңгеріп жатыр.

       Бөлімше меңгерушісі Сағындыков Маркус  өндіріс орнына барып, студенттердің практика барысын тексеріп, тәжірибе алу деңгейін бақылауға алды. Ол студенттердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыруда өндірістік тәжірибенің маңызы зор екенін атап өтті.

        Практиканың мақсаты: Студенттердің теориялық білімін нақты өндірістік ортада бекіту; Жұмыс процесінде қолданылатын жаңа технологиялармен таныстыру  Болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру;  Еңбек тәртібі мен өндірістік жауапкершілікті қалыптастыру.

       ТОО "Karlskrona LC AB" – металл өңдеу және машина жасау саласында қызмет көрсететін, жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген заманауи өндіріс орны. Студенттер осында нақты өндірістік міндеттерді орындап, тәжірибелік дағдыларын дамытуды жалғастыруда.

        Колледж ұжымы өндірістік тәжірибені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен кәсіпорынға алғысын білдіреді!

image.png

      Колледж базасында да оқу таныстыру практикасы жалғасуда. Өндірістік оқыту шебері Раева Карлығаштың  жетекшілігімен Электржабдықтары мамандығының студенттері алғашқы кәсіби дағдыларын меңгеріп жатыр.  Практика барысында студенттер: электржабдықтарының құрылымы мен жұмыс істеу принциптерімен танысуда;  қауіпсіздік талаптарын меңгеруде;  зертханалық-тәжірибелік жұмыстар орындау арқылы кәсіби қабілеттерін шыңдауда.

      Бұл тәжірибе – болашақ білікті маман болуға жасалған алғашқы қадам. Жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған жыл аясында колледж  студенттері  өз саласына деген қызығушылығын арттырып, еңбек нарығына қажетті дағдыларды игеруде.

     Жұмысшы мамандықтарды таңдаған жастар өз мамандықтарының қыр-сырын меңгеру үшін колледж басшылығы қаладағы ірі кәсіпорындарға жиі экскурсия ұйымдастырып тұрады. Айталық жақында колледждің технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару,  электромонтер,  токарь,  электргазбен дәнекерлеуші мамандығында оқитын студенттер  оқу таныстыру практикасы аясында ТОО "Электроаппарат" және ТОО "Шымкентский Механический завод" кәсіпорындарына экскурсияға барып қайтты.

         Экскурсияның негізгі мақсаты – студенттерді өндірістік ортамен таныстыру, мамандық бойынша практикалық дағдыларын дамыту және кәсіби қызығушылығын арттыру болып табылады. Кәсіпорын өкілдері студенттерге өндіріс процесінің барлық кезеңдерін таныстырып, заманауи жабдықтармен жұмыс істеу принципін көрсетті. Студенттер құрал-жабдықтарды қолдану, өндіріс кезеңдерін бақылау, техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау сияқты тәжірибелік дағдыларға алғашқы қадам жасады.

      Бұл экскурсия студенттерге тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік процеске көзқарас қалыптастыруға, кәсіби бағытты таңдауда сенімділік арттыруға мүмкіндік берді.

     «Еңбек адамын дәріптеу – біздің басты мақсатымыз!» деген оқу орнының ұстаздары   өндірістік орнында тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің еңбегі мен кәсіби шеберлігін көрсету бағытында жаңа медиа жоспарды  жүзеге асырып жатырмыз дейді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, еңбек адамының қоғамдағы рөлін таныту және дәріптеу. Яғни әр апта сайын өндіріс орындарында жүрген студенттер мен олардың тәжірибе жетекшілері туралы арнайы бейнемазмұн дайындалып, көпшілікке ұсынылады. Бұл видеолар арқылы студенттердің нақты ортадағы кәсіби дағдылары, еңбек мәдениеті және шеберлігі кеңінен насихатталады. Сонымен қатар, колледж базасында өтетін оқу-өндірістік практикалардың барысы да жүйелі түрде көрсетіліп, оның сапалы әрі нәтижелі жүруі назарда болады. Бұл – 2025 Жұмысшы мамандықтар жылына қосылған маңызды үлес.

       Индустриялды техникалық колледж бұл тек сапалы білім ордасы ғана емес, сонымен қатар саналы тәрбие мен тәлімнің ошағы. Оқу орнында жастарды тек кәсіпке баулып қана қоймай, адалдыққа, еңбексүйгіштікке баулу жұмыстары да қатар жүргізіледі. Соның бір дәлелі жақында  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша «Адал ұрпақ - жарқын болашақ кепілі» тақырыбында  колледж жастары арасында кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, нашақорлықтың қоғамға тигізер зияны, және адал еңбектің қадірі жайында кеңінен әңгіме қозғалды.

     Кездесуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінің мүшесі  Жазира Тілеубергенқызы, Шымкент қаласы заңгерлер палатасының заңгері Мырзабай Нұрлан және Жоғарғы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен жұмыс бөлімінің инспекторы Ақанқызы Айгерім қатысты.

     Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты адалдық пен әділдікке тәрбиелеу, олардың бойында қоғамға пайдалы тұлға болуға деген сенім мен ынтаны арттыру. Сонымен қатар, қатысушыларға өз өміріне және болашағына жауапкершілікпен қарау, теріс әрекеттерден аулақ болу туралы түсінік берілді.

      Ұрпақтар сабақтастығы – бұл жастар мен аға буын арасындағы байланысты нығайтуға, тарихи және моральдық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды шара. Мұндай кездесулер жас буынды тәжірибелі адамдардың өмірлік тәжірибесімен таныстырып қана қоймай, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Колледж қабырғасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша “Еңбегі адал- жас өрен” жобасы аясында әртүрлі мамандық өкілдерімен  кездесу ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Айталық  таяуда  ардагер, өмірлік тәжірибесі мол азамат – Берікбаев Талғат Айтбайұлымен тағылымды кездесу өтті.

     Кездесу барысында ардагер өз өмір жолы, қызметтік тәжірибесі және елге сіңірген еңбегі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ол жастардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. 

     Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық мәселесіне тоқталып, жастарды тәрбиелеуде отбасының, мектептің және қоғамның рөлін айрықша атап өтті. Ардагердің айтуынша: «Қазір жастарға еркіндік көп, бірақ жауапкершілік те соған сай болуы керек. Әр бала өз ісіне, өз сөзіне жауап бере білсе, қылмыс азаяды. Еліміздің ертеңі – сендердің қолдарыңда», – деді  Талғат Айтбайұлы.

    Кездесуде оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өмірлік кеңес алды. Ардагердің өмір жолынан өнеге алған жас буын болашақта елінің адал азаматы болуға уәде етті. 

        Сонымен қатар профориентолог, эксперт маман Қанат Әбілдабеков жастармен ашық әңгіме жүргізіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістер, жаңа кәсіптер мен болашақ мамандықтар жайында мағлұмат беріп, кәсіби дамудың маңыздылығын атап өтті.

       Кездесудің мақсаты - студенттерге кәсіби бағыт-бағдар беру, мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауға ықпал ету, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру және табысты карьера қалыптастыру жолдары туралы түсінік қалыптастыру.

       Индустриалды-техникалық колледжі базасында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында  «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша аймақтық кәсіби шеберлік байқауын да  ұйымдастырды. Байқауға Шымкент қаласы, Қызылорда облысы мен Түркістан облысының колледждері қатысты. Іс-шараның ашылу салтанаты колледждің акт залында салтанатты түрде өткізіліп, қатысушыларға оқу орнының материалдық-техникалық базасы таныстырылды.

       Бұл байқау жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Байқау нәтижесі бойынша:  I орын – Башаров Қайрат Маратұлы (Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі),  II орын – Ыстамқұл Саят Абайұлы (Энергетика және байланыс колледжі),  III орын – Адашев Шерзод (Шымкент аграрлық-техникалық колледжі),  III орын – Юлдашев Бахрид (Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледж).  Арнайы номинациялар: «Жаңашыл дәнекерлеуші» – Тойымбетов Дулат (Индустриалды-техникалық колледжі), «Шығармашыл дәнекерлеуші» – Юлдашев Ихтияр (Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі)

      Аталған  дода дәнекерлеу ісі мамандығының беделін арттыру, тәжірибе алмасу және кәсіби шеберлікті шыңдау мақсатында өткізілді.

      Колледж базасында өткен «Мамандықтан шеберлікке – шеберліктен жеңіске!» байқауы аясында қаладағы №26 Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушылары колледжге ашық есік күні аясында келді.

Болашақ талапкерлерге колледждің материалдық-техникалық базасы, шеберханалар мен зертханалар таныстырылып, мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Оқушылар кәсіби байқаудың қызықты сәттерін тамашалап, дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша шеберлік көрсетілімдерін көрді.

 Осындай кездесулер оқушылардың мамандық таңдаудағы қызығушылығын арттырып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған.

       Колледж ұжымы «Жұмысшы мамандықтарды» насихаттау жұмыстарына айрықша көңіл бөліп, көптеген ілкімді істердің бастамашысы болып жүр.  Колледжің бұл бастамасын «AMANAT» партиясы да қолдауда. Соның бір мысалы «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы аясында  колледжде «Ашық есік күні» өткізілді.

     Бұл шараның негізгі мақсаты — еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру және жастарды нақты өндіріс саласына бағыттау.

     Іс-шара барысында қатысушылар колледждің оқу кабинеттерін, зертханаларын, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған шеберханаларды аралап көрді. Студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге арналған оқу орталықтарының жұмысы таныстырылды.

      «AMANAT» партиясы елімізде жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыру, өндіріс саласына білікті кадрлар даярлау бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

       Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов қатысып, партия бастамаларының жастарға берер мүмкіндіктері жайлы айтты. Ол өз сөзінде еңбек адамы — елдің тірегі екенін атап өтіп, жастарды қоғам дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті маман болуға шақырды.

     Колледж директоры, э.ғ.д., профессор Тілек Исахметов қатысушыларға оқу орнының материалдық-техникалық базасын таныстырып, жұмысшы мамандықтарының ел экономикасын дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.

     Осындай іс-шаралар жастардың кәсіби бағдарын айқындап, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, еліміздің индустриалды дамуына үлес қосатын жаңа буын мамандарды қалыптастыруға бағытталған. 

       Индустриалды-техникалық колледжі жақында ғана   Теміртау техникалық колледжімен  өзара ынтымақтастық және желілік өзара әрекеттестік туралы меморандумға  отырды. Бұл келісімнің басты мақсаты – техникалық және кәсіби білім беру бағдарламаларын үйлестіру;  ғылыми-әдістемелік және зерттеу қызметінің сапасын арттыру;  студенттік конструкторлық бюро мен кәсіби шеберлік олимпиадаларын дамыту;  тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Бұл әріптестік екі колледждің білім сапасын арттыруға, тәжірибе мен инновацияны біріктіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

499145034_24455173204084264_634076696819235876_n-930x620.jpg

        Білім – тек ақпарат жинау емес, бұл тәртіп, жауапкершілік және мақсатқа ұмтылу. Колледжде оқу процесін тиімді басқару және студенттердің оқу сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі.  Осыған орай, оқу процесінің күнделікті бақылауы колледж директорының орынбасарлары мен бөлім меңгерушілері тарапынан тұрақты түрде жүзеге асырылады. Әр күн сайын колледждің директор орынбасарлары мен бөлім меңгерушілері күнделікті кестеге сәйкес оқу процесін мұқият бақылап отырады. Бұл бақылау барысында студенттердің сабаққа қатысуы, үлгерімі, тәртібі мен колледж ішіндегі ережелердің сақталуы тексеріледі. Бұл процесс оқу сапасын жақсартуға, студенттердің білім деңгейін көтеруге және әртүрлі мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

        Колледждегі басты мақсат – сапалы, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Бұл мақсатқа жету үшін әр студенттің білім алудағы белсенділігі, тәртіптілігі және уақытпен жұмыс істей білуі аса маңызды.  «Біз студенттерімізге болашақта өз саласында жоғары нәтижелерге жету үшін қажетті дағдыларды дамытып, оларды барынша қолдаймыз. Колледждегі оқу процесі – бұл студенттер үшін тек теориялық білім алу ғана емес, сонымен қатар жеке тұлға ретінде дамудың үлкен мүмкіндігі. Әр студент өздігінен білім алу дағдыларын қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін жетілдіріп, ұжымда жұмыс істей алатын болашақ маманға айналады.  Біз өз студенттеріміздің болашақта жоғары талаптарға сай болуын, кәсіби қызметте өз орнын тауып, еліміздің дамуына үлес қосуын тілейміз»,- дейді колледж басшылығы.

          "Индустриалды техникалық колледжі" кәсіптік маман даярлауда 80 жыл тәжірибесі бар мекеме. Бүгінде екі мыңға жуық студент білім алуда.  2024–2025 оқу жылында  аталған білім ошағынан   700-ге жуық түлек қанат қақты. Бұл – тек сан ғана емес, сан түрлі арман мен үміттің бастауы! 46 студент «Үздік дипломмен» бітіріп, өздерінің табандылығы мен білімге деген ынтасын дәлелдеді.  Колледжде: машина жасау технологиясы, технологиялық процесстерді автоматтандыру және басқару, электржабдықтары, дәнекерлеу ісі, сандық ақпараттарды қайта өңдеу маманы, автокөліктерді жөндеу слесарі,  автокөліктің электр құрылғыларын жөндеу жөніндегі электрик мамандықтары оқытылады. Мұнда кәсіби білім мен дағдыларды меңгеріп, жұмысшы мамандықтары бойынша өз жолыңды табуға мүмкіндікі бар.

      Кәсіптік білім беру жүйесінің басты мақсаты – әрбір жастың қабілетін ашып, оларды еңбекке баулу, кәсіби тұрғыда шыңдау. Бұл – елдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, жастарға тұрақты жұмыс табуға, қоғамда өз орнын айқындауға жол ашады.

   Осылайша, жұмысшы мамандықтарын қолдау және дуалды оқыту жүйесін дамыту – ел дамуының берік негізін қалауға бағытталған маңызды қадам.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жастармен ашық диалог өрбіді
  • Шымкенттің болашақ наубайшылары топ жарды
  • Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным
  • Болашақ мамандарды өндірістік ортаға бейімдеу маңызды
  • Адам бейнесін өнерге айналдырған маман
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер