Шымкенттіктерге баспана алу жеңілдей түсті. Шаһар әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Баспана» АҚ мекемесінің басшысы Қайрат Алтынбековпен бірге меморандумға қол қойды. Меморандум Елбасының «7-20-25» бағдарламасы аясында түзіліп отыр. Баспасөз конференциясында Ғабидолла Рахматоллаұлы аталған бағдарламаға қаысушыларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Жаңа бағдарламаның шарты бойынша бағдарламаға қатысушылар баспана құнының 20 пайызын алдын ала төлеу керек. Яғни баспаналы болғысы келетіндер осы алғашқы жарнаны төлеуден қиналады. Сондықтан біз тұрғындар дер кезінде баспаналы болсын деген ниетпен алғашқы жарнаның 10 пайызын төлеп береміз. Қаражат қайтарымды болады. Қалған 10 пайызын өздері құяды. Осы мақсатта біз бюджеттен 2 миллиард теңге қаражат бөліп отырмыз. 500 миллионы биыл бөлінсе, қалған сомасы келесі жылы бөлінеді»,- дейді қала әкімі.
Жиында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері таныстырылды. Қайрат Төреқұлұлының айтуынша елімізде алғаш рет «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобалары жүзеге аспақ. Жас отбасы және мемлекеттік қызметкерлерге арналған тиімді жоба Шымкенттен бастау алмақ. «Жалпы «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асқан уақыттан бері 24 миллиард өтініш келіп түсті. Оның 16 миллиарды мақұлданып, қазіргі таңда баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүруде»,- дейді Қайрат Алтынбеков.
Айта кетейік, Шымкентте жергілікті атқарушы органдардан үй алуға 220 мың адам тіркелген (оның ішінде арендалық пәтерлерге кезекте тұрғандардың саны 36,922 мың,Тұрғын үй жинақ банкі жүйесі арқылы кезекте тұрған 63,0 мың, сондай-ақ жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алуға кезекте тұрған адам саны 120 мың адам). Мәселенің шешімі ретінде бүгінгі күнге қала аумағында жалпы 175 (9345 пәтер 692,6 мың ш.м) көпқабатты тұрын үйдің құрылысы жүргізілуде.