2021 жылғы құқық бұзушылықтардың алдын алу және “жұртқа жақын полиция” қағидатын қамтамасыз ету жылы болып жарияланған болатын. Осы ретте шымкенттік тұрғындар “жұртқа жақын полиция” қызметкерлерімен тығыз байланысты жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын алуға өз септіктерін тигізуде.
Айталық жақында жергілікті тұрғын қаладағы Республика көшесінің бойындағы дүкендердің бірінің алдында үйіліп қалған қоқыстарды бейнетаспаға түсіріп, Полиция департаментінің "Жедел әрекет ету" чатына жолдаған еді.
Осы хабарлама бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай АПБ-ның жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде аталған қоқыстарды тастаған адам анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігімен (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушы заңсыз қоқыс тасталған жерді тазалап қойды.
Қаламыздың жанашыр азаматтарына алғысын білдірген полиция қызметкерлері тұрғындарға көшелер мен аулалардағы тазалық пен тәртіп әрқайсымызға байланысты екенін айтып, көше тазалығы мен тәртібін сақтауға шақырды. Сондай-ақ көшеде, көпшілік орында құқық бұзушылық фактісіне куә болған жағдайда департаменттің "Жедел әрекет ету" чатына жолдауға болатынын мәлімдеді.