Шымкенттік шенеуніктер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын қалада жүзеге асыру барысын талқылады. Жолдаудың негізгі басымдықтары бағдарланған «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезекті ХХХV есеп беру-сайлау конференциясында алдымен Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан Педагог мәртебесі және партиялық бастамашыл жобалардың маңыз туралы баяндады. «Елбасы Жолдауындағы басты мәселенің бірі – ол апатты және 3 ауысымды мектептерді күрделі жөндеу. Қазіргі таңда Шымкент қаласында апатты мектептер жоқ, үш ауысымды 19 мектеп бойынша қосымша 16 138 орынға қажеттілік бар. Бұл мәселе қосымша ғимараттар салу, бос ғимараттарды қолдану, жаңа мектептер ашу көмегімен шешілмек. Алдағы уақытта инвесторлар 8 мектептің құрылысын бастамақ. Ал 12 мектептің құрылыс жобалары бекітілуде, - деді қаланың бас педагогы. А.Абылайхан, сондай-ақ, жуырда ғана шымкенттік бірқатар мұғалімге тұрғын үйдің сертификаты тапсырылғанын айта келе ұрпақ болашағы жолында еңбек етіп жатқан ұстаздарға қамқорлық көрсетіп жатқан шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлына ерекше алғысын жеткізді.
Жиынға қала әкімінен өзге «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов, төрағаның бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, партия филиалының Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары мен мемлекеттік органдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Конференция барысында Партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. Мәжіліс қорытындысы бойынша қаулы қабылданды.