Биыл "Отырар" секторындағы Яссы көшесінің бойында желілік саябақ құрылысы бастау алған болатын. Сонымен қатар, «Сырдария», «Арман» тұрғын үй кешенін абаттандыру, Әкімшілік-іскерлік орталығы 7 және 30 көше бойындағы саябақ құрылысы, «Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес биыл Түркістан қаласының 12,2 гектар аумағына 15 мыңнан аса ағаш егіліп, 9000 шаршы метр аумаққа көгал төселді. 200 мың түп гүл отырғызылды. 380 гектар аумақта күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында 400 гектар жерге орналасқан 248 саябақтар мен гүлзар, желілік бақ пен жасыл желекті демалыс аймақтары бар.
Бір гектар орман жылына 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 келі көмірқышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмірқышқыл газының көлемімен тең. Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсаулығының тірегі. Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жетті. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп-дамуына қол жеткізілді.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында көрсетілген мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Түркістан қаласының экологиялық жағдайы тұрақталып, анағұрлым жақсарып келеді. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беріп отыр.
Бұдан бөлек, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 миллион данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елді мекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, 380 гектар аумақта ағаштарды дәрілеу және тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары жүргізілді. Жоспарда тұрған және қала тұрғындары мен мекемелер тарапынан түскен өтініштер бойынша 11 245 дана ағашты санитарлық және авариялық кесу жұмыстары жүргізілді. 45 саябақ, сквер, алляларда кіші сәулет мүсіндері мен саябақ құрылыстарында (орындық, жарықшамдар, мүсіндер т.б), аяқжолдар мен балалар ойын алаңдарын бояу, жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді.