Түркістан күннен-күнге өсіп-өркендеп келе жатқан әсем қала. Осыдан біраз уақыт бұрын мұнда Президент саябағы мен алғашқы туристік-рекреациялық орталығы ашылды.
Қала аумағында қалалық саябақ (дендропарк) іске қосылып, «Жетікөлде» балық ауланды. Іске қосылған саябақтар, көлдер, су қоймалары, каналдар қаладағы микроклиматты өзгертіп, халыққа жайлы болу жағын көздейді. Туризм дамып келеді. Әр кеш сайын мәдени-рухани орталық тұрғындар мен туристер белсенділігінің орталығына айналғаны байқалады.
Биыл Түркістан қаласында облыстық жедел медициналық көмек стансасы пайдалануға тапсырылды. Түркістан қаласынан Балтакөл бағытының шыға берісіндегі Жангелдин көшесін қайта құру жобасы бойынша биылғы жылға 944 млн. теңге қаржы қаралды. Нысан келер жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Сондай-ақ Б.Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға биыл 1,7 млрд. теңге бөлінді. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады. Сонымен бірге «Отырар» шағынауданындағы 5 көпқабатты тұрғын үйдің жан-жағын реттеу бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда аяқжолдар салу, жол жиегі тастарын салу (бордюр), веложолақтар және каналдар салу жұмыстары жүргізілді.
Реті келгенде айта кетейік, Түркістан қаласында құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылы көпқабатты 89 үйдің құрылысы басталған болатын. Оның аумағы 360,6 мың шақырымды құрайды. Онда 5649 пәтер бар. Олардың 4488-і кредиттік жүйемен берілсе, 1161-і кезектегілерге тиесілі болмақ.
Айта кетейік, 2020 жылы 7 үй 336 пәтер пайдалануға тапсырылды. Олардың барлығы тұрғындарға кредиттік жүйе бойынша берілді. Ал, өткен жылы 29 үй 1921 пәтер пайдалануға тапсырылды. Онда 1427 пәтер кредитті жүйе бойынша берілсе, 494 пәтер кезектегі тұрғындарға тиесілі болды.
Биылғы жылдың 9 айында 42 үй 2668 пәтер пайдалануға берілді. Оның 2 111 кредиттік жүйемен берілсе, 581-і кезекте тұрғандарға тиесілі болды. Сондай-ақ қазіргі таңға қалғаны 11 үй 724 пәтер болып отыр. Бұйыртса, оның 572-сі кредиттік жүйемен берілетін болады. Ал, 144-і кезекте тұрғандарға тиесілі болмақ. Олар №11 көшеде орналасқан 7-12 қабатты 8 тұрғын үй. Оның ішінде 7 қабатты-2 үй бар. «ФЕБ Строй» ЖШС-і 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. «Шымкентқұрылыс» мердігер компаниясы көпақабатты 3 тұрғын үйдің құрылысын қолға алған.
Сонымен қатар, №9 көшеде орналасқан 12 қабатты 5 тұрғын үй салуда. Оның 1-еуі «Азим Строй» ЖШС-і жүргізсе, біреуін «Саха-2005» ЖШС-і, біреуін «Талап Строй» ЖШС-і жүргізуде. Құжатта аталған үйлердің қабылдау мерзімі қазан-қараша айларында деп көрсетілген.