Технологиялық прогресс экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғады. Үлкен аумағы бар, табиғи ресурстарға бай Қазақстан да шектеу емес. Дегенмен, ел басшылығы экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, табиғатқа ұқыпты қарауды дамыту мәселелеріне баса назар аударады. Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы бағыттардағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын.
Осы ретте Шымкентте халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, қатты әсер ететін кәсіпорын қолданысындағы улы заттардың орнын алмастыру қажеттігі талқыланған жиын өтті. Шараға төтеншеліктер мен кәсіпорын өкілдері жиналды. Дөңгелек үстелде аммиак, сұйық хлор, фторлы сутек, күкіртті натрий сынды химиялық қоспалардың орнын алмастыру жайы сөз болды.
Шымкентте 7 бірдей ірі кәсіпорын қатты әсер ететін улы заттарды қолданып келеді. Олардың көшін «ПетроҚазақстанОйлПродакст» ЖШС бастаса, Шымкент сыра қайнату зауыты қоштап, «Химфарм», «Шымкентмай» АҚ жалғастыруда. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы ОҚУ тиесілі Денсаулық су спорты кешенінде суды тазарту үшін қолданатын балондағы сұйық хлор, қалалықтар үшін қауіпті деп саналуда дейді Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Мейірғали Әшірбек.
Қаланың қақ ортасында орналасқан су спорты кешенінде қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Ал, химиялық қоспа қоймада сақтаулы тұр, дейді кәсіпорын атынан келген өкіл. Жиын барысында оның орнына таблетка түріндегі хлорды қолдану ұсынылып отыр. Осы уақытқа дейін ақпараттық түсіндіру жұмыстарының арқасында 3 бірдей нысан қатты әсер ететін улы заттардың орнына қауіпсіз қоспаларды пайдалануда.
Болашақта Шымкентті қауіпсіз қала ретінде қалыптастыру мақсатында, бұл жұмыстар үздіксіз жалғасатын болады. Қазірдің өзінде нәтиже жоқ емес. Жәймендеп, қауіпсіз қоғамға қарай қадам басудамыз дейді, төтеншеліктер.