Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарда ағымдағы жылы спортпен айналысатын азаматтардың үлесін 33%-ға дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде спорт ғимараттары желісін кеңейтуге және халықтың барлық топтары үшін қолжетімділікті арттыруға ерекше назар аудару керек. 2021 жылы жоспарланған 55 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің (ДШСК) құрылысын қамтамасыз ету арқылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 100 ДШСК құру туралы тапсырмасын сапалы орындауымыз қажет. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы орган аталған спорт нысандарының құрылыс барысын ерекше бақылауда ұстауы тиіс» деп атап өткен болатын.
Осы ретте Шымкент қаласы Ақжар елдімекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спортық алаң бой көтермек. Қазіргі таңда спорттық алаң ретінде жекеменшік иелігіндегі бос жерді пайдалану үшін жер иесімен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жобаны жүзеге асыру келісілді. Бұл туралы
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың ақжарлық тұрғындармен кездесу барысында мәлім болды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде тұрғындарды жеке қабылдау, олардың мәселелерін шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Бес мыңға жуық халық тұратын елдімекенде биыл 5 спорттық стадион мен бірқатар жол құрылыстарын жүргізу жоспарланған.
– Жалпы жол салу жұмыстары қажеттілігіне қарай жүргізілетінін түсіну керек. Мәселен, 2000 адам жүретін жол мен 200 адам жүретін жол болса, біз әлбетте көп адам жүретін, маңызды жолға басымдық береміз. Ал қалған жолдар кезең-кезеңімен, жоспарға сәйкес атқарылады, – деді кездесуде қала әкімінің орынбасары.