
Еңбек – тек материалдық игілік көзі ғана емес, ол қоғамды тәртіпке, жауапкершілікке және өзара сыйластыққа тәрбиелейді. Еңбек еткен адам өз ісінің нәтижесіне жауап береді, ал бұл қоғамдағы сенім мен тұрақтылықты қалыптастырады. Еңбек адамы – өскелең ұрпақ үшін өмірлік үлгі. Балалар мен жастар еңбекқор, өз кәсібіне адал адамдарды көріп өскенде, еңбектің қадірін ерте түсінеді. Бұл болашақта кәсіби білікті, ел дамуына үлес қоса алатын саналы азаматтардың қалыптасуына жол ашады.
Сондықтан қоғамда жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, еңбек адамдарын дәріптеу – тек әлеуметтік саясаттың ғана емес, ұлттық тәрбиенің де маңызды бағыты.
Қоғамның тыныштығы мен қаланың тұрақты дамуы – қарапайым еңбек адамдарынсыз мүмкін емес. Сол қажырлы жандардың бірі, жылу жүйесінің сенімді шебері – Якубходжаев Ахмалхан.
1983–1986 жылдары ол Шымкент облысы №25 орта кәсіптік-техникалық училищесінде «электрбіріктіруші» мамандығын меңгеріп, болашақ еңбек жолына берік қадам жасады. Техниканы терең түсінуге деген ынтасы мен табандылығы жас маманды алға жетеледі.
1986–2002 жылдары Ахмалхан Таджиханұлы СПМК-10 мекемесінде 3-разрядты электр дәнекерлеуші, слесарь-монтажшы, сантехник қызметтерін атқарып, нағыз тәжірибе мектебінен өтті. Бұл жылдар – шыңдалу кезеңі, жауапкершілігі мол жұмыстар мен үлкен тәжірибенің қалыптасқан уақыты болды.
2002–2003 жылдары «Энергоцентр-3» АҚ-да 4-разрядты жылу желілерін жөндеу слесарі ретінде еңбек етіп, өз кәсібіне адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Қуатжылуорталық-3» МКК №1 аудандық бөлімшесінде жылу жүйелеріне қызмет көрсететін 4-разрядты слесарь болып жұмыс істейді. Оның күнделікті еңбегінің арқасында қаламыздағы мыңдаған үй мен нысанда жылу жүйесі үздіксіз жұмыс істейді.
Ахмалхан Таджиханұлы– қарапайым еңбектің қадірін білетін, кәсібіне шын берілген, жауапкершілігі жоғары маман. Осындай адамдар — қаланың жылуы мен тұрғындардың жайлылығының негізгі тірегі.
