Бұған дейін күрең күзде қала күнін тойлап келген шымкенттіктер енді бұл күнді 19 маусымда тойлайтын болды. Бұл туралы Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 40-сессиясында белгілі болды. Сессия барысында депутаттар осындай шешім қабылдау жөніндегі ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Шымкент қаласының туған күні ресми түрде бекітілді. «19 маусымда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы тарихи шешімге қол қойды. Олай болса, бұл күн – Шымкент қаласының жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан, үшінші мегаполистің туған күні», – дейді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.
Айта кету керек, қалалық мәслихаттың осы жолғы сессиясында тағы бір маңызды шешім қабылданды. Ол мәслихат хатшысын сайлау болатын. Естеріңізге сала кетсек, қалалық мәслихатты басқарған Н.Бекназаров Парламент депутаты болып сайлануына байланысты бұл орынтақ бос тұрған болатын. Енді, міне, осы орынға мәслихат депутаттары Ғани Ташқараевты лайықты деп тапты. Ол бұған дейін қалалық мәслихаттың «Депутаттық өкілеттік, этика, әкімшілік-аумақтық құрылым» мәселесі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарған.