Тарихыңды білгің келсе, Түркістанға кел!

image.png

Бүгінде Түркістан қаласы тарихи туризмнің орталығына айналды. Әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жаққа барған адам шығыстың ортағасырлық ғажайып шаһарына келгендей күй кешеді. Түркістанда бір кездері уақыт тезіне шыдас бермей немесе түрлі жағдайлармен шөгіп, қираған тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Туристердің зор қызығушылығын тудырып отырған солардың бірқатарына тоқтала кетсек. 

Мүссәлла қақпасы. ХІХ ғасырда қызмет көрсеткен сәулеттік құрылыстардың бірі. Археологиялық қазба нәтижесінде табылған тарихи-мәдени ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 150 метр қашықтықта орналасқан. 2009-2010 жылдар аралығында қалпыпа келтіру жұмыстары жүргізілді. Биіктігі 9,5 метр, ені 5 метр, жалпы ұзындығы 26 метр. «Мүсәллә» Әзірет Сұлтан кесенесі алдындағы жұма намазын оқитын алаңның атымен аталған. Арабша – «мүсәллә» — аллаға табыну, намаз оқу, ал «мүсаллә ал-ид» — мейрамдарда намаз оқитын жер дегенді білдіреді. 1864 ж, планда Мүсаллә қақпасы сыртынан ормен қоршалған екі мұнаралы қақпа түрінде берілген, ал, 1865 ж. қаланың осы шығыс бұрышын түсірген жоспарда бұл жерде диаметрі 15 метрлік алып мұнара ғана бейнеленген және цитаделдің оңтүстік мұнарасы мен осы мұнара арасын қалың дуалмен өріп қосқаны көрінеді. Мұндай дуалмен цитаделдің солтүстік мұнарасы мен қаланың шығыс беттегі қорған қамалы арасын да қосып, орыс әскери гарнизоны қаладан оқшауланғаны байқалады. Мүсәллә қақпасы қиратылып оның шығыс мұнарасы барынша үлкейтілгені көрініп тұр. Сірә, бұл оқ атқан кезде артқа қарай сырғып кететін (откат) үлкен зеңбіректер қою үшін жасалған әрекет сияқты. 2009 жылы жүргізілген қазба жұмыстары қақпаның шығыс мұнарасы астынан 170-220 см тереңдікте орналасқан, қалың лай қабатынан тұратын іргетас бар екендігін көрсетті. Оның сақталған бөлігінің диаметрі аса ірі құрылыстың нобайын көрсетеді. Бұл іргетас 1865 жылғы пландағы орыс гарнизоны қайта салған мұнаранікі екендігі анық. Қоқандықтар ХІХ ғасырда салған қақпадан із де қалмаған, дегенмен, 160-170 см тереңдіктен қала қорған қамалы мен тұрғын үйлердің іргелері аршылды. Қақпа сақталмағандықтан Мүсәллә қақпасының орынына цитадел қақпасының көшірмесін тұрғызуға Мәдениет министрлігі мен «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің білікті мамандары арнайы шешім қабылдады. Қақпаның мұндай түрі Орта Азия қалаларында көптеп сақталғандығымен белгілі.

Дарбаза қақпасы. Дарбаза қалашық, қамал-қорғанның, үй-жайдың, мекеме ауласының, қораның, тағы басқа екі жаққа ашылатын үлкен қақпасы; кең, биік жарма есік. Оның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралар немесе белгілі бір қашықтықта жай ғана жақтаулар орнатылуы мүмкін. Дарбазаға салтанатты сипат, көрік беру үшін оның маңдайшасы мен жақтаулары, қасбеті әр түрлі ою-әрнектермен безендіріліп, әшекейленеді. Ал ішкі жағында дарбазаны бекіту үшін көлденең сырық (бөрене) қойылады, әйтпесе арнаулы құлып ілгіш, кілт салынады.

Есімхан алаңына жақын орналасқан, алаңға ол кезде бақша өнімдерін сататын базар, керуен сарай жайғасқан болатын. «Дарбаза» атауы осы тұстан қалаға қарай Жіңішке каналынан тартылған үлкен арықтың атынан шыққан. 2009-2010 жылдары қайта қалпына келтірілді.

Дарбаза қақпасы жоғарыда айтқанымыздай, «Ясы» қонақ үйі мен жатақхана арасындағы асфальт жолдың астында қалғандықтан 1885 жылы «Живописная Россия» атты кітапта жарияланған литографиялық сурет негізінде қалпына келтірілді. Литографияның өзі фотосуреттен дәлме-дәл көшіріліп жасалғандықтан оның өлшемдерін табу қиындық туғызған жоқ. Алайда өзінің тарихи орнына (қонақ үймен жатақхана арасы) орналастыру мүмкін болмағандықтан және қаладан оқшау, көрінбейтін жерге тұрғызу туристік нысан ретіндегі мәнін жою қаупін туғызатыны ескеріліп, 200-250 метрдей шығысқа қарай жылжытылды. «Дарбаза» атауы осы тұстан қала орына су құю үшін Жіңішке каналынан тартылған үлкен арықтың атынан шыққан. «Дарбаза» сөзінің өзі де «қақпа» деген мағына береді. Бұл қақпаларды қайта қалпына келтіру әлі жарты тірлік, ендігі кезек олардың арасындағы қорған қамалдарды да қайта қалпына келтіру. Сонда ескі қаланың келбеті мен мұндалап тұрмақ.

Есім хан кесенесі. XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 метр жерде орналасқан. Кесене Қазақ хандығының билеушісі Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған.

Кесене қирап, бұзылған қалпында ғана жеткен. Ол XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында бүлінсе керек. Кесене күйдірілген кірпіштен төртбұрышты (9х9 м) етіліп өрілген. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Оңтүстік-шығыс жағында кесенеге кіретін есік бар. Сақталған қабырғасының енінің 1,2 метр болуы да биік күмбезді көтеруге шыдайтындығын көрсетеді. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіш төселген.

Кесенеге 1958 жылы алғышқы зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1982 жылы Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер тізіміне енді. 1980 жылдары жартылай қалпына келтірілген. 200 жылы кесененің сақталған бөлігі қайта жөнделді

Жеті ата қақпасы. Қақпаның «Жеті ата»  аталу себебі, бұл жерде Қожа Ахмет Ясауидің  бір молаға жерленген жеті шәкірттерінің бейіті орналасқан. Жеті ата қақпасы 1928-1932 жылдарға дейін сақталып келген. 2009 жылы қайта қалпына келтірілген.Жеті ата қақпасының орыны анықталған соң Түркістан археологиялық отряды 2009 жылы сәуір-маусым айларында қазба жұмыстарын жүргізді. Қақпа атауы қала сыртында оған қарама-қарсы орналасқан Жеті ата мазаратына байланысты шыққан. Бұл мазаратта Қожа Ахмет Ясауидің бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі болған, оларды халық «Жеті ата» деп атап кеткен. Қақпадан қалаға енген соң Ахмет Ясауидің кесенесіне дейін баратын Жеті ата магистралді көшесі басталады. Қақпа алдындағы ор үстіне Бабырат ата көпірі салынған, 1910 жылы түсірілген суреттен осы көпір мен қақпаның оңтүстік мұнарасының қалдығын және оның солтүстік бетіндегі төбесі тегіс етіліп жабылған Үндемес ата мен Баба Ғаріб кесенелерін, олардың арғы бетіндегі Баб Араб мешітінің күмбезін анық көреміз. Бұл аталған ескерткіштердің барлығы 2009-2011 жылдары аралығында зерттеліп, эскиздік және сәулеттік жобалары дайындалған.

Қазба барысында қақпаның мұналары іргелерінің қалдығы аршылды. Диаметрі 8 метрден сәл асатын мұнаралар бірнеше ірі-ірі жөндеуден өтіп диаметрі 10 метрге дейін жеткен. Биіктігі де 8-9 метрден аспаған. Іші қуыс, екі қабатты, күзетшілерге арналған бөлмелер мен баспалдақтары да қарастырылған. Мұндай қақпалар Орта Азия мен Қазақстан қалаларының кейінгі ортағасырлық кезеңдерінде (ХVІ – ХІХ ғғ.) көптеп кездеседі. Негізгі қабырғасы пахса мен кесектен тұрғызылған, типтік қақпалар түріне жатады.

Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Рабия Сұлтан бегім Кесенесі– ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші (XV ғ.). Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығысында 60 м жерде. Әмір Теміпрдің немересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның әйелі, белгілі хандар Көкенші мен Сүйініштің анасы Рәбия Сұлтан бегімге арнайы салдырылған. Бұл кесененің құлыптасы Қожа Ахмет Ясауидың кесенесінен табылған. Құлыптаста Бегімнің Әмір Темірдің ұлы Ұлықбектің қызы екендігі,1485 жылы қаза болғандығы жазылады. Алғашында 8 бұрышты бір камералы, цилиндр тәріздес барабанға бекітілген биік күмбезі бар құрылыс ретінде салынып, кейіннен көп камералы шаршы жоспарлы құрылыстармен толықтырылған. Кесене - өте үлкен архитектуралық кешен. Оның құрамына 5 үлкен бөлме кіреді. Кесененің қасбеті сүйір ұшты биік арка түрінде жасалған, 8 бұрышты залы және осы залға жапсарлас салынған ұзынша келген тікбұрышты 2 үй-жай бар. Кесененің айналасынан табылған майоликалық және глазурланған тақтайшаларға қарап, оның полихромды қаптамамен қапталғанын көруге болады. Кесененің оңтүстік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірхана сыланып, боялған. Онда терімен қапталған ағаш табыттар қойылған. Рәбия Сұлтан бегімнің табытында – «бұл құдіретті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті, ұлы сұлтан Ұлықбек Көрегеннің қызы, ақсүйек, (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жасанды Рабия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жолдар бар. Кесене түркістандық жергілікті архитектуралық дәстүр негізінде салынған алғашқы кесене ретінде өте маңызды. 1980 жылдан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Тәуке хан кесенесі. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығыс мұнарасынан 40 метр қашықтықта орналасқан. 1958 жылы Б.Н.Немцова, 1974 жылы Т.Н.Сенигова, 1997 жылы Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев жүргізген  археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сегіз қырлы кесенеде 3 жерлеу орны анықталған. Түркістан археологиялық экспедициясының жетекшісі, археолог М.Тұяқбаевтың «Ескі Түркістан пантеондары» деген еңбегінде төмендегідей мәлімет беріледі:  Сегіз қырлы кесене ХVІІІғ. Тәуке ханға арналып салынған. Бұл жоңғар шапқыншылығы қаупі күшейіп тұрған кез болатын. Тап осы қиын-қыстау заманда шаруашылық кері кетіп, сұлтандар, хандар, билер арасында бірауыздылық, бірлік болмай тұрған.  Осындай кезде 1715 жылы қайтыс болған Тәукеге арнап жер астында мүрдеханасы бар, жер бетіндегі кесенесінің өзі биіктігі 10 метрден кем емес (кесенелердің биіктігі ұзындығына тең болған) алып құрылыс салу аса қиын еді.  Ешбір іргетассыз қаланған бұл құрылыс бітпей жатып өз салмағынан-ақ бірден шөгіп, қирап қалатын еді. Ішіне қойылған құлпытастардың да мрамормен емес жәй ғана құмтастан жасалуы да, құрылымының дәл қасындағы Рабия Сұлтан бегім кесенесінің көшірмесі ғана болуы да, тас қашаушы ұсталардың, тасқа марсия жыр жазатын бәдізшілердің, кесене қалап, күмбез өретін хас шебер мен сәулетшілердің де жоқ болғандығын көрсетеді.

Бұл кесененің биіктігі 6,9-7метр, бір қабат күмбезбен жабылып, пештағы 7 метр шамасында ғана болған. Тәуке хан қайтыс болған соң-ақ оның қабірінің үстіне салына бастаған бұл кесенеде онымен бірге 1724 жылы қайтыс болған ұлы Болат хан мен 1738 жылы  қайтқан кіші ұлы Сәмеке хан да жерленген. 2020 жылы «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесі тарапынан кесененің қабырғалары 2,5 метр деңгейге дейін көтерілді.

Хан ордасы. XVII- XVIII ғасырларға тән Хан ордасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300 метр жерде орналасқан Тарихтан XVIII ғасырда Ескі Түркістан қаласында екі хан ордасы (цитадель) қатар өмір сүргені белгілі. Бұл жайлы И.В. Ерофееваның «Казахские ханы и ханские династии в XVIII – середине XIX вв.» деген еңбегінен және Б.Т.Тұяқбаева, А.Н.Проскуриннің «Проект регенерации цитадели в городе Туркестане» атты мақаласынан толыққанды деректер табуға болады. Тарихшы И.В.Ерофееваның мақаласындағы деректерде 1743-45 жылдар аралығында Түркістанды және оның айналасындағы қалаларды Әбілмәмбет хан мен Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіттің екіге бөліп билегені айтылған. Бұл жайлы ең алғашқы деректі XVII ғасырдың соңында жасалған Д.Г.Мессершмидт картасынан кездестіреміз. Картаны қаланың 1875 жылғы жобасы және 1954 жылғы картамен, кейінгі жылдардағы план-схемаларымен салыстыра отырып Хан ордасының дәл орны анықталды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған табыстар бұл орынның алтыншы құрылыс қабаты XVII ғасырдың соңы мен XVIIIғасырдың бірінші жартысы арасында қалыптасқандығын, яғни бұл кезеңде Хан ордасын — Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың мекен еткен кезеңіне сәйкес келетінін көрсетеді. 1743-1745 жылдар аралығында Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіт Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс бетінен екінші Хан ордасын қалыптастырады. Әбілмәмбет хан өлген соң (1771ж.) қазба жүргізіліп жатқан Орданы оның ұлы Болат хан 1798 жылға дейін мекен еткен деген тұжырым жасауға болады. 2011 жылы қазбадан аршылған бөлмелердің 15-інің қабырғалары саз кесекпен қайта өріліп, сақталуына және маңыздылығына қарай олардың биіктіктері 1,2 метрден 2 метрге дейін көтерілді. Бөлмелердегі сыпалар, тандырлар, ташнаулар, сандалдар қайта қалпына келтірілді. Қабырғалары сабан аралас сыбақпен сыбалып ханның тұрған үйінің бір бөлігі сол заманғы көрінісімен жасалды.

Құмшық ата мешіті. Х-ХІІ ғасырларда салынған жер асты археологиялық ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 1 шақырымға жуық жерде, ашық далада орналасқан.

Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Құмшық Ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген (10 метрге жуық) ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Шаршы шикі кірпіштерден қаланған. Түкпірдегі мекен-жай көлемі 2х2 метрге жуық, биіктігі 1,6 метр, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 метр және биіктігі 2 метрдей дөңгелек пошымды үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, негізгі құрылыс күйдірілген кірпіштен қаланған, күмбезбен көмкерілген. Төбенің орта деңгейінен құдық тәріздес, диаметрі 1 м-дей, дәлізге жарық түсетін ойық жасалған. Жер асты мешітке кіретін есік қирап қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешіт пен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Бөлме қабырғаларында шырағдан қоюға арналған шағын қуыстар бар. Құрылыстың ішкі құрылымы сыланбаған. Жер асты мешіті 10 - 12 ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық Ата атымен байланысты айтылады. Зерттеулер Құмшык Ата мешіті 12 ғасырдан бастап халық жиналып, діни рәсімдер  өтетін орын болғанын растайды.

Құмшық Ата мешітін 1973-1974 ж. Қазақ КСР мәдениет министрі мен Тарихъ, археолдогия және этнографияинститутының  экспедициясы (жетек. Т.Н. Сенигова) зерттеді.

1985 ж. жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2003 жылы Құмшық Ата мешіті қалпына келтіріліп, мемлекет қарауына алынған. Жер асты мешіттерін салу рәсімі кеңінен қазіргі Орта Азия мен Қазақстан территорияларын мекендеген халықтар арасында ислам дінімен бірге  кең таралған құбылыс. Ясы шаһарында жер асты мешіттері Ахмет Ясауидің заманында нағыз кемелденген шағына жетті. «Ислам, Энциклопедия словарь» кітабында «Қылует жер асты» ұғымы ХІ ғасырдан бастап түркі халықтары арасында пайда болып, ХІV ғасырға дейін Таяу шығыс пен бүкіл мұсылман әлеміне тарағаны туралы айтылған. Жер асты мешітінің көне шаһар Ясыда бой көтеруі Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты екендігі даусыз.

Құмшық ата мешіті Қазақ ССР тарих, археология, және этнография иниституты және Қазақ ССР Мәдениет министрлігімен бірлескен археологиялық экспедиция зертттеу жүргізген бұл ғұрыптық құрылыстың басында тік төртбұрышты ойық орналасқан. Ойық кылуетке кіретін есік қызметін атқарып, иректелген тар дәлізбен жалғасады.  Дәліз шеңбер пішінді бөлмеге алып барады және ол қылуеттің негізгі бөлмесі болып табылады. Осы негізгі шеңбер пішінді бөлме төрт бұрышты соңғы бөлмемен аяқталады. Шеңбер пішінді бөлменің төбесі күмбезделіп, ал төрт бұрышты бөлме шатыр тәрізді жабылған. Бөлмелердің қабырғаларында майшамдар үшін кішкентай қуыстар жасалған. Дәлізі иілген түрде негізгі бөлмелер сияқты, күйдірілген кірпіштен қаланған. Дәліздің орта тұсында жарық түсірілуге арналған құдық пішінді ойық орналасқан.

Ел аузындағы аңызға сүйенсек — Қожа Ахмет Ясауи Қылуеттен жер асты жолы арқылы «Әулие Құмшық ата» мешітіне барып мінәжәт етіп отырғандығы айтылады. ХІІ ғ. Құмшық ата да «Ғарда» өмір сүріп, шәкірттері «Шілдехана» бөлмесінде жиылып құлшылық ғибадаттарын жүргізген деуге толық негіз бар.

Құмшық ата мешітін 1973-1974 жж. археолог Т.Н.Сенигова алғаш болып қазба жұмысын жүргізіп зерттеді. Нысанға 1985 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2013 жылы мешіт қайта қалпына келтіріліп, ішкі жағы консервацияланып үсті топырақ үйіндісімен жабылды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер