Былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы 10 жобаның арасында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да бар. Ол халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды.
Атап айтқанда, Ұлттық жобаны іске асыру халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды өңдеу және оларды пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігі инфрақұрылымын құру, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігін беретін болады.
Ұлттық жобаның «Табиғат» бағыты аясында Президент ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 миллиард ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөнінде тапсырма берген.
Түркістан қаласында мемлекет басшысының жоғарыда аталған тапсырмалары жоспар бойынша атқарылып келеді. Бүгінге дейін Түркістан қаласында 60 мың ағаш егіліп үлгерген. «Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 130 мыңға жеткізу жоспарланған», -- дейді сала мамандары. Сонымен қатар, сала мамандары Майкотов көшесін абаттандыру жұмысы бүгінде нәтижесін бергенін айтады. Бір кездері жазық жатқан далаға жан бітіп, жасыл желек көз қуантуда екен.
Айта кетейік, қалада "ОТБАСЫҢМЕН ОН ТАЛ ЕК" эко-акциясы биыл да өз жалғасын табуда. Былтыр акцияда егілген жасыл желектің 80 пайызы тамыр жайып, өнгенін де мақтанышпен жеткізе кетейік.
Жақында "ОТБАСЫҢМЕН ОН ТАЛ ЕК " эко-акция аясында "Отырар" шағын ауданында шынар ағашы отырғызылды. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков акцияның өту барысын аралап көрді. Белсенділік танытқан отбасыларға алғысын білдіріп, балалармен бірге ағаш отырғызды.
Бұл акция акция ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоршаған ортаны қорғауда ұжымдық жауапкершілік қалыптастыру, тұрғындарды ағаш егуге жұмылдыру арқылы табиғатты қорғауға ынталандыру, жас ұрпақ арасында салауатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдау мақсатында ұйымдастырылды. Облыс орталығында акция аясында алты секторда ағаштар отырғызылды. Шараға түркістандық тұрғындар белсенділікпен атсалысты. Эко-акция аясында «Яссы», «Отырар», 1,2 мөлтек аудандарында, «Денсаулық» саябағында, Кентау тас жолында және балабақша, мектеп аулаларында 57732 түп қарағаш, үйеңкі, тұя, өрік, қарағай көшеттері отырғызылды.
Жалпы биыл қала аумағында климатқа төзімді 130 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланса, оның мыңнан астамы жеміс ағашы болмақ. Бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістандағы көгал аумағы 2,5 миллион шаршы метрге жетті. 70 мың шаршы метрде түрлі гүлдер егілген. Ағаш 700 мың түпке жетті. Күздік маусымда Отырар шағын ауданына - 29 мың, аэропорт жолы бойына - 13 мың, әкімшілік-іскерлік орталық аумағында және жаңа қалада 32 мың көшет егіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Б.Саттарханов даңғылы, Денсаулық саябағы, Шекті Тілеу, Баялиев, Майкотов және айналма жол бойын көгалдандыру қолға алынбақ. Белсенді қалалықтар тарапынан да ағаштар егіліп, бапталатынын атап өткеніміз жөн. Мәселен, І мөлтек аудандағы кей аулалардың жасыл желегін жергілікті азаматтар өз жауапкершілігіне алып отыр.