Шымкент тұрғындары енді банкке бармай-ақ қойса да болады. Өйткені шымкенттіктер базарға барса да сатып алған затының құнын карточка арқылы төлейді. Төлем картасын қабылдайтын құрылғы орнатпаған нысандарға әкімшілік шара қолданылып, тіпті қызметін тоқтатады. Бұл туралы Шымкент қалалық Іскі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова мәлімдеді, деп хабарлады RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі.
«Құрметті қала тұрғындары!
2020 жылғы 6 сәуірден бастап, Шымкент қаласындағы базарлар мен дүкендер және сауда орындары төлемақыны қолма-қол ақшасыз жүргізуді бастайды. Тұрғындар картасымен базарлар мен сауда орындарында төлем жасай алады. Банктік картасы жоқ азаматтар банктерге қоңырау шалу арқылы немесе онлайн тапсырыс бере алады. Дайын картаны банктер үйлеріңізге жеткізіп береді. Сондықтан банкоматтағы ақшаларыңызды шешіп алудың аса қажеттілігі жоқ. Карантин кезінде қолға алынған шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Біз уақытша қиындықты бірге еңсеретін боламыз!» деп жазды Мөлдір Кеуенова вацап желісінде.
Ал, кәсіпкерлер мен ірі және шағын сауда нүктелерінің иелері тұрғындарға қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігін қарастырады. Бұл өз кезегінде короновирусты таратпаудың алдын алу үшін қажет.