Шебер қол, сапалы жұмыс: нағыз еңбек адамы

 image.png   

   Ел экономикасының дамуы мен өндіріс саласының тұрақты жұмыс істеуінде электрогазбен дәнекерлеушілердің еңбегі ерекше орын алады. Олар – металл құрылымдарын біріктіріп, өндірістегі барлық негізгі процестердің мызғымай жұмыс істеуін қамтамасыз ететін білікті мамандар. Электрогазбен дәнекерлеуші мамандығы – жоғары дәлдікті, тәжірибені және ұқыптылықты талап ететін күрделі жұмыс. Әрбір дәнекер жігі – қауіпсіздік пен сапаның кепілі. Сондықтан бұл мамандық иелері металл конструкциялар мен бөлшектерді дәнекерлейді, жоғары температурамен жұмыс істейді, өндірістік техникамен жұмыс істеу ережелерін қатаң сақтайды, жобалық талаптар мен сызбаларды дәл орындайды. Олардың еңбегі – көпшілікке көрінбейтін, бірақ кез келген құрылыс, техника немесе инфрақұрылым нысанының негізгі тірегі.

    Бүгінгі еңбек адамы – тек өз ісінің шебері ғана емес, жас буынға үлгі болатын тәжірибелі маман. Электрогазбен дәнекерлеушілердің өмірлік жолы жастарды техникалық мамандықтарға қызықтырып, еңбектің қадірін түсінуге мүмкіндік береді.

    Қайрат  Анарбаев – қарапайым еңбектің қадірін түсініп, маңдай терімен өмір сүріп келе жатқан абыройлы азамат. Оның өмір жолы еңбекке деген құрметпен басталып, табандылықпен жалғасып келеді. Бүгінгі таңда ол — Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Қуатжылуорталық-3» МКК Север-Сайрам бөлімшесінің үздік мамандарының бірі, бесінші дәрежелі электрогазбен дәнекерлеуші.

    Қайрат ағамыз 1986–1989 жылдары №20 СПТУ-де газ және электр дәнекерлеуші мамандығын игерді. Техникалық салада білім алу үшін жіті ойланып, өз таңдауының болашақта сұранысқа ие мамандық екенін дәлелдей білді. Сол уақыттан бастап оның өмірінің басты мақсаты — өз қолының күшімен қоғамға пайда әкелу болды.

     Мамандық алғаннан кейін еңбек жолын Сарыағаш өңіріндегі атақты «Сарыағаш» шипажайында бастады. 1999 жылдан 2014 жылға дейін ол осы маңызды мекемеде электрогазбен дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Денсаулығын қалпына келтіруге келген адамдардың жайлы жағдайда күн кешуі, мекеменің үздіксіз жұмыс істеуі — оның өз ісіне адалдығының арқасы. Ол жұмыс істеген объектілерде қауіпсіздік пен сапа әрқашан бірінші орында болды.

     2016 жылдан бастап Қайрат Абдрахбанұлы өзінің кәсіби жолын «Қуатжылуорталық-3» МКК-де жалғастырып келеді. Шымкент қаласы тұрғындарына жылу беретін маңызды нысанда жұмыс істеу — үлкен жауапкершілік. Қыстың қақаған суығында да, жаздың шіліңгір ыстығында да дәнекерлеушілер әрдайым дайын болуы керек. Қайрат мырза бұны жақсы түсінеді. Қандай жағдай болса да, қауіп төнген учаскеге бірінші болып баратындардың қатарында.

     Жылу жүйелеріндегі кез келген ақау — мыңдаған отбасының үйінде жылудың болуына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр дәнекерлеу жұмысы мұқият, сапалы жасалуы тиіс. Бұл жерде тек кәсіби тәжірибе жеткіліксіз — үлкен жауапкершілік, табандылық пен төзімділік қажет. Қайрат ағамыздың бойында осы қасиеттер толық.

     Ол темірмен сөйлесетін, от пен электрді бағындыра алатын маман. Бүкіл жұмыс барысын алдын ала жоспарлап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайды. «Бір кішкентай қателік үлкен апатқа әкелуі мүмкін» — бұл сөз оның жұмыс философиясы іспеттес.

Әріптестері Қайрат Анарбаев  әрқашан сабырлы, сенімді, сөзінде тұратын, қауіпсіздікке ерекше мән беретін, өз ісіне мұқият шебер ретінде таниды. Ол жұмыс барысында ешқашан артық дау-дамайға бармайды, керісінше, кез келген мәселенің тиімді шешімін тауып, ұжымның ауызбіршілігін сақтауға атсалысады. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өзінің білгенін үйретуге әрқашан дайын. Өйткені жақсы маман болудың бір жолы — үйрену және үйрету екенін түсінеді. 

     Өз мамандығының шынайы қадірін білетін Қайрат ағамыз үшін еңбек — тек табыс табудың жолы емес, ол — елге қызмет ету. Оның жасап жүрген жұмысы көпшілікке байқала бермейді. Бірақ егер бір күнге жылу тоқтаса немесе құбыр жарылса, бәріміз дәнекерлеушінің қандай маңызды маман екенін бірден түсінеміз. Сондықтан да, бүгінгі тыныштық пен жайлы өмірдің көзге көрінбейтін қаһармандары — дәл осы жандар.

       Қоғамның қалыпты жұмыс істеуі үшін қызмет етіп жүрген жұмысшылар қашан да құрметке лайық. Қайрат Абдрахбанұлы — осындай еңбегімен елге үлгі болып жүрген азамат. Оның жасаған еңбегі қаламыздың дамуына, тұрғындардың жақсы жағдайда өмір сүруіне себеп болып отыр. Елдің дамуы мен өндірістің алға жылжуы – осындай қарапайым, бірақ қоғам үшін аса маңызды мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қоғам тірегіне айналған автобус жүргізушісі
  • Еңбек адамы – көрінбейтін еңбек қаһарманы
  • Жастармен ашық диалог өрбіді
  • Шебер қол, сапалы жұмыс: нағыз еңбек адамы
  • Цифрландыру – жаңа буын мамандарының негізгі құралы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер