Мемлекеттік қызметкер – билік пен қарапайым халық арасындағы дәнекер

image.png

    Шымкент қаласының аграрлық саласында тынымсыз еңбек етіп, ауыл шаруашылығы бағыттарының тұрақты дамуына үлес қосып жүрген мамандар аз емес. Солардың қатарында Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің бас маманы —  Сәдібек Мақсат та бар. Ол өз ісіне адал, кәсіби біліктілігі жоғары еңбек адамы.

    Бұл маман қаладағы агроөнеркәсіп саласының жүйелі дамуына, жаңа технологиялар мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді іске асуына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруға тікелей атсалысып келеді.

      Бас маманның айтуынша, ауыл шаруашылығы – күн сайын жаңарып, дамып жатқан сала. Сондықтан агроөнеркәсіп бағытында қызмет ететін маман тұрақты түрде оқып, нормативтік-құқықтық базаны, салалық жаңалықтарды, әлемдік тәжірибені меңгеріп отыруы қажет. «Мен алғаш рет мемлекеттік қызметкер  болып 2017 жылы қазіргі Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасында бастадым. 2022 жылдан бастап Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және  ветеринария басқармасының «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бөлімінде қызмет етіп келемін. Ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасын көтеруге ықпал ететін негізгі бағыт болып табылады.  Осы ораййда біз басқармамен қала аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне, мал, өсімдік және балық  шаруашылығы бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар шаруашылықтарда туындаған проблемалық мәселелерді талқылап, ұжыммен бірге шешу жолдарын іздейміз. Біздің басты мақстамыз ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру, тауар өндірушілерге қолдау көрсету, өндірілетін өнімдердің сапасы мен көлемін арттыру арқылы ел экономикасын нығайту»,- дейді кейіпкеріміз. 

     Адал еңбек, дәлдік, талдау жасау қабілеті және шаруалармен тіл табыса білу – бас маманның ең басты артықшылықтары. Ол қала шаруашылықтарымен тұрақты байланыста болып, әрбір мәселеге кәсіби тұрғыдан қарайды. Қандай да бір қиындық туындаса, фермерлермен бірге шешімін іздеп, нақты қолдау көрсетеді. Бас маманның еңбегі арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен өңдеу көлемі артып, жаңа жылыжайлар мен мал шаруашылығы нысандары іске қосылып, мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелерді алу процесі жеңілдеп, фермерлерге арналған оқыту, түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

      Сонымен қатар аграрлық статистиканың дәлдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, қаладағы агросектордың даму динамикасын талдау – бөлім бас маманының тікелей атқаратын маңызды міндеттерінің бірі.

     Оның негізгі кәсіби ұстанымы — «Шаруаның мәселесі – мемлекеттің мәселесі». Сондықтан ол әрбір кәсіпкердің сұрағына жедел жауап беріп, ауыл шаруашылығы саласының нақты көрсеткіштерін жақсартуға бар күшін салып келеді. «Мемлекеттік қызметші мәртебесі мен үшін жәй ғана қызмет емес. Ол – халық алдындағы үлкен жауапкершілік пен аманат. Мен өз қызметімді үлкен жауапкершілікпен атқарып келемін»,- дейді ол.  

     Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген бас маман – нағыз еңбек адамы. Оның тынымсыз еңбегі, жауапкершілікке толы қызметі және адал жұмысы қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агросектордың тұрақты дамуына және фермерлердің әл-ауқатын жақсартуға зор ықпал етіп отыр.

    Мақсат  Бекжігітұлы секілді мамандардың қажырлы еңбегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін беріп, Шымкенттің аграрлық әлеуетін арттыра беретіні сөзсіз.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген жиын өтті
  • Шымкентте қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі және гендерлік саясат мәселелері талқыланды
  • Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық
  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер