Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Жыл сайын ондаған жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім көлемі ұлғайып келеді. Қаладағы «Lux Shoes» БК» ЖШС аяқ киім тігумен айналысады. Ашылғанына 2 айдың көлемі болған цехтың жұмысымен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов танысып қайтты. Мұнда халықаралық стандарттарға сай, таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер өндірілуде. Бағасы да қолжетімді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған аяқ киім фабрикасында жұмыс қызу. Дайын өнімдер Тараз, Алматы, Астана қаласына жөнелтілуде. Жобаның инвестиция көлемі – 403 млн теңге. Аяқ киімдер заман талабына сай итальяндық технология бойынша түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігіледі. Барлық топтамалар сәнді және талғамға сай үлгіде жасалады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мыңнан астам жұп аяқ киім шығаруды көздеп отыр. Мұнда қазір 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта дайын өнімді ТМД және Орта Азия мемлекеттеріне экспортқа шығару да жоспарда бар. «Әлем БТ» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрсұлтан Балабиевтің айтуынша, мұндай технология бойынша жұмыс істейтін мамандар аз. Кәсіпорын бүгінгі нарық талаптарын ескере отырып, Даму қорынан, екінші деңгейлі банктерден қаржы алып, жұмысты бастаған. Олардың бастамасын қала әкімі де қолдады. Алда фабриканың жұмыс қуаттылығын арттыруға күш салынбақ. Әйелдерге және балаларға арналған аяқкиімдер де шығарылмақ.