Үшінші мегаполисте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеткізу қызметі іске қосылады. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары жүріп-тұруы қиын шаһар тұрғындарының өтініштерін мемлекет тарапынан қарастырылған арнайы цифрландырылған құралдармен жеткізбек.
Бұл жоба 7-8 мың азаматқа онлайн режимде, компьютер немесе смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге қолайлы орта жасау мақсатында қолға алынып отыр. Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Ержан Серікбаевтың айтуынша, 33 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұрады.
– Осы азаматтардың ішінен бір терезе қағидасы аясында жыл басынан бері жүріп-тұру және гигиеналық құрал-жабдықтармен жалпы 10 мыңнан аса адам қамтамасыз етілсе, сауықтыру және оңалту орталықтарына 2 мыңнан аса азамат жолдама алды, ал мыңнан астам адам «Әлеуметтік такси» қызметтерімен қамтамасыз етілген. Аз қамтылған азаматтарға, ардагерлерге және зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыстарға тоқталатын болсақ, жыл басынан бері 25 мыңнан астам мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетілді. Яғни, сауықтыру орталықтарына жолдамалар, мерекелік бір реттік әлеуметтік көмектер, 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмектер берілді. Сонымен қатар, жаңа форматтағы шартты және шартсыз ақшалай көмектер және тұрғын үй көмектеріне қол жеткізді. Ал үйге жеткізу қызметі бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол қаңтар айынан басталады, - дейді орталық басшысы.