Түркістан облысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 70,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 73%-ға артты. Жыл қорытындысымен құрылыс жұмыстары 305,9 млрд.теңге мөлшерінде жоспарлануда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасының арнайы алаңында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг кезінде өңірдегі құрылыс саласына тоқталды.
Спикердің айтуынша, облыста жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 162,7 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 16,5%-ға артқан. Түркістан облысы үшін қаржыландырудың барлық көздері арқылы тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 790 мың шаршы метр болып белгіленген. Облыста кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Өңірде 141 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс жасайды, 3 жылда олардың саны 14,3 мыңға ұлғайды. Салада 217,2 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл экономикалық белсенді халықтың 26,5% құрайды.
- Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге берілген 6 пайыздық қаржылар көлемі 3 жылдың ішінде 97,2 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 3 жылда 5,3 есеге артып, жыл қорытындысымен 823,2 млрд. теңгеге жетті. Бүгінгі таңда, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 41,2 млрд. теңгеге 310 жоба мақұлданды. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 16,5 млрд. теңгеге 514 жоба қаржыланды, - деді облыс әкімі тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында.
ҚР Президенті Әкімшілігі, Есеп комитеті, Зерттеулер және тиімділікті бағалау орталығымен бірлесе жүргізілген «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша Түркістан облысы 2020 жылдың қорытындысымен үздік өңір болып танылды (2017-2018 ж. – 17 орын; 2018-2019 ж. – 4 орын; 2019-2020 ж. – 1 орын).