Ежелгі Күлтөбенің келбеті күрт өзгереді

image.png

Мамандардың зерттеуінше қазіргі туристерді жылтыраған дүние мен  заманауи нысандар емес  ежелгі, құпиясын бүккен тарихи орындар көбірек қызықтырады екен. Бұл бағытта Түркістан қаласы туристерді тарихи нысандармен қызықтыра алатын бірден-бір  уристік өңір болып саналады.        

Күлтөбе бүгінде туризмнің орталығына айналып отырған Түркістан қаласының ежелгі орталығы.   Күлтөбе алдағы уақытта қасиетті қаладағы туристер тамашалайтын басты нысандардың біріне айналады. Ол үшін бірқатар жобалар қолға алынып жатыр. 

Күлтөбе  Түркістан қаласында орналасқан ежелгі бекіністі қоныс және археологиялық ескерткіш. Нысан – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген ескерткіш – Түркістан қаласының шығысындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі буферлік оңтүстік аймағында, 480 метр жерде орналасқан. 

Түркістан қаласының бертінгі ортағасырлық тарихының соңғы кезеңінде, бәлкім, 19-ғасырда Күлтөбе қыраты, бүкіл Оңтүстік рабат сияқты, бекініс қабырғаларымен қоршалғандықтан, Күлтөбе ортағасырлық Түркістанның әскери құрылыс жүйесіне жатады. Осы жағдай 1940 жылдың аяғында Оңтүстік Қазақстан экспедициясы Түркістан бекінісінің орнын алдын ала зерттеген кезде Күлтөбені бертінгі ортағасырлық заман қабаттарындағы дербес ескерткіш ретінде анықтауға мүмкіндік бермесе керек.

Күлтөбе жөніндегі алғашқы археология материалдарды Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды берді. 1972 жылы қазба жұмысы қыраттың батыс бөлігінен басталды, бірақ 18–19 ғасырларға жататын әдеттегі тұрғын үй кешендерінің жоғары қабаттары топырақтан аршылғаннан кейін ондағы жұмыс тоқтатылды, Күлтөбеден кездейсоқ табылған 7–8 ғасырлардағы Отырар зергерлігінің теңгелері мен аршылған төмненгі қабаттардан жиналған ерте ортағасырлық қыш ыдысы туралы мағлұматтар ғана жарияланды. Осының негізінде ертедегі Иасы қонысының іздерін бертінгі ортағасырлық Түркістан қаласы қабаттары астынан емес, керісінше, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен біршама оңтүстікке қарай іздеу керек деген М.Е.Массонның болжауы тұжырымдалды.

Соңғы жылдары Күлтөбеде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Түркістанның болжамды жасы анықталды.  Былтыр Түркістанда отандық, шетелдік тарихшылардың қатысуымен өткен жиында қаланың негізі осыдан 3 мың жыл бұрын қаланған деген пікірлер айтылды. Алайда бұл пікірмен көп тарихшылар келіспейді. Олар мұны дәлелдеу үшін Күлтөбеде кешенді қазба жұмыстарын жүргізу керек дейді.   

-Әзірет Сұлтан кесенесіне жақын жердегі  Күлтөбеде қазба жұмыстары сексенінші жылдары жүргізілген. Нәтижесінде қаланың ең төменгі мәдени қабатының бесінші, алтыншы ғасырларға жататыны анықталды. Осыған сүйене отырып ғалымдар қаланың жасы 1500 жыл деген қорытынды берді. 2000 жылдары Мадияр Елеуовтың жетекшілігімен Қазақ-түрік университетінің археологтары Күлтөбенің орталық бөлігіне стратиграфиялық шурф салды. Осының нәтижесі қала жасының 2 мың жыл екенін көрсетті. Бұл кезде Түркістанның 1500 жылдығына дайындық жүріп жатқан. Жоғарыдағылар «біз ЮНЕСКО-ға 1500 жыл деп беріп қойдық» деді.  Күлтөбедегі қазба жұмыстарын көп жылдар бойы белгілі археолог, марқұм Ерболат Смағұлов жүргізген. Ол бертінде қаланың табанында жатқан ең төменгі мәдени қабаттың осыдан 2200 жылға тән екендігін анықтады. Мұның бәрі де нақты айғақтық жәдігерлермен нақтыланған. Қаланың жасын одан әріге ұзартатындай мәдени қабат табылған жоқ. Мен бұған дейін Түркістанның ескі атауы Ясы екендігін, ал тарихтағы Шауғар қаласының орны қазіргі Қарашықта жатқанын  жазған болатынмын. Шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен жиында Б.Байтанаев та мұны атап өтіп, менің тұжырымымды қолдады. Тарихи деректерде Ясы 13 ғасырдан белгілі. Сол кезде армянның патшасы Гетумның жүрген жолы туралы жазылған кітаптарда Сауран мен Отырардың арасында «Асон» деген қаланың бары келтіріледі. Асон осы Ясы болуы керек. Мен мұның 2000 жылы қаланың мерейтойы кезінде шығарылған «Ясы-Түркістан тарихы» атты кітабымда келтірген едім.  Бірақ Ясы 12 ғасырда да болған және солай аталған. Мұны сол дәуірде өмір сүрген Ясауи бабамыздың аты-жөні дәлелдеп тұр емес пе?!-дейді белгілі археолог-ғалым Мұхтар Қожа.  

Ғалымның айтуынша, Күлтөбенің орталық бөлігін қазған кезде археолог Ерболат  Смағұлов көне түркі жазуы  бар қыш ыдыс тапқан.  Ғалымдар бұл жазулардың 9 ғасырға жататынын айтып отыр. Бұған дейін Ескі Сауранның орнынан да осындай көне түркі жазуы бар зат шыққан. Яғни, 9 ғасырда арабтар жаулап, ислам діні таралды деген күннің өзінде Түркістанның төңірегінде халық түркі жазуын қолданған. Бұл Түркістанның бүкіл түркі мәдениетінің орталығы болғандығының бір ғана дәлелі.  

Түркі халықтарына Қожа Ахмет Ясауи ортақ тұлға. Түркі халықтарының ислам дінінің қабылдауына Ясауи идеясының ықпалы зор болған. Ол исламды өзіндік тілді, ұлттық болмысты сақтай отырып қабылдауға күш салған. Ясауидің еңбектерінде Құдай, Алла сөздерінің орнына Тәңірі деген сөздердің қолданылғаны да содан. Зерттеушілердің айтуынша, Ясауидің сопылық зікірлерінде көне түркілік дәстүрлер байқалады. 

-Түркістан деген ұғым жетінші ғасырда пайда болған. Алғашқыда оның шекарасы Әмударияға дейін жеткен. Батыстан арабтардың келуінен кейін  оның аумағы тарылып, Сырдың орта ағысы ғана Түркістан деген атауды сақтап қалған. Басында Түркістан қаланың емес, аймақтың аты болған. Уақыт өте келе 16-17 ғасырларда Ясы қаласының аты Түркістанға айналды. Жер шарында Түркістан біреу ғана. Мұндай жер атауы  бізден басқа бірде-бір түркі мемлекеттерінде кездеспейді,-дейді Мұхтар Қожа. 

Тарихшылардың аййтуынша, 14 ғасырдың бірінші жартысында Күлтөбедегі бекініс қиратылып жойылады да, оның бүкіл аумағы зират ретінде пайдаланылады. Күлтөбенің қаңырап бос қалу кезеңі 19 ғасырға дейін созылды, бұл кезде қыратта тағы да ішінара құрылыс салына бастады және кейінірек пайда болған қаланың сыртқы қабырғалары қала аумағына сұғына түседі.

«Күлтөбе қалашығы тарихи объектілерін қалпына келтіру» жобасы  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 938 қаулысымен бекітілген Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі Кешенді жоспарын іске асырудың маңызды бөлігі болып табылады.  Жобаның басты мақсаты -«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи - мәдени қорық-мұражайының маңызды объектісі-«Күлтөбе қалашығы»  заманауи археологиялық паркін құру. Осы орайда  2019 жылы 27 гектарды құрайтын қалашықтың барлық аумағында толығымен ауқымды георадарлық  сканерлеу жасалды.  Нәтижесінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін нақты әрі перспективті нысандар айқындалды. Жоба мемлекетпен  айрықша қорғалатын аумақта,  ЮНЕСКО  ұйымының Дүниежүзілік  мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда. Ғылыми қызметкерлердің пікірінше, Күлтөбе қалашығы тек Қазақстан үшін ғана маңызды емес. Мұнда екі мыңжылдықтағы тарих пен мәдени сабақтастықтығының болғанын көруге болады. Күлтөбе қалашығы ежелгі Ясы қаласының бір бөлігі болғандықтан, ЮНЕСКО сарапшылары консервацияға және ішінара қалпына келтіруге жататын нысандардың тұсаукесерін талқылауға ерекше назар аударды. Айтуларынша, олардың ішінде бірнеше әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, жер иеленушілер, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғғ. бекініс қабырғаларының элементтері бар. Күлтөбе қалашығындағы ғылыми жұмыстардың  нәтижелері мен келешекте атқарылатын археологиялық  жоспар халықаралық сарапшылардың оң бағасына ие болды. Қалашық келбеті күрт өзгереді.  Сонымен қатар,  сарапшылар жасаған ұсыныстарға сай, қазіргі заманғы сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Бұл дегеніміз болашақта археологиялық парктің қонақтары цифрлы визуализация арқылы тарих қойнауына терең бойлап, әр кезеңді қамтитын шынайы көріністің куәсі болғандай әсерге бөленеді. Яғни, археология ғылымы мен түрлі кезеңдегі көріністерді көз алдыңа әкелетін бүгінгі технология үйлесім табады. Ал жоғарыдағы талқылаудың нәтижелері алдағы уақытта  ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік  мұраларды   бағалау туралы жалпы сараптамалық есебіне енеді деп жоспарлануда.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер