Шымкентте «Сreative Еthno Мarket» шығармашылық алаңы өтті

 image.png   

     XXI ғасырда әлемдік экономика құрылымы түбегейлі өзгеріп, шығармашылыққа негізделген жаңа салалар қарқынды дамуда. Музыка, кино, дизайн, IT, анимация, ойын индустриясы, архитектура, жарнама, қолөнер және медиа өнер секілді бағыттарды біріктіретін креативті индустрия бүгінде ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі күшке айналып отыр. Креативті индустрия – шығармашылық қабілет, инновация, цифрлық технология және мәдени өнімге негізделген экономикалық қызмет түрлерінің жиынтығы. Бұл салада басты ресурс – адамның идеясы, шығармашылық ойы және интеллектуалдық әлеуеті. Креативті индустрия әлемдік нарықта миллиардтаған доллар айналым жасайтын алпауыт салаға айналды. Соңғы жылдары елімізде бұл саланы қолдау бағытында жүйелі қадамдар жасалып келеді. Елімізде креативті хабтар, арт-кеңістіктер, қалалық шығармашылық алаңдар ашылуда, жастар арасында IT, графикалық дизайн, видео-контент, анимация, сән индустриясы және қолөнер салаларына қызығушылық артуда, мемлекет тарапынан шығармашылық кәсіпкерлерге гранттар мен жеңілдіктер қарастырылуда, сондай-ақ қалаларда урбанистік мәдениетті қалыптастыратын жаңа жобалар іске асырылуда. Қазақстандық дизайнерлер, режиссерлер, музыканттар, аниматорлар халықаралық байқауларда жүлде алып, жаһандық платформаларға шығып келеді.

    Қазіргі заманда қалалардың бәсекеге қабілеттілігі тек өндірістік немесе экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Шығармашылық орта, инновациялық жобалар, мәдени өнім шығару жүйесі — дамыған мегаполистің негізгі атрибуттары. Осындай бағыттардың дамуына айрықша серпін беріп отырған шаһарлардың бірі — Шымкент қаласы. Соңғы жылдары қалада креативті индустрияны дамыту бойынша бірқатар жүйелі жобалар іске асырылып, шығармашылық кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Шымкентте жастар мен шығармашылық топтарға арналған идеялар алаңы, арт-студиялар, шығармашылық шеберханалар көбеюде.

     Осы орайда 22-23 қараша күндері «Shymkent Creative Hub» алаңында креативті индустрия өкілдері бас қосты. «Creative Ethno Market» іс-шарасына шығармашыл мамандар, қолөнершілер, дизайнерлер және өнерсүйер қауым қатысты.

    Екі күн бойы көркем өнер, киіз бұйымдарын, ұлттық әшекей жасау, қолөнер және басқа бағыттар бойынша кәсіби шеберлердің шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ұлттық киімдердің сән көрсетілімі өткізіліп, отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

    Шығармашылық саласында білім алатын колледж студенттері креативті хабтың жұмысымен танысып, тәжірибелі мамандардың практикалық сабақтарына қатысты. Студенттер үшін бұл тәжірибе кәсіби бағыт-бағдарын айқындайтын және индустриядағы жаңа мүмкіндіктерді танитын мұмкіндік болды.

    «Creative Ethno Market» креативті қауымдастықтың байланысын нығайтуға, ұлттық өнерді дәріптеуге және жас таланттарды қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Іс-шара болашақта да шығармашылық бағыттағы жобалардың дамуына серпін бермек.

     Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде креативті индус¬т¬рияны дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке тиісті тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының осынау тапсырмасын орындау мақсатында биыл Шымкент қаласында «Shymkent Creative Hub» креативті хабы ашылған болатын. Орталықтың мақсаты – шы¬ғар-машылық және креативті жо¬баларды іске асыру, жаңа идея¬лар мен технологияларды қол¬дау, креативті салалар ара¬сындағы өзара әрекеттесуді кү¬шейту, жаңа құралдар мен білімді, тәжірибені қолжетімді ету, креативті индустрияның экономикадағы үлесін арттыру. Креативті хабта «Сақ» кино¬студиясы, қолөнерші, дизайнер, зергерлер мен суретші¬лер бар. Мамандардың мәлімдеуінше, «Shymkent Creative Hub»-та креативті индус¬трияны дамытуға, жаңа идея¬ларды жүзеге асыруға және шы¬ғармашылық жобаларды қол¬дауға арналған бірнеше функ¬ционалдық бөлім жұмыс істейді. Атап айтқанда, көрме аймағы, подиум аймағы, «Сақ» киностудиясы, жұмыс аймағы, шоу-рум, іс-шаралар, кездесулер мен конференциялар өткізуге арналған конференц-залдар қарастырылған.

     Үкіметтің 2023 жылғы 6 мау¬сымдағы №448 қаулысымен креа¬тивті индустрияға жататын 43 экономикалық қызмет түрі¬нің тізбесі бекітілген. Ресми ста¬тистикалық деректе бү¬гінде Шымкент қаласында креативті индустрия саласында еңбек ететін 2 300 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 1 824-і жеке тұлға болса, қалғаны заңды тұлға санатындағы кәсіпкерлер.  Креативті индустрия субъектілерін қолдау және біріктіру мақсатында Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының негізінде «Креативті индустрия ассоциациясы» құрылды. Бүгінгі таңда аталған ассоциация құрамында 150-ден астам креативті индустрия өкілі тіркелген.

     Сала мамандарының мәліметінше 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында креативті кәсіп иелерін қолдау мақсатында 16 жәрмеңке ұйымдастырылып, жалпы сомасы 3 068 000 теңгеге 1 534 дана өнім (қолөнер, кәдесыйлар, креативті тауарлар) сатылған. Бұл бастама жергілікті шеберлер мен дизайнерлерге өз өнімдерін кең аудиторияға таныстыруға және табыс табуға мүмкіндік берді.

   Шымкенттің креативті саласында ең белсенді аудитория — жастар. Қалада 3D графика, анимация, motion-design, видеомонтаж, музыка продакшн бағытында жұмыс істейтін жас студиялар көбейді, TikTok, YouTube, Instagram платформаларына контент шығаратын креаторлар қауымы қалыптасты; мектептер мен колледждерде “цифрлық өнер”, “дизайн”, “қолөнер”, “IT-жобалау” сияқты элективті курстар енгізілуде. Бұл — болашақ креативті мамандықтардың қалалық деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді.

     Шымкент – ұлттық мәдениетке бай өңір. Соңғы жылдары дәстүрлі қолөнерді заманауи дизайнмен біріктірген шеберлер саны көбейді. Мегаполисте былғары бұйымдар, зергерлік әшекейлер, киізден жасалған ұлттық қолөнер, керамика жұмыстары заманауи түрлендіріліп, бренд өнімдерге айналып жатыр. Ал этнодизайнмен жұмыс істейтін жас кәсіпкерлер жәрмеңкелерге, халықаралық көрмелерге, онлайн платформаға өз өнімдерін шығаруда.  “Шымкент – қолөнершілер қаласы” атты арнайы фестивальдер ұйымдастырылып, жергілікті өнімдердің танымалдығы артуда.

     Соңғы жылдары Шымкенттің қоғамдық кеңістіктерінде көздің жауын алатын, ұлттық стидьдегі муралдар, арт-инсталляциялар, заманауи архитектуралық шешімдер, креативті ландшафтық дизайндарды  жиі кездестіруге болады.  Бұл жобалар қаланы көз тартарлық әрі эстетикалық тұрғыдан тартымды етіп қана қоймай, туристерді қызықтыратын жаңа нүктелер қалыптастырады.

    Креативті индустрияны жүйелі дамыту, шығармашылық әлеуеті бар кәсіпкерлерді қолдау және инфрақұрылымдық жағдай жасау Шымкент қаласының экономикасының әртараптануына және жастар арасында кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етуде. Қала әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды көздейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Шымкентте «Сreative Еthno Мarket» шығармашылық алаңы өтті
  • Шымкентте 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылды
  • Сhocolatine Кazakhstan-2025 байқауында Орталық Азияның үздік кондитерлері анықталды
  • Қызылжар-2 шағынауданы толыққанды инженерлік инфрақұрылымға қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер